«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ

Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық көп жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшының барлық құқықтары және міндеттерінің сақталуына байланысты. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының міндеті азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын, олардың еңбек және әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын бақылау болып табылады. Қазақстан Республикасының әр азаматына еңбек бостандығы берілген, ол қауіпсіз және тазалық сақталған орында белгіленген еңбек шарты бойынша жұмыс істеуге құқылы. Еңбек кодексі шеңберінде жұмыс істейтін инспекция – жұмыс беруші мен оның қол астындағы еңбек етушілердің арасындағы қатынас жігін тарқатып отыратын мекеме.

Облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары 2016 жылдың басынан бері мекемелер мен кәсіпорындарда 475 тексеру шарасын жүргізді. Тексеру жұмыстары барысында 1353 заң бұзушылық анықталды. Жұмыс берушілердің тарапынан жіберілген кемшіліктер арасында еңбек туралы – 816, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 516, халықты жұмыспен қамту бойынша 21 заңсыздық әшкереленді. Осы анықталған бұзушылықтардың негізінде 384 нұсқама берілді. Еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген 272 лауазымды және заңды тұлғаға 44,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген тексерулерде анықталғанындай, облыстағы 42 кәсіпорын мен мекеме 280,5 миллион теңгенің жалақысын кешіктірген. Бүгінде бұл мәселе толықтай шешілді. Аталмыш заңсыздық бойынша 42 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, олар еңбеккерлердің жалақысын қайтарумен қатар 8,2 миллион теңгенің айыппұлын төлейтін болды. Кейбір жұмыс берушілер Еңбек кодексінің 108-110-баптарының талаптарын орындауға, яғни үстеме, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа, сондай-ақ, түнгі уақыттағы жұмысқа тиісінше ақы төлеуге немқұрайды қарайды. Бұл олқылықтар да заңның шеңберінде тексеріліп, сарапталып, тиісті шешім қабылданды.

Еңбек қатынастары саласындағы заң бұзушылықтар жұмыс берушілер мен лауазымды қызметкерлердің еңбек заңнамасын білмеуі, оны оқып-үйренуге талпынбауы, жұмыс берушілердің осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуі салдарынан орын алуда. Кейбір жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын қасақана бұзатынын да айтпауға болмайды.

Жұмысшыдан кәсіптік жарамдылыққа байланысты міндетті медициналық тексеруден өтуді талап ету, жеке қорғану құралдары және арнайы киіммен қамтамасыз ету мәселелерін ұмыт қалдыратын жұмыс орындары аз емес. Еңбек ережесі мен талаптарын сақтамаудан қайғылы оқиғалар орын алып жатқандығын көріп жүрміз.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген алдын алу шараларына қарамастан, облыс кәсіпорындарында 52 жазатайым оқиға болды. Олардың салдарынан 58 адам зардап шегіп, оның жетеуі мерт болды. 13 адам ауыр дене жарақатын, 11-і орташа дене жарақатын, 27 адам жеңіл жарақат алды.

Біздің инспекторлар облыстың мекемелері мен кәсіпорындарында Қазақстан Республикасының “Халықты жұмыспен қамту туралы” Заңының және жұмыспен қамту туралы өзге де заңнамалық актілердің сақталуына бақылау жүргізді. Кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары көбіне “Халықты жұмыспен қамту туралы” Заңның 9-бабы 2-тармағының 2-тармақшасын, яғни жұмыс берушіні өкілетті органға бос тұрған жұмыс орындары туралы үш күн ішінде мәлімет жіберуді міндеттейтін тармақты сақтамайды.

2016 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша кәсіпорындар мен мекемелерде 3762 ұжымдық шарт жасалды. Бұл барлық жұмыс істеп тұрған мекемелердің 94,8 пайызын құрайды. Ол ұжымдық шарттардың сапасы еңбек инспекторларының тұрақты бақылауында.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жаңа Еңбек кодексінің мазмұнын терең түсіндіру мақсатында кешенді жоспар жасады. Басқарма белгіленген кесте бойынша жұмыс берушілерді, еңбеккерлерді, кәсіподақтар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерін қатыстыра отырып, облыс орталығы мен аудандарда семинар-кеңестер өткізуде. Сондай-ақ, тексерулер барысында нысан әкімшілігі және еңбек ұжымымен жаңа заңнама бойынша әңгімелер өткізеді. Бұл шаралар осы жылдың соңына дейін жалғасын табады.

Мейрамбек АХМЕТОВ,

облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ақпараттық-сараптамамен

қамтамасыз ету секторының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp