Жас ұрпақтың болашағы үшін ересектердің әрқашанда жауапты болуы – бұл өмір заңдылығы. Қанаты әлі қатаймаған балаға қорған болып, әрқайсысының өмірі мен денсаулығы, құқығы мен бостандығы үшін отбасымен бірге, қоғам жауап береді.
Соңғы уақытта балаларға қатысты зорлық-зомбылық жиі орын алып отырғаны шындық. Жеткіншектердің кейбірі оң мен солын танымай жатып, азғындардың құрбанына айналса, енді бірі туған ата-анасынан зәбір көруде. Сондай-ақ, ата-ана жылуын сезінбей құқық бұзушылықтың құрығына іліккендер де аз емес. Жасөспірімдердің темекі шегуі, мас күйде тұрғындардың мазасын алуы, көпшілік ортада ұятты әрекетке баруы, көшелерді қоқыс қалдықтармен ластауы секілді ұсақ құқық бұзушылық әрекеттері қалыпты жағдайға айналып кеткендігі де рас.
Мұндай күрделі мәселені шешу мақсатында елімізде сот әділдігінің жаңа тетігі – ювеналдық әділ сот заңдық негізде іске асырылып, арнайы орган – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттар құрылды. Ювеналдық әділеттің негізі болып табылатын бұл соттарға тек жазалау шаралары ғана емес, ең алдымен, алдын алу жұмыстары жүктеледі және кәмелетке толмағандарды оңалтумен айналысатын қоғамдық институттар көмекші ретінде тартылады.
Осыған орай жергілікті ювеналды полиция мамандары жасөспірімдер тәрбиесіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес тиімділігін арттыру шараларын жүзеге асыруда. Жауапты орган жыл басынан бері нақты жоспар құрып, қылмыстылықтың алдын алу бағытында еңбек етуде. Облыс көлемінде орта, жоғары оқу орындарында, мектептерде, лицейлер мен гимназияларда басқа құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, алкоголизмнің, нашақорлықтың зияны, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі, т.б. тақырыптарда әңгіме лекциялар, “дөңгелек үстелдер”, сұхбаттар, кездесулер өткізілуде.
Жүргізілген жұмысымыздың арқасында өңірімізде кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстар біршама азайды деуге негіз бар. Егер 2014 жылы 13 кәмелетке толмаған сотталса, 2015 жылы 8 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Жүргізілген сараптама көрсеткендей, қылмыстың алдын алу және ескерту жұмысы бойынша қолға алынған шаралар әлі де жеткіліксіз. Мәселен, облысымыздың бір ауданындағы агротехникалық колледждің екі студенті өздерімен бірге оқитын топтасына қоқанлоқы көрсетіп, қымбат ұялы телефонын тартып алған. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталып, оқу орнының акт залында облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттың ашық отырысы өтті. Студенттер, оқытушылар және оқушылардың ата-аналары қатысқан ювеналдық әділ сот барысында тиісті шешім шығарумен қатар, жасөпірімдер қоғамда өздерін дұрыс ұстауға, жауапкершілікті сезінуге үйренді.
Жасөспірімдердің қатысуымен болған тағы бір оқиға қайғылы аяқталды. Он жеті жастағы мектеп оқушысы досымен бірге көрші ауылға жету үшін үй ауласында тұрған әкесінің мотоциклін рұқсатсыз мініп кеткен. Жолда үлкен жылдамдықпен жүйіткіп келе жатқан көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, апатқа ұшыраған. Оқиға барысында жолаушы орнында отырған ер бала алған жарақаттардан қаза тапты. Арты не боларын ойламаған оқушы бір отбасыға орны толмас қайғы әкелді. Қара жамылған ана судьядан баласының өліміне себеп болған жасөспірімді бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Ертеңіне үміт артып отырған жастарды жақсы қасиеттерге баулу жолында жасалып жатқан жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Себебі, қоғам алдында тұрған басты міндет балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын ала отырып, кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстың өсуіне жол бермеу болмақ.
Несібелді ЖӘНІБЕКОВА,
кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соттың төрайымы.