Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалының ашылғанына – биыл 10 жыл. Осынау жылдар ішінде облыс тұрғындарының бірқатары үй-жайға қол жеткізіп, бақыт құшағында тербелді. Бүгінде аталмыш филиал өз жұмысын жандандырып, солтүстікқазақстандықтардың игілігі жолында аянбай еңбек етуде. Қазіргі таңда елімізде орын алып отырған қаржылай қиындыққа қарамастан, банк тың бастамалармен қуантуда. Ұлттық валюта күні қарсаңында аталмыш банктің директоры Райхан Әбдірахмановамен сұхбаттасқан едік.
– Райхан Тілекқызы, сұхбатымыз Ұлттық валюта күніне орайластырылып отырғандықтан, әңгіменің әлқиссасын төл теңгеміздің мәртебесін көтеру мақсатында қандай жұмыс атқарып жатқандарыңыздан бастасаңыз деймін.
– Төл теңгеміздің беделін көтеріп, абыройын асқақтату барша қазақстандықтардың міндеті ғой деп ойлаймын. Доллар бағамы көтеріліп, біраз қиындық орын алғаны баршаға аян. Десек те, біздің банкте жүргізілетін барлық операциялар теңгемен есептеледі. Салымшылардың депозиттері теңгемен жинақталады, клиенттерге несие теңгемен беріледі. Біз әрқашан да төл валютамыздың мәртебесін көтеру мақсатында өз үлесімізді қосып отырған бірегей мемлекеттік банк болып саналамыз. Шетел валютасының көтерілуіне байланысты тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы теңгемен үйге қол жеткізудің мол мүмкіндігі қарастырылған. Тұрғындарға қаржы нарығында депозит ашып, ақша жинау үшін тиімді шарттар бар. Бұл жүйе арқылы дағдарыстан аман-есен өтуге мүмкіндік зор.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қалай жұмыс істейді?
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы оператор болып саналады. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ең төменгі ставкалар бойынша салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тартуға және тұрғын үй қарызын беру арқылы тұрғындардың баспанамен қамтамасыз етілуін көздейді. Нарықтағы ең төмен 3,5-5 пайыз мөлшерлемемен тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі бар. Төменгі ставкалар бойынша тұрғын үй қарызын алу үшін салымшы келісілген соманың 50 пайызын жинауы тиіс. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының депозиттеріне сыйақы төлеп, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қаржылай қолдау көрсетеді. Мемлекеттің жылдық сыйақы мөлшері 20 пайызды құрайды.
– Ал теңге бағамының құнсыздануына байланысты банк салымшыларының қаншасы депозиттеріндегі қаржысын қайтарып алды?
– Тұрғындардың банкке келіп, шоттағы ақшаларын қайтарып алуларын теңге бағамының құнсыздануымен байланыстыруға болмайды. Адамдар түрлі оқиғаларға тап болады. Қысылған сәтте салымшылардың кейбіреуі банк депозитіндегі ақшаларын қайтарып алады. Бірақ ондай жағдайлармен біз жиі ұшыраспаймыз. Теңге бағамының еркіндікке жіберілуі барысында есеп-шоттарынан ақшаларын қайтарып алу үшін келген клиенттер көп болды. Пәтерге қол жеткізу мүмкіндігін айтып, түсіндіргеннен кейін райларынан қайтқан салымшылар да бар. Біздің депозиттердің өзіндік ерекшелігі ретінде қажетті соманың белгілі бір мөлшерін қайтарып алу үшін депозиттер түбегейлі жабылады немесе қайта толтырылуы керек екенін айта кеткеніміз жөн. Салымшылар өз шоттарын жабатын болса, пәтерден бөлек, одан басқа да жеңілдіктерден ұтылады.
– Көпшілік қауым тұрғын үй құрылыс жинақ банкі туралы білсе де, мұндағы бағдарламалардан хабар-ошарсыз. Сондықтан оқырман қауымға түсінікті болу үшін қазіргі таңда қандай бағдарламалармен жұмыс істеп жатқандарыңызды айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда біздің банк “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. Бұл бағдарламаның аясында баспанадан үміті зор адамдар дербес салымға қаржы жинап, банк арқылы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарт жасауы қажет. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін бастапқы жарнасыз кейін сатып алумен және төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша пәтерді жалға алу мүмкіндігін көздейтін “Жас отбасыларға арналған баспана” бағыты іске асырылуда. Сонымен бірге “Тұрғындардың барлық санатына арналған тұрғын үй” бағыты бар.
– Жас отбасыларға арналған баспана бағдарламасына кеңінен тоқталып өтсеңіз және бүгінгі таңда облысымызда тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бойынша қанша жас отбасы пәтермен қамтамасыз етілді?
– Алдымен қалалық әкімдікте кезекте тұрған жас отбасылардың тізімі ұсынылады. Пәтерден үмітті жас отбасылар үшін бірқатар шарттар қарастырылған. Жас отбасылар үшін некеде тұрған кезеңі 2 жылдан кем болмауы тиіс. Өтініш беру кезінде ерлізайыптылардың екеуінің де жасы 29 жастан аспауы керек. Егер отбасы толық болмаса, жасы бойынша шектеу тек баланы (балаларды) тәрбиелеп жатқан ата-ананың біріне ғана қатысты, ол да 29 жасты құрайды. Ерлі-зайыптыларда және отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында баспанасының болмауы қажет. Әкімдік тарапынан бізге жіберілген тізім бойынша жас отбасылардың төлем қабілеттілігін анықтаймыз. Үкімет тарапынан жас отбасыларға қамқорлық қарастырылғанын ерекше айтып өтуіміз керек. Баспанаға қол жеткізгендер 8 жылға дейінгі мерзімде жалдау шартымен пәтерде тұра алады. Олар өз үйлерінде тұрып, осы уақыт ішінде белгілі бір соманы жинақтай алады. Біздің облыста банк филиалы ашылған уақыттан бері 8 үй беріліп, 294 жас отбасы пәтерге қол жеткізді. Ал қала бойынша 10 мыңнан астам тұрғын пәтер кезегінде тұр.
– “Тұрғындардың барлық санатына арналған тұрғын үй” бағыты бойынша қандай жұмыс атқарылуда?
– “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасының бұл бағыты бойынша бірқатар жұмыс қолға алынды. Бұл бағыт 2012 жылдан бері тиімді жұмыс істеуде. Содан бері 6 үй беріліп, 464 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда “Береке” шағынауданында 90 және 55 пәтерлі екі тұрғын үй салынуда. Оларды жыл соңына дейін беру көзделуде. Бұрын бір пәтерге 3-4 адам ғана тілек білдіретін, бүгінде олардың саны 15-16-ға жетті. Бұл тұрғындар арасында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының еселей өскенін аңғартады. Облыс бойынша бізде 18 мыңнан астам салымшы бар. Оның 6459-ы – ауыл тұрғындары.
– Ұлттық валютамен ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша салымшыларға өтемақы төлеудің тәртібі қандай?
– “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ ұлттық валютамен ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 2015 жылдың 18 тамызындағы жағдайға байланысты салымшыларын теңге бағамындағы айырмашылыққа байланысты өтемақы беру туралы айтқан болатын. Депозит арнайы банктік шотта бір жыл сақталған жағдайда ғана теңгенің бағамдық айырмашылық өтемақысы төленеді. Өтемақы төлеудің тетігі әлі жарияланған жоқ. Біздің банктің басқалардан ерекшелігі – барлық салымға өтемақы төленеді. Ол үшін дайындық жұмысы жүргізілуде. Жинақ шарттары бойынша салымшыларда электронды-сандық қолтаңба болуы шарт.
– Жаңа, 2016 жылға қандай жоспарларыңыз бар?
– Біздің алға қойған басты мақсатымыз – тиімді жұмыс істеу. Еліміздегі экономикалық жағдайға байланысты келесі жылы банк тарапынан жаңа үйлер пайдалануға беріле ме, жоқ па – айту қиын. Бірақ біз салымшылар үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Сол үшін қазір жекеменшік құрылыс компанияларымен байланыс орнатудамыз. Биыл “Основание” ЖШС-мен меморандумға қол қойдық. Құрылыс фирмасы өз қаржысы есебінен “Уют” шағынауданында 53 пәтерлі үй салып, салымшыларға ұсынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бойынша біздің облыста пәтердің 1 шаршы метрі 100 000 теңгеге бағаланған. Бірақ жекеменшік фирмалар салатын үйлердің бағасы, әрине, шаршы метрі үшін 100 мың теңге болмасы анық. Шамамен алғанда 165 мың теңгеге дейін болмақ. Нарықта пәтердің шаршы метрінің бағасы одан да жоғары. Бүгінде салымшылар келісімдерін беруде. Тағы бір айта кетерлігі – “Береке” шағынауданында келесі жылы да үй салу жөнінде облыс әкімдігімен келіссөз жүргізілуде. Еліміздің кейбір өңірлеріндегідей, бізде де тапсырыс берушілермен жан-жақты жұмыс атқарылуда. Яғни, белгілі бір мекеме қызметкерлерін үй-жаймен қамтамасыз ету мақсатында салымшылармен арнайы шот ашылады. Мысалы, кәсіпорындар тапсырыс берушілер ретінде бұл мүмкіндікті пайдалануларына болады. Биылғы жылы оңтүстікте сондай үйлер салынды. 3 жыл мерзімінде қызметкерлер салымшылар ретінде депозитте қаржы жинақтайды, ал ол уақыт аралығында үйдің құрылысы жүргізіледі. Осы мақсатта облыстық прокуратурамен сөйлестік, енді әкімдік тарапынан тұрғын үй құрылысына жер бөлу мәселесі қарастырылуда. Әзірге бұл тек келіссөз ғана. Ал облыстық білім басқармасының кәсіподақ комитеті биыл алғаш рет 27 жас маманға салым шотын ашып, қамқорлық көрсетті. Бұл да жас мамандарға үлкен мүмкіндік. Кәсіби мерекелерде әрбір жұмыс орнында осындай тиімді жұмыс қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Биылғы жылдың өзінде 5 мыңнан астам салымшы қосылды. Сондықтан үйден үміті зор салымшылардың қатары көбейіп келеді. Халықтың ынтасы ерекше. Ал салымшылардың саны артса, түбінде пайыздық ставка да кемуі мүмкін.
– Қазір қоғамда аталмыш банктің жекеменшікке өтуі мүмкін деген ақпарат қызу талқылануда. Алдағы уақытта жағдай күрделене түспей ме?
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің акциялары жекеменшік құзырына өтуі мүмкін деген болжам көптен бері айтылуда. Тіптен, кәсіпкерлер немесе шетелдік инвесторлар сатып алған күннің өзінде салымшыларға қорқудың қажеті жоқ. Заң бойынша бекітілген барлық шарттар өзгеріссіз қалады. Жылдық сыйақы мөлшері де сол күйінде болады. Қазақстан Республикасында Тұрғын үй заңын өзгертуге ешкімнің құқы жоқ. Ал инвесторлар тек қана жұмысты жақсарту мақсатында ғана жұмыс істеуі мүмкін.
– Бүгінде елімізде орын алып отырған қаржылық тұрақсыздыққа байланысты сіздер салымшылардың депозиттеріне қаншалықты кепілдік бере аласыздар?
– Бұдан бұрын елімізде 2008 жылдары дағдарыс орын алған болатын. Ал Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2003 жылы құрылды. Кездескен қиындықтарға қарамастан, банк бұл сыннан да сүрінбей өтті. Сондықтан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ең сенімді банктердің бірі саналады. Бүгінде елімізде орын алып отырған жағдайларға қарамастан, барлық қиындықтарды еңсеретінімізге сенімім зор.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.