Оқушының жақсы немесе жаман болып қалыптасуына қоршаған ортаның әсері зор. “Қиын баланың” қалыптасуына оның тұратын жерінің де әсері болуы мүмкін. Оқушы үшін мектептің орны бөлек. Ғалымдар құқық бұзушы жасөспірімдердің саны кейбір мектептерде тұрақты түрде көп болатынын және оның жаман тәртібімен көзге түсуі негізгі екі факторға байланысты екендігін анықтаған. Оның бірі мектептегі мұғалімдердің ауысуы болса, екіншісі сыныптағы оқушылар құрамының айтарлықтай жиі өзгеруінде екен.
Мектептің беткеұстар оқушыларының бір-бірімен және мұғалімдермен қарым-қатынастары жақсы, олар мектепке берілген, оқуға қызығушылықтары мол болады. Нашар оқитындарда мектепке қарсы көзқарас қалыптасады, олардың арасында құқық бұзушылар да көп болып, мектептің ережелеріне қарсылық көрсететін құбылыстар жиі орын алады. Мектептің осындай жағдайдан шығу жолы қандай? Ш. Амонашвили және басқа да педагогтердің тәжірибелері көрсеткендей, барлық оқушылар мектептің оқу үдерісінен және одан тыс әрекеттерінен қанағаттанғандық пен жағымды эмоция алуының маңызы зор. Сондықтан оқушыларды білімдері үшін ғана мақтап қоймай, олардың кез келген жетістіктерін (суреттен, ән-күйден, спорттан, басқа да шығармашылықтарынан) де қолдап, қолпаштап отыру керек.
Сабақ үлгерімі нашар оқушыларды мектепте өтетін барлық шараларға қатыстырып, білім ошағына деген сүйіспеншіліктерін тәрбиелеген дұрыс. Баланы “үлгерімі жаман оқушы” деп шетқақпай қылмау керек. Өйткені, оқуға қабілеті төмен балалар өздеріне назар аударту үшін де тәртіпсіздік жасауға, дау-дамайдың арасынан табылуға жақын тұрады. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатқан тиімді. Оқушыларды “жақсы” немесе “жаман” деп бөлмей, олардың барлығының табысты болуына қол жеткізу жолдарын қарастырған абзал. Біздің Петропавл қаласындағы №26 балабақша-мектеп кешенінің ұжымы осы бағытта жұмыс істейді. Біздің мектепте барлық балалар өздерін жайлы сезінеді. Сондай жұмыстардың бір бағыты бастауыш сыныптардағы эксперименттік білім беру болып табылады.
Мектепте өтетін шараларға оқушылармен бірге ата-аналардың да қатысуы маңызды. Ойын түрінде өтетін шараларға отбасы болып бірлесе қатыса отырып, олардың арасында бір-біріне деген жанашырлық, ынтымақшылдық, ұйымшылдық сезім туады. Мақсатты түрде ұйымдастырылған шаралар оң нәтиже берері сөзсіз. Бір-біріне достық пиғыл қалыптасқан ортада бала табысты болары анық. Ал ондай жерде “қиын балаға” да орын болмайды.
Дариға ӘБІШЕВА,
№26 мектеп-балабақша директорының орынбасары, педагог-психолог.
Петропавл қаласы.