«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛАШЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН ҚАРАҒАНДЫ

Ұмытылмас жүздесу

 

Егемендіктердің еліміздің төрткүл бұрышын аралап, ел-жұртпен жүздесуі әлімсақтан қалыптасқан дәстүр! Бұл кездесулер өз бастауын 1973 жылдың көктемінен алады. Басылымның сол кездегі “Социалистік Қазақстанның” бас редакторы Ұзақ Бағаевтың бастаған, 16 облыстың меншікті тілшілері мен редакция қызметкерлерінің бөлекше сапары Арқа жерінде бірнеше күнге жалғасыпты.

…Қаламгер қауым Теміртау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Алексей Давыдовпен болған әңгіме-дүкеннен жалыға бастағанда, бүйірдегі есіктен дембелше бойлы, балуан денелі жігіт кіріп келді, деп еске алады көзкөргендер. Қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісті түр-тұлғасы, салмақты да орнықты мінезі, кісілік, кішілік қасиеті жиналғандардың назарын еріксіз аударып, көздеріне оттай басылыпты. Мойылдай қара шашты, қалың қас сұлу жігіт отырғандардың бәрімен қол алысып, алыстан төркіндері келгендей қуаныпты. Кісіге қарап күлгенде жүзінен шуақ шашып тұрыпты. Сөз тізгінін өзі қолға алыпты. Қонақасы беріп, кешті де өзі жүргізіпті. Отандық алып құрылысқа комсомолдық жолдамамен келген оның сонда жасы 33-те ғана болыпты.

Зауыттардың тыныс-тіршілігімен танысып, шахталарға түскен социалистікқазақстандықтар ерекше ләззатпен, шалқар шабытпен оралыпты. Әсіресе, бүгінгі Президентіміздің жан жылуы, білімдарлығы, жігерлілігі, қарапайымдылығы, сұңғылалығы керемет тәнті етіпті. Газет тарихында өзіндік орны бар осы бір ұмытылмас сапар басылым, басшылығына үлкен ой салса керек. Содан бері еліміздің өңірлерін аралау тағылымды әдетке айналыпты. 

Биыл “Егеменнің күндері” жаңа қырынан жарқырай көрініп, қияға қанат қаққан, құлашын кеңге созған Қарағанды жерінде ерекше ыстық-ықыласпен атап өтілді.

 

Жарқырайды Теміртаудың оттары

 

Бас басылымның 95 жылдық торқалы тойына арналған игі шараның шымылдығы Теміртау қаласында түрілді. Ол заңды да. Елбасы Н.Назарбаевтың кемеңгер тұлға, сұңғыла саясаткер ретінде қалыптасуының алтын ошағы, еңбек, саяси отаны бұл! Міне, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов бастаған шығармашылық топ алып комбинаттың атшаптырым цехтарын аралап келеміз. Бір кезде Елбасы еңбек еткен домнаның құрыш қайнату қазанына да келіп жеттік. Ұзын конвейерлерде дайындалған болат құймалар толассыз жөнелтіліп жатыр. Бір тоқтау жоқ. Ердің ері, мықтының мықтысы ғана шыдайтын еңбек алаңында жан-жағымызға көз сала тұрып көз алдымызға басына киіз қалпақ киіп, қолына темір көсеу ұстап, от-жалынмен хас батырларша алысып, ауыздықтаған Елбасының қажыса да, қайратты, шаршаса да, айбатты нұрлы жүзі елестегендей болды.

1960 жылы өндірістік аймақта бой көтерген Қарағанды металлургия зауытының республикамыздағы №1 домна пеші тұңғыш Қазақстан шойынын сел ғып ағызды. Дәл осы күн металлургия комбинатының туған күні ретінде аталып келеді. Бүгінгі Теміртау 180 мың адам тұратын ірі индустриялық орталық болып есептеледі. Тұрғындар Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы қалада еңбек жолын бастағанын мақтан тұтады.

Қарағанды металлургия комбинаты 1995 жылы “АрселорМиттал” әлемдік болат құю конгломератының бір бөлігіне айналған алып металлургиялық кәсіпорын болып табылады. Ал “АрселорМитталТеміртау” АҚ – шойын, болат, прокат, коксохимия өнімдерін шығаруға маманданған ірі өндіріс орны. Оның өнімдері дүниежүзінің 20-дан астам тұтынушыларына жөнелтіледі. Соңғы он жылдың ішінде полимермен қаптау, ыстықтай қалайылау және мырыштау жүйелері, үздіксіз болат құятын үш қондырғы, сұрыпты прокат өндірісі секілді цехтар іске қосылды. Сонымен бірге, екі домна пешіне қайта жаңғырту жүргізілді. Бүгінгі күні конвертер цехының газ жеткізуші трактын қайта жаңғырту бойынша экологиялық жоба іске асырылуда. Тарихи маңызы бар оқиғалардың бірі дайындамаларды үздіксіз құю машинасының пайдалануға берілуі дер едік. Болаттың құйылу жылдамдығының ұлғаюына әлемде теңдесі жоқ бұрылмалы стендтің ерекшелігі есебінен қол жеткен. Оның көтеру биіктігі 3 метр, ал болат құю ожауының сыйымдылығы 280 тонна. Жаңа жүйе кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 4 миллионнан 5 миллион тоннаға дейін арттырып, сұрыпты прокаттың түр-түрін көбейтті. Қазір комбинатта 21 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Теміртауда химия, энергетика және құрылыс өнеркәсібінің жақсы дамығанына көз жеткіздік. Олардың қатарына кальций карбидін және ферроқорытпаларды шығаратын “Теміртау электрометаллургиялық комбинаты” АҚ-ын, темір-бетон бұйымдары мен бетонқоспаларын өндіретін “NORD Пром NC” ЖШС-ін, нан және нан өнімдерін дайындайтын көпсалалы “Бидай НАН ЛТД и Cо” фирмасын, суды бөліп құю және лимонад сусынының өндірісімен айналысатын “ВАВИЛЬОН сауда торабы” серіктестігін жатқызуға болады.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ашылған Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығында небір құнды жәдігерлерді ұшыраттық. Үш деңгейдегі жалпы көлемі 4560 шаршы метр, шеңберінің негізі 48 метр, биіктігі 16 метр болатын орталықта мұражай, концерт, кино, лекция және конференц залдары, әлемдік электрондық кітапхана қорларына шығуға мүмкіндік беретін жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу залы бар.

Индустрияландыру басталған өткен ғасырдың 30-шы жылдары академик Қ. Сәтбаевтың ғылыми зерттеулері нәтижесінде Қазақстанның келешектегі алып металлургиялық орталығына айналатын үлкен зауыттың құрылысына Жауыр шоқысы лайықты деген шешім қабылданған. 1945 жылы 1 ақпанда Самарқанд кенті қала мәртебесіне ие болып,Теміртау деп аталады.

“Егеменнің күндері” бұдан кейін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде жалғасты. Студенттермен және профессор-оқытушылармен кездесуді облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Жұмабеков ашып, жүргізіп отырды. С. Абдрахманов Арқа жеріне ат шалдырған шығармашылық топтың жұмыс сапары жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Кеншілер астанасында орналасқан ҚарМТУ – Нұрсұлтан Әбішұлының жоғары білім алған алтын ұясы!

– “Елбасы және егемен Қазақстан” тақырыбы бәріміз үшін өте маңызды. Қашанда ханын – қасиет, қағанын – қадір тұтқан ұлы еліміз бір тудың астына бірігіп, болашаққа қарышты қадам басып келеді. Көпұлтты Қазақстан халқы Тұңғыш Президентін сайлау арқылы тарихи таңдау жасады. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы белгіленіп, әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосылу міндеті қойылып отыр, – деген бас басылым басшысы сауалдарға жауап бере отырып, “Мәңгілік Ел” идеясына ерекше тоқталды. “Бабамыз Көк Түріктің тасқа қашап жазған арманы    бұл” деген ой түйді ерекше әсерге бөленген оқырмандар.

 

Атыңнан айналайын Қарқаралы

 

Келесі күні “Егемен Қазақстан” газетінің шығармашылық ұжымын басылымның вице-президенті – бас редактор Жанболат Аупбаев бастап жүрді. Оған редакцияның қызметкерлері Әлисұлтан Құланбай, Самат Мұса, Жақсыбай Самрат, меншікті тілшілер Бақберген Амалбек (Көкшетау), Жолдасбек Шөпеғұл (Атырау), Айқын Несіпбай (Қарағанды) және осы жолдардың авторы қосылды. Беталысымыз – қазақ жерінің аңызға толы тарихында, елінің ерлікке толы шежіресінде ерекше орны бар жер шоқтығы Қарқаралы. “Атыңнан айналайын Қарқаралы” деп Мәди бабамыз жырлаған, Сәбең (С. Мұқанов) атақты “Сұлушаш” поэмасын жазған жер жаннатына сүйсінбеу, тамсанбау, таңырқамау мүмкін емес. Қарқаралының жері негізінен аласа таулы, шоқылы, адырлы, төбелі, белесті болып келетінін аңғардық. Оңтүстік-шығысында көгілдірлене мұнартқан Кент, Бұғылы, Шаңкөз таулары, шығысқа қарай тарамдала созылған Балқантау сілемдері, одан әрі Кіші және Үлкен Қарақуыс, Кешубай, Қоңыр-теміршілік таулар тізбегі ғажайып сұлу мекеннің шырайын аша түседі. Қарқара тауында туристік маңызы бар Шайтанкөл, Бассейн, Самал көлдері жайғасқан. Ел ішіндегі аңыздар бойынша жақпартасты келген көрікті Қарқаралы тауларының алыстан қарағандағы  пішіні қазақ әйелдерінің дәстүрлі баскиімі – қарқараға ұқсайтындықтан, қала осылай аталып кеткен. Оның іргесі 1824 жылы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланыпты. Қарағандыдан 220 шақырым, ал теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте орналасқан. Тау сілемдерінің етегін ала ағып жатқан шағын өзеннің табанында қоныстанған елді мекен үстінен Орта Азия мен Сібір аралығындағы ұлы керуен жолы өткен. Қаланың мәдени-экономикалық дамуына Қоянды жәрмеңкесінің зор ықпалы болған.

Қарқаралы тарихы Құнанбай қажы және Абай есімдерімен тығыз байланысты. Тобықтының биі осында 1849-1853 жылдары көктөбелі күмбезді ағаш мешіт салдырып, артына мәңгілік ескерткіш қалдырған. Биыл 190 жылдығын атап өткелі отырған қасиетті Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешітіне арнайы барып, тәу еттік. Хакім Абай келген сайын аялдайтын көпес Бекметевтің үйі мұражайға айналдырылыпты. Мәди бейітінің қабыртасы тастан қашалып, композитордың бейнесі бедерленіпті.

Жолбасшымыз, аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әли осы өңірде суырыпсалма ақын Кемпірбай, әнші, ақын Әсет, Нарманбет, талантты актер Қалибек Қуанышбаев, күміс көмей әнші Хабиба Елебекова, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров секілді тұлғалардың туғанын мақтаныш сезіммен әңгімеледі. Қарқаралы жері – шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, айтыста дес бермеген Шөже ақынның, Кенже бидің елі.

