«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтымыздың ұлы мерекесі

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен “Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихи жолы” атты ғылыми-тәжірибелік конференция Мемлекеттік Әнұран орындаудан басталды. Онда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Кемел Оспанов, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Елена Балло, білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков жастарды мемлекет Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап, қол жеткізген жетістіктерді тілге тиек етті.

– Алты алаштың ардақтылары аңсап өткен ұлтымыздың ұлы мерекесі біздің өңірімізде де кеңінен аталып өтуде. Қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат еш нәрсе жоқ. Тәуелсіз ел мәртебесін көру бүгінгі жас ұрпаққа бұйырған зор бақыт деп есептеймін. Біз ата-бабамыз армандаған асыл құндылықты аға ұрпақтың парасат-пайымының, халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында сақтап келеміз. Халқымыз өтпелі кезеңдердің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Уақыт өткен сайын қол жеткізген ауқымды жетістіктеріміздің, ірі бастамаларымыздың маңызы артуда, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Кемел Оспанов.

Конференцияда Тәуелсіздік жылдары білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан бірнеше азамат “Еңбек ардагері”, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің медальдарымен, Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен және ректордың грамотасымен марапатталды.

Алқалы жиын университет студенттері дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp