Газетіміздің №116 санында шыққан “Шаңырақ” қосымшасында “Той ма, шоу ма?” деген мақала жарық көрді. Бүгінгі таңда қазақ ағайындар тойларын қалай өткізіп жүргендігі, ондағы неше түрлі салт-дәстүрге қайшы келетін жаңашылдықтар жайында баяндалған мақаланы оқып, біз де үнсіз қала алмадық.
Шыны керек, қазір тойларымыз шоуға айналып кетті. Оған көзіміз де, етіміз де үйреніп бара жатқан сияқты. Мәселен, үйлену тойында орын алатын “Беташар” рәсімі – бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүрлердің бірі. Ол қазір де бар. Бірақ мәселе соның басқа бағытта өрбіп бара жатқандығында. Яғни, қазір келіннің бетін ашу жолы, сәлем салуы, мұның барлығы ақшамен өлшенетін болып кетті. Асабалардың да қалта қағудың жолын шебер үйлестіріп алғандары соншалық – тіпті тізімге қырық жылғы құдалар, дос-жарандар, одан қалды көрші-қолаңдарды да енгізіп жіберетіні бар.
Аттары аталған соң, амал жоқ, ортаға шығып, ақша салу керек. Әйтпесе ұят қой…
Ал енді шындығын айтуға тырысайық. Осындай жолдан қосылған дәстүрлер көбіне қалада, мейрамхана мен дәмханаларда өткен тойларда көп кездеседі. Ауылды жерлерде біршама дұрыс өтеді.
Жуырда қызымызды ұзаттық. Облыс орталығында той мен құдалық бірге өтті. Сонда бір қызық оқиға орын алды. Құда жағынан келгендер өз қызымызға шай құйғызып, кейін оны бізге ішкізбекші болған. Сөйтіп, “бұл келініміздің өз қолымен құйған шайы” деп, ақша жинағылары келген. Оны естіген қызымыз реніш білдіріп: “Мен олай сатылмаймын”, – депті. Одан кейін күйеу баланың көрімдігін сұрап, барлығы қолдарын қалталарына сала бастағанда ондай олқылықты да тоқтатуға тура келді. Жалпы, қазіргі құдалықтарда “Ананың сүті” дегендей бірнеше сылтаулар айтылып, әйтеуір, қалайда ақша жинаудың амалдары табыла кетеді. Бұл мүлдем дұрыс емес.
Бүгінде оқырмандардың көптен бері қозғап жүрген тағы бір мәселесі – дастарқан мәдениеті. Соңғы кезде байқап жүрсем, кейбір тойларда ас әкелгенде етті алдын ала дайындап, турап қоятынды шығарыпты. Меніңше, ол қате. Дастарқанға табақ әкелгенде еттің буы бұрқырап, мүше-мүшесімен салынуы керек. Жиналған адамдарға қарай табақтарға мүшелеп ет салу дегеніміз – үлкен өнер, қонақтарға жасына қарай көрсетілетін сый-құрметтің бір белгісі деп түсінемін.
Жиын-тойда ән айтып, тәрбиелік мән-мағынасы бар ойындар көрсеткен де дұрыс шығар, ал кішкентай балаларды билетіп, ортаға табақ қойып, ақша жинау – ерсі қылық. Төрт көзіміз түгел отырып, осындай жөнсіздікке жол берер болсақ, сонда тойымыз шоуға айналмағанда, не қалды?
Сұратай ӘЙТІМОВ.
Аққайың ауданы.