Петропавл қалалық мәслихаты депутаттығына үміткер “Nur Otan” партиясы мүшелері тізімінің үштен біріне жуығын әйелдер мен жастар құрап отыр. Олардың барлығы – праймериздің бірінші кезеңінің қатысушылары.
Қалалық мәслихатқа депутаттыққа үміткерлер тізіміне 27 нұротандық енгізілді, олардың 30 пайызы – әйелдер мен жастар. Үміткерлердің орта жасы – 44. Партиялық тізім шағын және орта бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, өнеркәсіп, квазимемлекеттік сектор салалары өкілдерінен құралған.
Биылғы партияішілік праймеризге қала бойынша барлығы 106 адам қатысып, сайлаушылармен 700-ден астам кездесу өткен болатын. Партияның қалалық филиалының төрағасы Болат Жұмабеков атап өткендей, сайлауалды бағдарламаның жобасы қаланың проблемалық мәселелерін ескере отырып дайындалды.
– Облыс орталығын дамытудың 7 басым бағыты түзілген. Сайлауалды бағдарламада алдағы 5 жылға арналған негізгі мақсаттар мен міндеттер, сонымен бірге Петропавлдың негізгі проблемалық мәселелерін шешу жолдары қарастырылды, – деді өз сөзінде Болат Серікұлы.
Конференция делегаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша Петропавл қаласынан 9 адам облыстық мәслихатқа “Nur Otan” партиясының атынан үміткерлер тізіміне енгізілді.
Ілияс САБДИНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.