
Өңір басшысы алдымен “Казградстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс алаңында болды. Бүгінде Петропавл қаласының Партизан-Жамбыл-Маяковский көшелерінің қиылысындағы 12 және 16 қабатты үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Серіктестік директоры Александр Авдеев қолға алынған жұмыстардың барысын баяндады. Тұрғын үйдің әр кіреберісінде Ресейдің “Vek” компаниясының заманауи лифтері орнатылса, абаттандыру жоспарына сай тұрғын үйлердің ауласында облыс орталығында бұрын-соңды болмаған балалардың ойын алаңдары жасалады. Бұл жердегі құрал-жабдықтардың барлығы серіктестіктің темірден түйін түйетін мамандарының қолынан шыққан. Сондай-ақ, баскетбол мен жасанды жамылғысы бар шағын футбол алаңы да пайдалануға берілмек. Өңір басшысы заманауи автокөлік паркингін де көрді.
– Компанияның құрылысшылары атқарған жұмыстар көңілден шығады. Салынып жатқан үлкен автотұрақ үш жүзге жуық пәтердің болашақ иелеріне қажет болары анық. Құрылыстың қарқынын арттыра түсуді тапсырамын, – деді Ерік Хамзаұлы.
Содан кейін өңір басшысы Петропавлдың кәріздік тазалау жүйесі құрылысының басында болды. Бұған дейін облыс орталығындағы қолданыстағы кәріз желілері көктем айларында еритін ағын суды қабылдауға қауқары жетпей, апаттық жағдай Есіл өзенінің ластану қаупін туғызып келген болатын. Құрылыс жұмыстарын қолға алған “КазЭдемСтрой групп” ЖШС-нің директоры Вадим Даминов аталмыш жоба соңғы үлгідегі талаптарға жауап беретіндігін алға тартты. Нысанның шатыры жабылып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Қазірде жауапты жұмысқа жұмылдырылған 72 маман мен 8 техника жер қазып, бетон тақталарын орнатуда, құбырларға монтаждық жұмыстарын жүргізуде.
Мердігердің есебін тыңдаған Ерік Сұлтанов бюджеттік қаражатты толық игеріп, құрылысты сапалы аяқтауды міндеттеді.
Өңір басшысы келесі ат басын тіреген нысан – Жамбыл мен Ғ.Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы жатақхана. “СевКазЭнерго” АҚ-ның бастамасымен қолға алынған құрылыс алаңында таңнан кешке дейін жұмыс тоқтамайды. Құрылыс аяқталған соң шағын отбасыларға арналған жатақханада “СевКазЭнерго” АҚ-ның қызметкерлері мен Петропавл қаласының аз қамтылған отбасылары тұратын болады. Бүгінде нысанға ішкі-сыртқы коммуникация жүйелері тартылып, әрлеу, есік пен терезені орнату жұмыстары жүргізілуде. Жатақхана жоспарға сай желтоқсан айындағы Энергетиктер күні қарсаңында пайдалануға берілмек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.