
Облысымыздағы мешіттердің қатары тағы бір мінажат үйімен толықты. Былтыр Айыртау ауданының Қарасай батыр ауылында қазығы қағылған мешіттің құрылысы аяқталып, имандылық ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Маямеров қатысты.
Қарасай батыр ауылының тұрғындарын және меймандарды қуанышты күнге орай құттықтаған облыс әкімі Ерік Хамзаұлы: “Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жаңа мешіттің бой көтеруі – айтулы оқиға. Айыртау топырағында қазақ халқының жарық жұлдыздарының бірі – Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өтті. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай ақындар секілді біртуар перзенттер дүниеге келді. Өскелең ұрпақ ата-бабаларымыздың өшпес мұрасына құрметпен қарап, сақтауы керек. Рухани-мәдени құндылықтарымыздың еліміздегі татулықты нығайтуға ықпалы зор”,– деді.
Ал Ержан Малғажыұлы өз сөзінде мұсылмандар үшін жаңа мешіттің бой көтеруі қуанышты жағдай екенін айтып: “Бүгін Елбасының салиқалы саясатының арқасында елімізде Алла үйлері тұрғындар игілігіне беріліп, рухани дәстүрімізді дамытуға мүмкіндік алып отырмыз. Азаны бар ауыл азбайды, дінге жанашыр азаматтардың қолдауымен бүгінгі күні еліміздегі мешіттердің саны екі мыңнан асты”, – деді.
Алла үйін тұрғызуға демеушілік жасағандардың бірі – “ҚазЭкспорт Астық” АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Молдабеков те ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, ізгі лебізін жеткізді.
Облыс әкімінің атынан жаңа мешітке жеңіл автокөліктің кілті табыс етілді. Бір мезгілде 100 адам мінажат ете алатын имандылық ордасының кітапханасына облыстық “Қызылжар” орталық мешіті Құран кітаптарын сыйға тартты.
(Өз тілшіміз).