Өңір көне заман дәуірлерінен осы заманға күмбірлеп жеткен сәулетті ескерткіштерге, тарихи жәдігерлерге өте бай. Әлемге әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның ғылыми экспедициялық деректеріне қарағанда, бұл аймақта 40 буын ауысыпты. “Суықбұлақ”, “Қарқаралы-1”, “Қарқаралы-2” атты қазір зерттелген ерте замандағы қоныстар дәуірінен бері есептегенде 60-шы ұрпақ ғұмыр кешіп жатқан көрінеді. Өңірде  400-ден астам тарихи-сәулеттік ескерткіштер тіркелген. Қарқаралы тауында 200 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы кезінде еңсегей бойлы ер Есім, салқам Жәңгір салғызған ұзындығы 5 шақырым “қалмақ қорғаны” деп аталатын қорған іздері сақталған.  400 жыл бұрын тұрғызылған бекіністі салуға шамамен 100 мыңдай тас плита жұмсалғаны таңырқатпай қоймайды. Ғашықтар мекені – әйгілі Қызыл Кеніш сарайы көне тарихи-сәулеттің және мәдениеттің құнды ескерткіші болып саналады. Қасиетті өңір қазақтың кемеңгер ойшылы, мемлекет істеріне тікелей атсалысқан, қабырғалы би Қаздауысты Қазыбекті берген. 17-де мыңбасы атанып, қаһармандықпен аты шыққан Шор Мадақ пен Сеңкібай батырлардың атақдаңқтары сол дәуірде барша қазақ даласына тараған. Ағыбай батыр атақты Кенесары, Саржан бастаған азаттық жолындағы қозғалысқа белсене қатысқан.

Қарап отырсақ, қазақтың қасиетті өлкесі – Қарқаралы туралы айтылар әңгіме, шертілер сыр көп. Тауыса алмайсың.

“Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды”, деп, ащы шындықты тіліп айтқан, басына қанша ауыр күн түссе де, ашық күнгі найзағайдай жарқылдап өткен Қасым (Аманжолов) атындағы ауылдағы кездесу мәнділігімен есте қалды. Қазақстандағы бесінші алтын адам осы өңірден табылыпты. Қасым ескерткіші жанында мәртебелі қонақтарды мектеп шәкірттері мен мұғалімдер қарсы алып, жырдан шашу шашты.

 

 Ақтоғайдың бал татыған қымызын-ай!

 

Желіге құлын байлаған ауыл төңірегі – көкмайса. Көз тұнады. Бұл – Аппаз ауылдық округіне қарасты елді мекен. Мұндағылардың негізгі күнкөрісі – мал. Өріс те, қотан да төрт түлікке толы. Ұялы телефон желісі қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Аудан орталығына қатынайтын тас жол тақтайдай дерсің. Алыс жолдан аңқамыз кеуіп келген біз “шіркін, бір жұтым салқын су болса” деген алаң көңілмен аптығып жеткен едік. Үй иелері осы ойымызды сезіп қойғандай тізе бүгіп, дамылдағанша кәрлен кесемен жағалата қымыз ұсынды. Бал дерсің! Ішкен сайын көкірек сарайымыз ашылып, шаршағанымыз лезде ұмытылды. Бұл ауылда әр үй бие байлап, қымыз ашытады екен.

Шөлімізді әбден қандырып алғаннан кейін Арқаның ең биік шоқысы (1565 метр) Ақсораң бөктерін бетке алып, Қызыларайға өзек-өзекті қуалап, түн ортасында жеттік. Талай талантты тудырған өңір екен! Дуалы сөздерімен елі бірігіп, дұшпаны ыққан Қараменде би, Жидебай батыр, Жанқұтты би, Шабанбай би, Сеңкібай баба, Сана би сияқты алты алашты ауызға қаратқан Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың аруағы қонған, халқына қорған болып қол бастаған Жалаңтөс батырды жаратқан жер! Өңір жұртшылығы қазақтың тұңғыш “Алаш” партиясының көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейхановпен, Алаш үкіметінің бірінші вице-премьері Ә. Ермековпен, қазақтың тұңғыш заңгер магистрі Ж.Ақпаевпен мақтанады. Еңсесі тіктелген елді мекеннің қатары селдіремеген, қалың. “Ақсораң жұлдыздары” ән-жыр фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырған ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы да ерен. “Әттеген-айы”, ұялы телефон байланысы мен Қарқаралы ауданымен қатынасатын тас жолдың жоқтығы алаңдатады. “Ұлдары ұлықты, қыздары қылықты” жердің Қызыл-арай атануы да тегін емес-ау” деген ойға қалдық. Егемендіктермен жүздесуде жергілікті жезтаңдай әншілер кеңінен таралған “Шайтанкөл”, “Ақтоғайым” әндерін әулете шырқап берді.

