«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЯЛДАН ТУҒАН ҚУЫРШАҚТАР

Қолмен жасалған қуыршақтарға жұртшылы­қтың қызығушылығы ерен. Қолөнер туындылары ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Осындай қайталанбас қуыршақ жасаушылар біздің өңірде де бар. Бүгін газет оқырмандарын солардың бірі өзінің әуес ісін кіріс көзіне айналдырып, қиялынан шыққан қуыршақтарды саудаға шығарып жүрген зейнеткер Әлия Белденовамен таныстырғалы отырмыз.

Қуыршақ тігуді Әлия Белденова ғаламтордан көріп, содан қызығушылығы артып, осы іспен айналысуға бел буған. Өйткені, ол жас кезінен ине-жіпке жақын, ұнатқан киімдерді өзі тіге береді. Қолөнердің қыр-сырын жетік меңгергендіктен, қуыршақ тігу оған еш қиындық туғызбаған. Шебердің бұл іспен айналысып жүргеніне екі жыл болды. Қолөнершінің алғашқы жасаған туындысы – “Попик” қуыршағы. Ол оны ырымдап, “сәттілік әкелетін қуыршақ” деп жасап, сатушыларына сыйға тартыпты. Қазіргі таңда шебердің қолынан шыққан қуыршақтардың қатары қалыңдай түскен. Көздің жауын алатындай әдемі, кескін-келбеттері мен үстіндегі киімдерін үйлесімді етіп, өте шебер жасаған. Оның туындыларынан ұлттық нақышта жасалған кейіпкерлерді көп кездестіруге болады. Қуыршақтар негізінен синтепоннан жасалып, сыртынан капронмен қапталады. Қасы-көзі аккрильді бояумен салынады. Ал оларға киім тігетін маталарды Қытайдан тапсырыспен алдырады.

– Қуыршақтарды жасау үшін адам­ның көңіл-күйі жақсы, жан дүниесі алаңсыз болуы тиіс. Ал егер күйгелектеніп, мазаңыз кетсе, одан ештеңе өнбейді. Сон­дықтан мұндай ойыншықтарды жасау үшін жан тыныштығы қажет. Бір қуыршақ жасау үшін екі күн уақыт кетеді. Мен туындыларды өз ойымнан шығарамын. Бірінші бет-әлпетін келтіріп аламын, содан кейін бұл келбетке осы дене пішіні сәйкес болады-ау деп қол-аяғы мен киімдерін үйлестіремін, – дейді Әлия Қабиқызы.

Шебердің авторлық қуыршақтарын жергілікті тұрғындар құлшына сатып алма­ғанымен, шетелдіктер арнайы тапсырыспен алғызып отыр. Интернет-дүкендер арқылы Әлия Белденованың қиялы­нан туған қуыршақ­та­рды Польша, Германия мен Финляндиядан тапсырыспен алғандар көптеп кездеседі. Оларды қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық аспаптары, безендірілуі қызықтырады. Әрбір қуыршақтың киімі қолмен кестеленіп, оларға әшекей бұйымдар тігілген.

Қуыршақ баланың ойыншығы ғана емес, мұндай әдемі, қолдан жасалған ойыншықтардан коллекция жасап жүрген ересек адамдар да бар. Оған дәлел – Германияның бір тұрғыны. Ол әр елдің жол полиция қызметкерлерінің үлгісінде тігілген ойыншықтарды жинастырады екен. Содан интернет арқылы Әлия Қабиқызына тапсырыс беріп, қазақстандық жол сақшысын жасатып алып, коллекциясын толықтырған.

Шебердің қолынан шыққан өнімдері нарықтағы қытай ойыншықтарынан сапалы, бағасы да қолжетімді. Мысалға, қуыршақтары көлемі мен безендірілуіне қарай 2 мың теңгеден басталады. Ойыншықтар табиғи таза өнімнен жасалған. Он саусағынан өнер тамған шебердің туындыларының ішінен домбыра тартып отырған жігіт пен қасында мысығы бар жүн иіріп отырған әйелдің бейнесі маған қатты ұнады. Бір қарағанда тірі сияқты. Ойыншықтар – жай ғана қуыршақ емес, ол кез келген үйдің сәнін кіргізер, ерекше әр берер қымбат бұйым.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp