Көптілді білу – заман талабы. Бірнеше тілді білген адамның білім көкжиегі кеңейе түсетіні анық. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының өкілдері “Көптiлдiлікке қызығушылықты қалыптастыруға байланысты сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру” деген тақырыпта семинар өткізді.
Бұл шараның мақсаты – оқытушылардың бiлiктiлiгiн көтеру, студенттер мен оқушылар арасындағы көптiлдi бiлiм берудегi жаңа әдiс-тәсiлдердi үйретіп, өз ойы мен пікірін айта білетін полимәдениетті ортаны құру.
– Үш жыл қатарынан осындай ғылыми-әдістемелік семинарды өткізіп келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында “Қазақ тiлi – бiздiң рухани негiзiмiз” деген болатын. Осы айтылған сөздерді негізге ала отырып, көптілділік, мемлекеттік тіл тақырыптарына тоқталамыз, – деді “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная.
Облыс бойынша 2015 жылы мемлекеттік қызметкерлерге арналған ағылшын тілін оқытатын бір топ болса, биыл 20 топ ашылды. Ал жиынға қатысушы Петропавл қаласының №17 мектептің мұғалімдері жоба бойынша оқушылар үш тiлдi тереңдетiп оқып, түрлі шаралардың кең етек алып жатқандарымен бөлісті.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтанов өңірімізде мектептерде үштiлдi бiлiм берудi енгізу бойынша жұмыс жасалып жатқанын, мемлекет қызметкерлерінің ағылшын тіліне деген қызығушылығы жыл санап артып келе жатқанын жеткiздi.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.