«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРЫҚ ЕКІ ӘРІП

Қазақ тілінің Фонетика деген аймағында Әліпби деген ата мен Әліппе деген әже болыпты. Олардың 42 әріп деп аталатын балалары бар екен. Әліпби ата сол балаларына көпқабатты үй салып, әрқайсысын бір-бір пәтерге орналастырыпты. Мысалы: “А – ақылды, Ә – әдемі, Б – батыр”, – деп 1-інші, 2-інші, 3-інші пәтерлерді беріпті, ал одан кейінгілердің болашағына үміт артып: “В – велошабандоз, Г– генерал, Ғ – ғалым, Д – дәрігер, Е – елші”, – деп оларды да жоғары жаққа шығарыпты. Қалғандарын да осы әдіспен орналастырыпты. Осылайша 42 әріп-бала бір-бірімен көрші тұрып, тату-тәтті өмір сүріпті.

Әліппе әже оларды үнемі далаға шығарып, ойнатады екен. 42 әріп-бала ойындарында түрлі әдісті қолданады екен:

– Біз – дауыстымыз, ал сендер – дауыссызсыңдар, – деп екі топқа бөлініп ойнайды. Немесе дауыстылардың өзі: “Біз – жуан дауыстылармыз, ал сендер жіңішке дауыстыларсыңдар”, – деп екі қатарға тұрып, ән салуды ұнатады екен. Олардың дауысы сондай анық, тіпті, алыстан естіледі.

Дауыссыздар олардан қалсын ба? “Біз – ұяңбыз, сендер – қатаңсыңдар, олар – үнді”, – деп үш топқа бөлініпті.

Әліппе әже 42 әріп-баласын бір топқа жиып алып, дауыссыздардың қасына дауыстыларды қойып, буын құрап ойнатады. Кейін осындай буындардан сөз құрастырып үйретеді.

Бір күні дауыстылар:

– Біз дауыссыздармен ойнамаймыз, олардың дауысы жоқ. Біреулері “з-з-з” деп ызыңдайды немесе “с-с-с” деп ысылдайды, екіншілері “к-к-к” немесе “қ-қ-қ” деп қақалып-жөтеледі, ал үшіншілері “н-н-ң-ң” немесе “м-м-м” деп мыңқылдайды, – деп көңілдері бұзылады екен.

Әліпби ата мен Әліппе әже 42 әріп-балаларын бір-бірімен қалай татуластыру керек екенін білмей отырғанда, олардың қасына Сөздік деп аталатын ұстаз келеді. Сөздік ұстаз оларға:

– Барлық 42 әріп-балаларыңызды менің мектебіме беріңіздер. Мен оларды білімді қылып тәрбиелеп, тәртіпке үйретемін, – дейді.

Әліпби ата мен Әліппе әже келісіп, балаларын Сөздік ұстаздың мектебіне береді. Содан бері 42 әріп білімді болып, тәртіпті бұзбайды екен.

Бақшагүл НҰРАХАЕВА,

тіл маманы.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp