«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев бастаған топ өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Олар алдымен Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское елді мекеніндегі “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің жұмысымен танысты.

Өңіріміздегі ең ірі шаруашылықтардың бірінен саналатын серіктестіктің тыныс-тіршілігімен танысу барысында меймандар мұндағы озық технологиялармен жабдықталған фермаларды да аралап көрді. Олардың бірінде симменталь тұқымына жататын 32 бас сиыр бар болса, келесі фермада осындай 600 бас ірі қара бар екен. 150 бас бұзауға шақталған екі қора да жайластырылған. 4 айға дейін арнайы қораларда өсірілетін бұзаулар содан кейін шаруашылық аумағындағы жайылымдарға жіберіледі.

Тимур Құлыбаевтың назарына шаруашылықтағы асылтұқымды жылқы да ұсынылды. Олардың саны 300-ге жуық.  

Серіктестіктегі қондырғысы Германиядан әкелінген арнайы сауын залында күніне 1500-2000 бас сиыр сауылады. Осындай тағы бір сауын залы бар. Ал сауылатын сүт мөлшері тәулігіне 40-50 тоннаға жетіп қалады, дейді сала мамандары.

Бүгінде шаруашылықта 200-300 бас бұзау сыятын мал қорасының құрылысы жүріп жатыр. Жақында ол да пайдалануға беріліп, мал басының көбеюіне ықпал етпек.

Бұдан соң Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы ірі кәсіпорындардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамына барып, кәсіпорын жұмысымен танысты.

Алдымен олар зауыттың мұражайына барып, кәсіпорынның тарихынан, стратегиялық әзірлемелерінен және технологиялық әлеуетінен хабардар болды.

Содан кейін төралқа төрағасы №3 энергетикалық машина жасау цехында болып, мұндағы механикалық өңдеу учаскесінің және технологиялық жаңғырту аясында жаңартылған қондырғылардың жұмысын көрді. Сондай-ақ, энергетикалық қазандық қондырғысын жасайтын өндірістік учаскені аралады. Облыстың Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асып жатқан аталмыш жобаға 600 миллион теңгенің қаражаты қарастырылған.

Кәсіпорынның басшысы Қуаныш Бишімов зауыттағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысын баяндап отырды.

Содан соң меймандар №5 цехтың өндірістік технологиясымен және мұнай ұңғымасын бұрғылау кезінде қолданылатын машина жасаушы өнім кешенін құрастыру барысымен де танысты. Бүгінде кәсіпорында мұнай ұңғымаларын күрделі және жерасты жөндеу қондырғылары, бу қондырғысы бар арнайы автомобильдер, цементтеуші агрегаттар, автоцистерналар, жылу алмастырғыштар және басқа да бұйымдар шығарылады.

Өткен жылы зауыт 5,6 миллиард теңгенің өнімін шығарса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы өнім көлемі 1 миллиард теңгені құраған.

Осы күні түс ауа Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыстық кәсіпкерлер палатасында болып, басшылықтың және өңірлік кеңсе мүшелерінің қатысуымен атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайында жиын өткізді.

– Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқармасы, төралқасы құрылып, жұмыс істей бастады. Жаңа құрылымның басты міндеті тұтынушылардың құқығын қорғау, төрешілдікті азайту болып табылады. Соған орай Бас прокуратурамен, қаржы полициясымен, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-мен келісім, 10 меморандум жасалды. Үкіметпен бірге 2014 жылға арналған “Бизнестің жол картасы” бағдарламасын жасауға қатыстық. Осы кезеңде палатаға кәсіпкерлерден 600-ден астам ұсыныс келіп түсті, – дей келіп, Тимур Асқарұлы салаларды дамытуға арналған бағдарламаларға сараптама жүргізіп, ең қажеттілерін таңдап алу, өңірлік даму картасын жасау, әкімгерлік кедергілерді жою, басымдыққа ие секторларды дамыту сияқты өңірлік кәсіпкерлер палатасының алдында тұрған міндеттерге тоқталды.

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов қолданылып жүрген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайында 500 ұсыныс келіп түсіп, соның 93-і қабылданғанын сөз етті.

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Жанат Ертілесова Бәсекелестікті қорғау, Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктерге қатысты сауалдар көп түсетіндігіне, соған орай олардың комиссиялары құрамына, сондай-ақ, Ұлттық мемлекеттік органдардың апелляциялық комиссиялары құрамына кәсіпкерлер палатасынан мүшелер енгізу туралы ұсыныс жасалғанына тоқталды. Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев шағын және орта бизнеске рұқсат ететін құжаттар беруді жеңілдету, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын жандандыру, мемлекеттік бағдарламаларды қолжетімді ете түсу, өңіраралық байланысты дамыту жайын қозғады.

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Нелли Филипповнаның айтуына қарағанда, жұмыс істей бастағаннан бері кәсіпкерлердің 716 өтінімі қаралды, оның 430-ы – аудандардың бизнес субъектілерінен. Осы кезеңде 50 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы мен заңды мүддесі қорғалды, нормативтік-құқықтық актілерге әкімшілік кедергілерді жоюға арналған 53 ұсыныс енгізілді, 30 мемлекеттік қызметке қоғамдық сапа мониторингі жүргізілді.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңес тұрақты түрде жұмыс істейді, онда әртүрлі бағыт бойынша 7 сараптамалық кеңес құрылған. Есепті кезеңде өңірдің бизнес субьектілерімен 63 кездесу, “дөңгелек үстел” және оқыту семинарлары өткізілді, оның 25-і – аудандарда. Кәсіпкерлер үшін 8 әдістемелік материал әзірленіп, 5 қоғамдық бірлестікті тіркеу жүзеге асырылды. Ақпараттық қызмет аясында облыстық БАҚ-та 804 материал жарық көрді, оның 499-ы – сайтта. Адам капиталы сапасын өсіру және әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында колледждермен 11 келісім, Білім, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен, Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының “Өрлеу ПКҰО” АҚ филиалымен меморандумдар жасалды, өңірдің 140 кәсіпорнына 11 сала бойынша білікті кадрларды қажетсінуіне арналған мониторинг жүргізілді. Облыстың 12 колледжінде қамқорлық кеңесі құрылып, оларда 55 бизнес субъектісі лекциялар, семинарлар, кездесулер, 5064 оқушымен кәсіпкерлікке баулу жөнінде сауалнама өткізілді.

Нелли Кукушкина өңірдегі бизнестің негізгі проблемаларын да айтып өтті. Олар: кәсіпкерлік субъектілеріне, бірінші кезекте ауылдық кәсіпкерлерге, қаржы қаражатының қолжетімсіздігі, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде жеңілдіктерді сақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату саласында техникалық реттеу сияқты агроөнеркәсіп кешеніне қатысты өзекті мәселелер, кәсіпкерлік субъектілерін электр және жылу көздеріне қосу.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қуаныш Бишімов, “Петропавл-Норд”,“Жылдам тұрғызылатын ғимараттар зауыты”, “Блок” сияқты ЖШС-лердің басшылары өз ұсыныстарын алға тартты.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірлік және республикалық Индустрияландыру картасына енгізу үшін ұқсату кәсіпорындары 93 жоба әзірлегенін, олар өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралатындығын, бұл жобалар облыс экономикасының дамуына жаңаша серпін беретіндігін айтып өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев өңірлік палатаны белсенді азамат басқарып отырғандығы атқарылған жұмыстардан-ақ көрініп тұрғандығын, жиында сөз болған ұсыныстар Ұлттық палатаға белгілі екендігін, олардың ең өзектілері ертең басталатын Кәсіпкерлердің І сьезінде қаралатындығын атап айтты.

Назерке ТҰРСЫНОВА,

журналист,

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp