«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ — ӨМІР ӨЗЕГІ

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық ғұмырында білім саласы да айтарлықтай ілгері дамыды. Оған, алысқа бармай-ақ, өзіміздің күнделікті өмірімізден мысал келтірсек болады. Біздің Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылындағы қазақ балалары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шухов орта мектебінде оқыды. 1999 жылы белсенді ата-аналардың араласуымен бұрынғы “Айнагүл” балабақшасының ғимаратында жетіжылдық мектеп ашылды.

Тарихы осылайша басталған қазақ мектебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасының аясында 2007 жылы пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимаратына көшті. Жанында интернаты бар мектеп оқушылар мен ұстаздар үшін үлкен тарту болғанын айту орынды. Ол қазір қанатын кеңге жайған үлкен білім ордасына айналды. Ұжымда қазір 103 адам еңбек етіп, 399 оқушы білім алады. Құрылғаннан бергі уақытта мектеп “Үздік білім беру ұйымы” аталымы бойынша облыс әкімінің грамотасымен марапатталды. 2015 жылы “Тестілеуге сапалы дайындағаны үшін” марапатына ие болса, биыл аудандық білім бөлімінің “Үздік әдістемелік жұмыс” аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.

Зәуре Бектасова Петропавлдағы К.Ушинский атындағы педагогика институтының ағылшын тілі факультетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Жамбыл ауданындағы Жаңажол орта мектебінде бастаған. “Оқу-тәрбие жұмысын мүлтіксіз атқаратын білікті орынбасарларым, шаруашылық меңгерушісі бар. Бірлік бар жерде – тірлік бар” дегендей, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізді қолдап еңбек етіп келеміз”, – дейді қазіргі таңда Пресновка орта мектебін басқарып отырған Зәуре Мұқатқызы.

Мектеп ашылғалы А.Қазбаева, М.Кәкімова, А.Қожахметова сынды оқушыларымыз “Алтын белгі” иегері атанса, С.Сансызбаева үздік аттестатқа ие болды. Алтын ұядан ұшырған ұлдарымыздың көпшілігі әскери оқу орнына түсуге қызығушылық білдіреді. Бұл мектепте тәуелсіз еліміздің тыныштығына ешкімнің қол сұғуына жол бермейтін отансүйгіш, ел-жанды, нағыз патриоттар тәрбиеленетінінің айғағы болса керек. Түлектердің басым бөлігі еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жүр. Қазақ-түрік лицейінде, Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып жүрген оқушыларымыз бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуден де түлектеріміз жақсы нәтиже көрсетеді.

– Тәуелсіздікпен бірге біз де жетіліп келеміз. Ата-аналардың да мектепке көзқарастары жақсы. Барлығы балаларының оқып, жақсы білім алып, еліне еңбегі сіңетін азамат болғандарын қалайды, – дейді ұжымды басқарып отырған басшы.

Зәуре Мұқатқызының қандай жауапты қызметте отырғанын өмірлік серігі Сәруар Бектасов та айтпай түсініп, оған үнемі қолдау көрсетіп, қиналған сәттерінде ақыл-кеңесін аямайды. Петропавлдағы педагогика институтын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған Сәруар Бектасов 40 жылдан бері ұстаздық етіп келеді.

Ол Жаңажол, Пресновка орта мектептерінде дене шынықтыру пәнінен бірнеше жыл сабақ беріп, оқушыларын талай жарыстарға қосқан. Бүгінде аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебін басқарады. Мектебінде күрес, шаңғы, жеңіл атлетика, қазақ күресі, волейбол, ауыр атлетика, баскетбол, бокс сияқты спорттың сегіз түрінен үйірме жұмыс істейді. Спорт мектебінен тәлім алған А.Кальченко гир көтеруден екі дүркін әлем чемпионы болса, Т.Жетпісбаев пен И.Ванхантун әлем кубогының жеңімпаздары.

Қажымай-талмай еңбек етуінің арқасында талай спортшыларды тәрбиелеп шығарған өз ісінің шебері Сәруар Бектасов оқушылардың, әсіресе, күрес пен жеңіл атлетика, бокс үйірмесіне қызығушылығы басым екенін айтады. Боксқа келетін қыздардың да қатары қалың.

Тәуелсіз Қазақстанның нағыз білімді азаматтарын тәрбиелеу – әр ұстаздың міндеті. Ұстаз деген қасиетті мамандықты таңдап, қажырлы еңбек етіп, еліміздің көркеюіне үлес қосып келе жатқан Бектасовтар үш қыз бен бір ұлды тәрбиелеп, олардан алты немере сүйіп отыр. Екі қызы әке-шеше жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдаған.

Ұрпақ тәрбиесі үшін тер төгіп жүрген ұстаздардың өмірі кімге болсын өнеге.

Жұлдыз БОТАНОВА,

Пресновка қосымша білім беру орталығының хатшысы.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp