
Түрмеде отырғандар мен одан босап шыққандарды жұмысқа орналастыру арқылы елдің ішкі жалпы өнімін 0,5 пайызға арттыруға болады екен. Бұл – мамандардың пікірі. Ендеше, бұл мәселе шешімін тапса, экономикамыз үшін шығын емес, керісінше , тиімді болмақ.
Осы орайда талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан, алайда, түбегейлі шешімін таппаған мәселеге қатысты оң қадам жасалғандай. Үстіміздегі жылы 4 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы қаулысы шықты. Онда қылмыстық-атқару жүйесі ұйымдарының балансындағы нысандар туралы да жазылған.
– Елімізде бас бостандығынан айрылғандарды жұмыспен қамту жайлы жиі айтылып жүр. Бұл – мемлекеттік мәселе. Қазір осы мәселені шешу үшін алғашқы қадамдар жасалуда, – дейді облыстағы түзеу мекемелерін қадағалау жөніндегі арнайы прокурор Андрей Бессонов.
Бүгінде өңіріміздегі түзеу мекемелерінде 2 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатса, оның 440-ы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл бүгінгі жағдайда ауыз толтырып айтарлықтай сан болғанымен, жіліктесек, олардың 140-ы шаруашылық қызметке тартылғандар екен. Қалған 300 жазасын өтеушінің жартысы түзеу мекемелерін материалдық ресурстармен қамтамасыз ететін “Еңбек-Қызылжар” РМК-да жұмыс істейді.
– Түзеу мекемелерінде отырғандарды жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлерді тартуға тырыстық. Осының арқасында қазіргі таңда нақты жұмыспен қамтылғандардың саны 80-ге жетті. Бұлар қажетті бұйымдар өндіріп, өзіне де, өзгеге де пайда әкеліп отырғандар. Ал бұрын бұл көрсеткіш 30-дан аспайтын, – деді Андрей Бессонов.
Облысымызда түзеу мекемелерінде жұмыс орындарын ашқан кәсіпкерлердің саны саусақпен санарлық. Солардың бірі – тұрмыстық химияны сатумен айналысатын Евгений Щеголев.
– ЕС-164/6 мекемесінде, яғни әйелдер түрмесінде өз кәсібімді 2012 жылы аштым. Ондағы цехта әйелдер жөке тоқумен айналысады. Неліктен жөке дейсіз ғой? Менің тұрмыстық химия сататын екі сауда нүктем бар. Ресейден үнемі моншаға қажетті бұйымдарды әкелеміз. Десек те, біз үнемі жөкеге зәру болатынбыз. Тасымалдаушылар тауарды уақытында жеткізбейтін. Сол себепті мен жөке өндірсем, тұтынушысыз қалмайтынымды түсіндім. Облыс орталығындағы әйелдер колониясында цех ашып, алдымен өнімдерді өзімнің сауда нүктелерімде саттым. Кейін өзгелер тарапынан сұраныс пайда болды, – дейді Евгений Щеголев.
Түзеу мекемесінде жұмыс орнын ашсам деген кәсіпкердің ойын аталмыш мекемелердің басшылары қуана құп алған. Осының арқасында әйелдер колониясында тігін цехы ашылып, бүгінгі таңда жазасын өтеп жүрген 60 қыз-келіншек жұмыс істеп, еңбекақы алып, мемлекетке салық төлеп отыр.
– Осы цехты ашқанымда түзеу мекемесінің дәрігері келіп, маған алғысын айтты. Оның айтуынша, еңбекпен қамтылған әйелдердің арасында ауруға шалдығу төмендеген екен. Бұл – еңбек еткеннің арқасы, – дейді Евгений Сергеевич.
Алайда, өңірімізде Евгений Щеголев сияқтылар көп емес. Көбінесе кәсіпкерлер сотталғандармен жұмыс істеуге қорқады. Екіншіден, түзеу мекемелерінің тәртібі көңілдерінен шықпайтын көрінеді. Үшіншіден, осы күнге дейін кәсіпкерлер үшін түзеу мекемесіндегі нысанды жалға алу құны тиімсіз болған. Тапқандарының жартысы нысанды жалға алу құнын өтеуге кетеді екен. Енді Үкіметтің жоғарыда аталған қаулысымен қылмыстық-атқару жүйесі ұйымдарының балансындағы нысандар жалға тегін берілетін болса да, кәсіпкерлер әлі де ыңғай танытпай отыр.
Бүгінде әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқандардың 237-сі еңбекке жарамды. Олардың да 83-і ғана ақылы жұмысқа тартылған.
– Әйелдер колониясы ашылған кезде тек “Еңбек – Қызылжар” РМК-нің тігін шеберханасы жұмыс істеп, онда 13 адам еңбек етті. Жеке кәсіпкер Евгений Щеголев цех ашқаннан кейін еңбекақы төленетін жұмыс орнымен тағы да 60 адам қамтылды, – дейді “ЕС- 164/6” мекемесі басшысының жалпы мәселелер және сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Жомарт Мәкенов.
Оның айтуынша, еңбекпен қамтылғандар арасында тәртіп бұзушылар азайған. Сондай-ақ, оларға мойындарындағы қарыздарын өтеуге мүмкіндік жасалып отыр. Жөке тоқып, еңбекақы алып жүргендердің қатарында Ольга Артеменко мен Ырыскүл Есдәулетова да бар. Бірі – бес жарым, екіншісі 13 жылға бас бостандығынан айырылған Қостанай облысының тумалары бүгінгі таңда еңбекақы тауып, мойындарындағы қарыздарын өтеуде. Ал мемлекет не зардап шеккен адам алдындағы қарызды өтеу бостандыққа шығар күнді жақындатады. Сол себепті түзеу мекемелерінде әр күнін сағат санаумен өткізіп жүргендер үшін жұмыс ауадай қажет-ақ. Қарызын өтеуге, бөтен ойларға берілмеуге, бостандықта керек қаржыны жинауға… Осыны кәсіпкерлерге түсіндіргісі келетін түзеу мекемелерінің басшылары “Ашық есік күндерін” өткізіп, сүрінген адамдарға тағы бір мүмкіндік беру керек екендігін жалықпай айтуға көшкен. Одан нәтиже шығуға тиіс.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.