Петропавлдағы ұлттық өркендеу мектебі өңірімізде тұрып жатқан өзге этностық топтар ұрпақтарының ана тілін тереңдете үйренулеріне жағдай жасап, халқының салт-дәстүрлерінен, басқа да құндылықтарынан нәр алуын көздейді. Қазақстандағы жергілікті этнос өкілдерінің балаларына аталмыш мектептегі қазақ бөлімінің қажеттігі бар ма деген сауалға оқырмандар пікірлерін білген едік.
ИӘ
Алмагүл АТАМАНОВА,
ұлттық өркендеу мектеп-кешені қазақ бөлімінің мұғалімі:
– Ата-аналардың сұрауы және “Қазақ тілі” қоғамының қолдауымен қазақ бөлімі 2010 жылы ашылған. Ондағы оқыту әрекеті көпмәдениетті, көптілді тұлғаны тәрбиелеуді және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды жүзеге асыруды көздейді. Оқу-тәрбие жұмысын жоспарлау негізіне “Бастау” бағдарламасы алынған. Ол оқу мен тәрбиенің басым бағыттарын айқындайтын ақпарат, отбасылық тәрбие, шығармашылық, қарым-қатынас, мәдениет, тарих сияқты бөлімдерден тұрады. Бағдарлама аясында елтану, салт-дәстүр, музыка, би, ұлттық қолөнері, ауызекі тілді дамыту, тағы басқаларды үйрету бойынша пәнаралық сипаттағы 15 курс әзірленіп, сынақтан өткізілді. Барлық курстар бойынша оқу-әдістемелік кешендер жасалған. Одан басқа мемлекеттік мерекелер, жазушылардың өмірі мен шығармашылығы, өңір тарихы, тағы басқалар жоспарға енгізілген.
Қазақ бөліміне өз мектебімізден басқа қаладағы №4, 6, 20 орта мектептер мен лицей, колледждерден де келеді. Олардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды. Қазір екі топқа 26 бала келіп жүр. Олардың арасындағы 8-і – қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан өзге этнос өкілдері. Бізге келетін балалардың бірі тілін дамытуға, екіншісі ұлттық ою-өрнектердің қыр-сырын үйренуге қызығатынын айтады. Меніңше, қазақ бөлімі сұранысқа ие.
ЖОҚ
Әлібек ОРАЛБАЕВ,
облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:
– “Тіл – ананың сүтімен бойымызға даритын рухани қазына”, – деп бекер айтылмаған. Менің тіл үйренудегі алғашқы ұстаздарым әке-шешем, ата-әжем болды. Олар ұлттық құндылықтарымызды да бойыма сіңірді деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді оқыту мектеп бағдарламасына да енгізілген. Меніңше, тілді үйрену әр адамның өз сана-сезіміне, қажеттілігіне байланысты. Мысалы, республикалық телеарнадан қазақша хабар жүргізетін Майя Веронскаяны білмейтін жан кемде-кем шығар. Ол қазақ тілін үйренуге тек 12 жасында ден қойған. Қазір кез келген қазақтан кем сөйлемейді. Сол сияқты, қазақ тілін бізден артық меңгеріп алған басқа да өзге ұлт өкілдері толып жатыр. Бүгінде мемлекет тарапынан тіл үйренуге барлық жағдай жасалуда, ал соны қалай пайдалану керектігін әркім өзі шешеді. Өз басым ешқандай қазақ бөлімінсіз-ақ әке-шешемнің үйдегі берген тәрбиесі мен мектептегі білімімді ұштастыра аламын. Маған ұлттық өркендеу мектеп-кешеніндегі қазақ бөліміне барудың қажеттілігі жоқ.
Бейтарап пікір:
Дәкен ЗІКІРИНА, ата-ана:
– Менің білуімше, ұлттық өркендеу мектебі өзге этнос өкілдері балаларының ана тілінен, тарихы мен мәдениетінен қол үзіп қалмауы үшін ашылған. Баланың есі кіре бастағаннан-ақ оның бойында адами қасиеттерді қалыптастырып, әдептілікті, ізгілік пен ізеттілікке толы тәрбиені ана тілінде беріп, ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи, мәдени, рухани құндылықтарын сәбидің бойына сіңіре білген отбасы үшін қазақ бөлімінің қажеттілігі бола қоймас. Бірақ бізде орыс мектебінде оқитын, ана тілін білмейтін, білгісі келмейтін қазақ жастары жеткілікті. Ондайлар ұлттық мектепке күштесең де бармайды. Ұлттық көзқарасты қалыптастыруды алдымен олардың ата-аналарынан бастап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге болады. Сонда ғана бір нәтиже шығуы мүмкін. Дегенмен, отбасы мүшелері қазақша сөйлемейтін, бірақ ана тілін үйренгісі келетін қаланың орыстілді балалары үшін ата мен әже тәрбиесін ұлттық өркендеу мектебіндегі қазақ тобы атқарып жатса құба-құп. Бұл орыстілді балалар үшін таптырмас орта деп ойлаймын.
Дайындаған
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.