Беу, туған жер, пәктігіңді сезініп,
Тайсалмаймын сан қатерге кезігіп.
Жалықпаймын ардақтауға өзіңді,
Жазатайым кеткенімше көз іліп.
Кәкімбек Салықов.
Әр заманның көпті көрген, соларды көкейіне тоқыған, өз замандастарынан оқ бойы озық азаматтары болған. Олар өздеріне дейін ғұмыр кешкен ата-бабаларының ғибрат тұтарлық қасиеттерін бойларына дарытып, соларды өмірлік бағдары ретінде ұстанып, ұрпағына ұсынған. Халқымыздың небір данышпан, ақылман тұлғаларының ұлағаты осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Бұл ретте өзіңнің кіндік қаның тамған жердің қадір-қасиетін, ардақ тұтар тұлғаларын танып-білгенің былай тұрсын, мұны жас ұрпақтың санасына сіңіру – азаматтық парызың. Сондықтан өзім туып-өскен алтын құндағым – Құртай жерінің тарихын, асыл азаматтарының ғұмыр айшықтарын жас ұрпаққа жеткізуді борышым деп санап, оқырманға ұсынбақпын.
ХІХ ғасырда қазіргі Тимирязев ауданындағы Степное ауылының төңірегінде адам баласына адал пейілімен, көрегендігімен көңіл бөлген, игілігін аямаған, ауылындағы ағайындарының сауатын ашу мақсатымен молда алдыртып, жергілікті оқу орнын ашқан өзі би, өзі бай, өзі жомарт Құртай деген адам өмір сүрген екен. Құртай бабамыздың асыл қасиеттерін, ақыл-парасатын, әділдігін сол кездегі елді мекендеген көшпелі қазақ та, қазақ жеріне қоныстанған орыс шаруалары да жақсы білген. Көрнекті, дәрежесі биік ел ағасы атанған, болыс лауазымына да тағайындалған Құртай отағасының қонысын “Құртай қыстауы” деп атаса керек. Қазіргі кездегі ресми атауы – Құртай ауылдық округі.
Тимирязев ауданының жері Құртай ұрпақтарының атамекені болып табылады. Оңтүстік шығысында “Ұзын жар” аймағына дейін, бергі жағындағы кіші Құртай ауылы аралығы 75-80 шақырым жерді жайлаған, солтүстігінде Бейіс ауылы болса, күншығыс жағына Құртайдың тұңғышы Мұқыш қоныстанған. Ол әке тәрбиесін алған, тоқығаны мол, сөзге шешен, зерек, көпшілікке аты шыққан, көзі ашық азамат болыпты. Құртай абыз талапкерлігінің арқасында өз баласынан оқу-жазу үйреніп, сол кезеңдегі баспадан шыққан газеттерді оқып, аймақтағы халық жағдайын жақсы біліп отырған. Әкеден тараған 5-6 шаңырақ осы аймақтың құнарлы жеріне киіз үйлерін тұрғызып, малын жайлауға жайып, күзде қыстауына келіп қоныстанған. Мұны Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” мемуарында жазған (С.Мұқанов. “Өмір мектебі”, 1976 жыл, 1-ші кітап, 476-бет).
ХІХ ғасырдың ортасында Ресей өкіметі Столыпин реформасы бойынша үлкен саясат жүргізіп, орыс шаруаларын қазақтың кең даласына көшіргенін жақсы білеміз. Осы төңіректегі Дмитриевка, Степное, Семиполка, Марьевка, тағы басқа да елді мекендер сол кездері пайда болған. Көшіп келгендерді жылы жүзбен қарсы алып, дарқан көңілін білдірген қазақ қауымы еш жамандық ойламаған. Отаршылық жасаған саясатты қаперіне де алмаған. Бертін келе көшпелі ауылдардың ақ пен қызыл дүрбелеңінің ортасында тыныштығы кетсе, ұжымдастыру уақытында бай баласы есебінде тәркілеудің тізіміне ілегіп, “Бай қаласына” қамалған, соның салдарынан көп арыстарымыз жазықсыз жазаланған (“Ақталған есімдер”. “Асыл мұра” орталығы, Петропавл, 2008 жыл және “Наурызум” энциклопедиясы, орыс тілінде, 2009 жыл, Көкшетау қаласы). Осы қуғын-сүргінге Құртай ұрпағы да ұшырап, Мұқыштың баласы Қасым, немересі Ахмеджан екеуі де басқа түскен ауыртпалық жүгін арқалап өткен. Ахмеджан шешесі Мағрипамен сол қамаудан қашып шығып, туыстары Әлім, Оразбай, Уәли және тағы 3-4 балаларымен Ресей жеріне аттанады. Жеткенше аштықты-жалаңаштықты, көп қиыншылықтарды көріп, балаларынан айрылып, тек біреуімен ғана Түмен облысының Кругинская ауылына барып қоныстанады. Көп уақыт өткен соң Астрахань маңына жер аударылған Қасым да отбасына қосылады.
