«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басын қосып, жиын өткізді. Онда көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру және өңірдің агроқұрылымдарын ірілендіру мәселелері сөз болды.

“ҚазАгро” ұлттық холдингі агроқұрылымдар үшін қаржыландырудың тиімді тетігін ұсынып отыр. “ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Бауыржан Қасенов ауыл шаруашылығы құрылымдары кооперативтер құру арқылы мемлекеттік қордан бөлінетін қаржыға оңай қол жеткізе алатынын айтты. Аталмыш компания биыл екінші деңгейдегі банктер арқылы көктемгі егіс жұмыстарына 60 миллиард теңге несие қаржысын бөлуді жоспарлап отыр. Қаржылай қолдаудың сыйақы мөлшерлемесі былтырғы деңгейде, яғни 7,5-8 пайыздан аспайды. Бұдан басқа олар ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге техника сатып алуға көмектеседі. Демек, кооперативке мүше болу арқылы шаруаның қолы ұзарады. Несие алушылардан банк кепілдікке мүлік талап етпейді. Акционерлік қоғамның стратегиялық даму және талдау департаментінің директоры Алпамыс Омаров аграршыларға бұл тетіктің қалай жүзеге асырылатынын жан-жақты түсіндірді.

Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл жаңалық емес. Осыдан бір жыл бұрын “ҚазАгро” АҚ-ның қанатқақты жобасына солтүстікқазақстандық 53 шаруа үн қосып, “СҚО бойынша аймақтық астық холдингі” ЖШС-ін құрған болатын. Оның төрағасы Марат Ысқақов мұндай қадамның қолайлы екенін жеткізді. Мәселен, былтыр олар бірігу нәтижесінде жанармайды, техниканың қосалқы бөлшектерін көтерме саудамен арзан бағаға алған. Сондай-ақ, “Азық-түлік корпорациясы” арқылы өз өнімдерін сатуда да қиындық көрмеген. Облыс фермерлерінің бұл тәжірибесі республиканың басқа өңірлерінде де қызығушылық туғызуда. Сөйтіп, осындай кооперативтер Ақмола мен Қостанай облыстарында да пайда болды.  

Жиынды қорытындылаған Айдарбек Сапаров “ҚазАгро” ұлттық холдингі ұсынып отырған жобаның тиімді екенін айтып, аудан әкімдеріне осындай бірлестіктер құру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp