
Жуырда жергілікті БАҚ өкілдері петропавлдық жасөспірім спортшы Аманғали Бекболатовтың Бразилияда грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінен қола медальмен оралғаны туралы жарыса жазған болатын. Ел құрама командасына жалғыз жүлде әперген Аманғалиды жетістігімен құттықтап, оның алдағы жоспарын білмек ниетпен Петропавлдағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі грек-рим залына арнайы барып, балғын спортшы мен оның жаттықтырушысы Сергей Ямпольскийді әңгімеге тарттық.
Әңгіме барысында грек-рим күресінен облысымыздың аға бапкері Сергей Анатольевич соңғы 5-6 жылдың ішінде өңір балуандарының үздік нәтижелерге қол жеткізгенін мақтанышпен айтты. Егер жерлесіміз Рустам Ағатаев Азия біріншілігінде үшінші орыннан көрініп, жұлдыздай жарқыраса, грек-рим күресінен облысымыздан шыққан алғашқы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роман Алешин Азия ойындарында жеңімпаз атанған. Ал бүгінде грек-рим балуандарының жаңа буыны елімізге таныла бастаған. Атап айтқанда, бүгінде ересектер қатарына ауысқан Ақан Баймағанбетов пен Данияр Қаленовті білмейтін солтүстікқазақстандықтар жоқ шығар. Дүниежүзінің кіл мықтылары сайысқа түскен тартысты додада үшінші орыннан көріне білген Аманғали Бекболатов – ағаларының ізін басып келе жатқан болашағы жарқын балуандардың бірі.
– Грек-рим күресіне ден қойғанына бар-жоғы 5 жыл болған Аманғалидың әлем біріншілігінде қола медальға ие болуы біз үшін үлкен мақтаныш. Жас балуан өзімен бірге бір залда жаттығып жүрген Ақан Баймағанбетовтың жетістігін қайталады. Осыдан үш жыл бұрын Ақан Болгариядағы әлем біріншілігінде үшінші орынға ие болған еді. Тәрбиеленушілерімнің осындай жетістіктері жаттықтырушылар еңбегінің зая кетпегендігін дәлелдейді, – деді ол ағынан жарылып. – Егер де бүгінгі жетістігіне мастанып, жаттығуларынан қолын үзбесе, Аманғалидың әлі де талай биіктерді бағындырары сөзсіз.
Бразилияда 50 килограмм салмақта сынға түскен Аманғалидың қарсыластары осал еместі. Олар өз елдерінің чемпиондары еді. Ол алғашқы жекпе-жегінде мексикалық балуанды тізе бүктірсе, екінші кездесуде америкалық спортшыға қарсы шықты. Бір қызығы, бұл спортшы бұған дейінгі сайыстарда нөмір екінші-үшінші қазақстандық балуандарды жеңіп келген. Бірақ бұл жолы Аманғали намысты қолдан бермеді. Төрешілер 30 секундтың ішінде бірнеше айла-тәсіл қолданып, 8:0 ұпаймен басым түскен жерлесімізді жеңіске лайық деп тапқан. Өкінішке қарай, оны ирандық қарсыласы сүріндірді. Ал украиндық балуанмен соңғы кездесуде 20 секунд ішінде есепті 9:0-ге жеткізген жерлесіміз қола медальды еншіледі.
– Аманғали біріншілікке қатты дайындалды. Бастапқыда әлем біріншілігіне жасақталған құрама команданың қатарында болмаса да, Бразилияда белдесу мүмкіндігін алу үшін біраз тер төгіп, залдан шықпай жаттықты. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы Аманғалиға жетпегенімен, жас балуанның оза шабатындығына анық сенген жергілікті азаматтар облыс басшылығына жолығып, қосымша қаражат көзін табуға қолдау сұраған болатынбыз. Себебі, бұл бала сайысқа жай ғана қатысу үшін бара жатқан жоқ, көлденеңнен келген көк аттылардың бірі емес. Нағыз жүлде үшін жолға шыққан спортшы. Оның үздік үштіктің қатарынан көрінетіндігінен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы да, жаттықтырушылары да күмәнданған жоқ. Боз кілемде спортшыларына қолдау көрсеткен жергілікті жанкүйерлердің де, қандай мықты болмасын қарсыласының да айбарынан қаймықпаған ол баршамыздың артқан сенімімізді ақтады. Ел құрамасына жалғыз жүлде әперді, – дейді бапкері.
Әлем біріншілігінің жүлдегері Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында дүниеге келген. Кейін Қызылжар ауданының Архангелка ауылына қоныс аударған. Сегізінші сыныпта жүріп, грек-рим күресі үйірмесіне жолдастарымен еріп барып, жазылғысы келгенімен жаттықтырушы оны бастапқыда қабылдағысы келмеген екен. Дегенмен, өз ойынан қайтпаған бала жаттығуларға үзбей қатыса берген. Арада екі ай өткен соң Мамлют ауданының Бексейіт ауылында грек-рим күресінен өткен облыс біріншілігіне сұранып, ойламаған жерден өз салмағында екінші орынға ие болды. Міне, бұл болашақ әлем біріншілігі жүлдегерінің алғашқы жеңісі.
– Кейін облыс орталығында “Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғалым Өркешовтың қолдауымен әртүрлі деңгейлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көріне білдім. Ал бүгінде бағыма қарай Сергей Ямпольский сынды білікті бапкердің қарамағында грек-рим күресінің қыр-сырын меңгерудемін, – дейді Аманғали.
Отыз жыл бойы байрақты додаларда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген талай балуандарды баптаған ұстаз жасөспірімнің өзге тәрбиеленушілеріне қарағанда салмағы жеңіл, дене бітімі кішкене болғандығына қарамастан, оның бойынан күш-жігер аңғарған. Сондықтан, мұндай талабы мен таланты ұштасқан жасты қалайда шыңдауды ұйғарып, баптай білген. Бапкердің айтуынша, әр спортшыға дене бітімі, күші және тағы басқа қасиеттерден бөлек, жеңіске деген жігер қажет.
– Жеңіске жетуді алдыңа мақсат қойсаң, ең алдымен, жігерлі, азулы болуың қажет. Мәселен, боз кілем үстіндегі кездесуде жігерінің арқасында өзінен бойы да, қайраты да басым қарсыласынан тістеніп жүріп, жеңісті жұлып алған талай балуандарды көргенбіз. Біздің Аманғали дәл осындай азулы жастардың бірі, – дейді Сергей Анатольевич.
Жасөспірім Аманғалидың ешбір жаттығудан жалықпайтынын атап айтқан бапкердің айтуынша, жас өреннің жетістіктері мақтануға тұрарлықтай екен. Атап айтқанда, Аманғали бес жылдың ішінде облыстық деңгейдегі сайыстарда 15-16 рет, ал республикалық біріншіліктерде 1 рет жеңімпаз атанса, ел біріншіліктері мен халықаралық додаларда әрдайым үздік үштіктің қатарынан табыла білген. Алдағы уақытта жерлес балуан 55 килограмға дейін көтеріліп, жаңа салмақта бағын сынамақшы. Себебі, бүгінде жастар арасында белдесіп жүрген Аманғали бір жылдан соң ересектер тобында өнер көрсететін болады. Ал бұл салмақта жеңіске жету үшін әлі де көп еңбектену қажет.
Балуанның арманы – еліміздің әйгілі спортшылары сияқты Олимпиаданың алтын алқасын жеңіп алу. Ал әзірге Аманғали Бекболатов Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына алынып, өз салмақ дәрежесінде көш бастауда.
Әңгіме барысында бапкер бүгінде жоғары оқу орнының ақылы бөлімінде оқып жүрген спортшылардың алдында кездесетін өзекті мәселеге тоқталып өтті.
– ҰБТ-дан 90 балл алған Аманғали бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің дене шынықтыру және спорт факультетінде мамандық алуда. Сынақтағы көрсеткіші жоғары болғанымен, мемлекеттік гранттың бөлінбеуінен ол күндізгі ақылы бөлімде оқып жүр. Өкінішке қарай, біздің университетте халықаралық сайыстардың, Азия мен әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ешқандай да жеңілдік қарастырылмаған. Мысалы, көрші Павлодар мен Қостанай облыстарында ақылы бөлімде оқитын спортшыларды ынталандыру жолға қойылған. Мәселен, республикада, Азиадада және әлем біріншіліктерінде жеңімпаз атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінсе, спортшының тегін білім алуына дейін жағдай жасалады. Ең бастысы, сол облыстардың атынан сайысқа түсіп, жоғары көрсеткіштерге жетіп отырса болғаны. Болашақта біздің балғын спортшыларымыз үшін де жергілікті деңгейде осындай жеңілдіктер қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді, – деп сөзін аяқтады тәрбиеленушілерінің болашағына алаңдаған бапкер.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.