Кеңес өкіметінің саясатының дегені жүріп тұрған шақта, Ұлы Отан соғысы жылдары бірнеше одақтас республикалардан корейлер, поляктар, немістер, шешендер, тағы басқалары Қазақстанға еріксіз жер аударылады. Қазіргі Тимирязев ауданының кеңшарларында сол жер аударылғандардың немере-шөберелері ержетіп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Қиын-қыстау жылдары елімізге жақсы танымал мемлекет және қоғам қайраткері, білікті заңгер Сабыр Қасымовтың әкесі Ахмеджан майданға алынып, Белоруссия, Украина, Кенигсберг жерлерінде соғыста болады, содан аман-сау оралып, еңбек етіп, көп жылғы мехнаттың зейнетін көреді. Ол 1983 жылы дүниеден озған.
1951-1952 жылдары Құртайда Шаймерден деген жасы 80-нен асқан ақсақал тұрған. Ол: “Біздің көргенімізді сендер көрмеңдер, мына тұрған Жарқын ауылының іргесінде “Бай қаласы” болған, жағалауы тікенек сыммен қоршалған, іші толған – қамаудағы кісілер”, – дейтін. Бертін келе, 1960 жылдары Қызылжар қаласында оқуда жүргенде Мұхамеджан деген молданың үйінде тұрдым. Бұл кісі өте білімді болатын. Дінге сіңірген еңбегі еленіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2014 жылғы қаулысымен ауданымыздың мешітіне Мұхамеджан молда аты берілгенін айта кеткім келеді. Қызылжардағы үйіне қонақтар өте көп келетін. Омбыдан, Түменнен, Қарағандыдан, Солтүстік Қазақстанның жер-жерінен. Сонда келген қонақтарды құшағына алып, құрметтеп қарсы алғанда, біраз жасқа келген қарттың жүзі шырайланып, көңілі қуанышқа толғанын, әңгімелерінің таң атқанша таусылмай, бір кісінің баласындай аға-іні болып, көздеріне жас алғандарын өз көзіммен көрдім. “Бұлар кімдер?” – деп сұрағанымда Мұхамеджан: “Қарағым, сонау кеңес өкіметінің 28-30-шы жылдары молдалар, байлар қуғынға ұшырап, қамалған “Бай қаласынан” бас сауғалап, Ресей жеріне кеткенімізде бір-бірімізге сүйеу болып, аман қалғанбыз. Құдайға мың тәубе! Кешегі қонақ – Ахмеджан, сенің ауылыңнан шыққан. Құртай бидің ұрпағы. Әкесі Қасым екеуміз қиындықты да, зұлымдықты да бастан кешіргенбіз”, – деп сөзін аяқтады. Заман ағымы “Бай қаласын” ұмыттырған. Осы күні көпшілік бұдан беймәлім, хабарсыз. Жас ұрпақ білмейді де.
Мен білетін Сабыр Ахмеджанұлы кеңес заманының жаласымен жағаласа жүріп, жоғары оқу орнын тамамдап, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жоғары санатты заңгер, ғылым кандидаты атанды. Құртай сынды текті тұлғаның ұрпағы тектілігін танытып, ел азаматы болды.
Әрине, кеңес заманының көптеген жетістіктері де бар. Қазақ жеріндегі тың көтеру жылдары көштің екінші толқыны басталды. Осы ауданымыздың аумағы “тың өлкесі” қатарына қосылды. Жаңа жерге одақтас республикалардан келген көптеген өзге ұлттардың ұрпақтары қазіргі аудан ішіндегі ауылдық округтерде қазаны бірге қайнап, Қазақстан азаматы атанып, тату-тәтті өмір сүруде, бірлігіміздің арқасында әлеуметтік-экономикалық табыстарға да жеттік. Десек те, сарапқа салып ойлансақ, “Отаршылық заман” деп бекер айтылмаса керек, ұлтымыздың ұтқанынан ұтылғаны көп болды ма деген ой келеді. Отаршылық саясаттың жүйкемізді жұқартып, жоғалудың аз-ақ алдында қалған тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз жойылуға таяды. Кеңес идеологиясының ұлттардың рухани қазынасына жасаған шабуылы қазақ баласына оңай болмағанын осы өңірде туып, өмірден өткен тұлғалар тағдыры дәлелдейді.
Құртай бабамыздың есімінің өшпей, санамызда қайта жаңғыруы – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің ризығы. Оның ең жақын ұрпақтары Сабыр Қасымовтың ұсынысын қолдап, бидің кесенесін орнатты. Степное ауылы қоныстанған округке Құртай есімі берілді. Оның ұрпақтары әулие атаның атын қастерлеп, ардақ тұтады. Олар осы өңірдің Ынтымақ, Жарқын, Жалтыр ауылдарында, аудан орталығы – Тимирязево ауылында тұрмыс кешуде.
Болат ЖАКИН,
зейнеткер.
Тимирязев ауданы.