Коронавирус пандемиясы адамзатқа ғана емес, қоршаған ортаға да теріс әсер етуде.
Карантин кезінде ауа тазарып, табиғат жаңара түсті деп қуанғанымызбен, мамандар бұл індеттің қоршаған ортаға тигізер зияны орасан екенін айтуда. Әлемдегі жағдайға шолу жасасақ, қазір адамдар күніне бір бірнеше маска, резеңке қолғаптар, пластик құтыларға құйылған антисептиктер және басқа да қайта өңделмейтін заттарды қолдануда. Пайдаланылып, жарамсыз болғаннан кейін кейбір тұрғындар оларды қоқысқа емес, кез келген жерге тастап кетеді. Резеңке, пластик заттардың жүздеген жылдар бойы ыдырамайтынын ескерсек, олардың топыраққа тигізер зияны орасан. Сондай-ақ, ғалымдардың айтуынша, пандемия салдарынан қоқыс жәшіктерінде үйге жеткізілген азық-түліктер мен ыстық тағамдардың қаптамалары артқан. Мәселен, 8 ай карантинде Сингапурде 5,7 млн. адам қоқысқа 1470 тонна пластик төккен. Сондықтан экологтар бұл мәселеге үстіртін қарамай, пластик заттарды арнайы жәшіктерге салуға шақырады.
Мұхтар ХАҚНАЗАР.