Ақтоғай – ықылым заманнан бері қалың қазаққа құт, берекелі мекен болған, су айрығының биігі Қайдауыл-Шеруке тауларынан бастау алып, солтүстік пен оңтүстікте арна салып, тіршіліктің күретамырына айналған, Тоқырауын мен Нұраның бұлақ көзінен шыққан тұщы суларымен Балқаш пен Қорғалжын көлдерін жалғап жатқан, Ақсораңдай заңғары, жердің бетін бұлтқа тіреп, көкке көтерген Қызыларайы баурайындағы балқарағайымен көрік берген, тоған суымен ғана өсетін тұқымы зәру баданадай ақ бидайы дастарқанның бағын ашқан, мейірімді жер ананың қазыналы жерұйығының бірі дерсің! Біз адамзаттың дамуы тарихының бірегей ошағы саналатын Беғазы-Дәндібай мәдениетімен, өркениетімен танысқанша асықтық. Оның ашылу тарихын аудандық мұражайдың директоры, жергілікті өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан жіпке тізгендей етіп айтып берді. “Беғазы” атауы сол жердегі Беғазы тауы мен осы аттас өзенге байланысты қойылған. Дәндібай – жер атауы. Осы екі атау біріктіріліп, ежелгі өркениет қонысы “Беғазы-Дәндібай мәдениетін” құраған. Атақты оқымысты, тарихшы, этнограф Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық топ 1949-1952 жылдар аралығында тарихи мекенді әбден зерттеп, қола дәуірінен жеткен мұра екенін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берген. Осы зерттеулер негізінде көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды қорытындылар жасалған. Одан табылған заттар айғақтағандай, бұл обалар біздің заманымыздан бұрынғы ІХ-VІІІ ғасырларға, яғни қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын мәдениетті сипаттайды. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшелігі – ескі қола мәдениетінің түрлері өзгеріп, оған ұқсамайтын жаңа мәдениет түрлері қалыптасқан. Осы аралықты мекен еткен тайпалар шығысында Абыралы, Шыңғыс тауларына, батысында Ұлытауға дейін таралған. Екі шақырымға созылатын қара гранитті белдеуде қола дәуіріне тән балбал тастар, қорымдар, таңбалы тастар көп кездеседі. Тау аңғарында аңдар мен құстардың 95-тен астам, дәрілік табиғи шөптердің 20-ға жуық түрлері өседі. Осындағылардың айтуынша, “Қызыларай-Беғазы” тарихи-мәдени табиғи қорығын ашу мәселесі көтеріліп жатқан көрінеді. Өйткені, археологиялық ескерткіштерден бөлек аталмыш ауданда төре тұқымдары жерленген Талдыбейіт қорымы, Қасым қорасы, Әсет Найманбаевтың туып-өскен қыстауларының орны шоғырланған. Баурайында қарағай орманы өскен, шатқалынан аққан сарқырамасы бар ең биік Ақсораң шыңы (1565 метр) басында руда қорытылған, алып қорғанның қақпасындай көрінетін Тесіктасты әйгілі Мамай батыр жасағымен паналаған. 100 адам еркін сыйып кететін екіқабатты үңгіртас Ақсораңның бір сілемінде орналасқан.

Біз Беғазы тауының аңғарындағы Алаш қайраткері Ә. Бөкейхановтың ата-анасы мен туған-туыстары жерленген “Талдыбейіт” қорымына ат басын тіреп, тәу еттік.

Ақтоғай ауданының орталығына жеткен шығармашыл топты аудан әкімі Ниханбай Омарханов қарсы алды. Ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайымен таныстырды. Мұражайдағы жәдігерлерді тамашаладық.

Үш күн бойы тарихы бай, табиғаты әсем жерлерді армансыз аралап, үлкен әсерге бөленіп оралдық. “Атың барда ел таны желіп жүріп” деп атамыз қазақ текке айтпаса керек.

 

 Өмір ЕСҚАЛИ,

“Егемен Қазақстан” газетінің

Солтүстік Қазақстан облысы

бойынша меншікті тілшісі.

 

 Қызылжар –  Қарағанды – Қарқаралы – Ақтоғай – Осакаровка – Қызылжар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp