«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ ӘРІ СУРЕТШІ

Қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсарин өз заманында: “Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі”, – деген болатын. Бүгінде шәкірттеріне берген сапалы білімімен ерекшеленетін мұғалімдер әр мектептен табылады. Айыртау ауданындағы Казанка орта мектебіндегі қазақ сыныптарына орыс тілі пәнінен сабақ беретін Гүлден Тушанованы сондай мұғалімдер қатарына жатқызуға болады.

Шығармашылықпен жұмыс істейтін тәжірибелі мұғалім – Гүлден Файзоллақызының пәнін шәкірттері сүйіп оқиды. Аталмыш мектепте 1996 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ұстаз оқушыларының білім сапасын көтеру үшін әр сабағын қызықты, әсерлі ұйымдастырып, мұқият дайындалады. Әсіресе, шәкірттерінің орыс тілінде таза сөйлеуіне, сауатты жазуына көп көңіл бөліп, әр оқушымен жеке жұмыстар жүргізеді. Бұл ретте ұстаз деңгейлік курстарда алған білімі мен оқыту әдістемелерін іскерлікпен пайдаланады. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында шәкірті Сымбат Мәскенова өткен оқу жылында олимпиада жүлдегері атанды.  

Гүлден Тушанова аудандық, облыстық семинарларға қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз білімін үнемі жетілдіріп отырады. Ол “PISA” халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық оқу сауаттылықтарын дамыту” атты республикалық және осы тақырыпта Мәскеу қаласында ұйымдастырылған халықаралық семинарларға қатысып, іс-тәжірибесімен бөлісті.

Балалардың сөздік қорын байыту – ұстаздың алдына қойған мақсаттарының бірі. Гүлден Файзоллақызы көздеген мақсатына жету жолында уақытпен санаспай, сабақтан тыс іс-шараларды жиі ұйымдастырып, балаларды тарта біледі. “Тілім менің – тағдырым менің”, “Армысың, ару көктем”, “Строки, опаленные войной” атты кештері тарихи-танымдық мазмұнға толы, тағылымдық шаралар болды.

Ұстаздықтың қыр-сырын шебер меңгерген Гүлден Файзоллақызы соңынан ерген ізбасар жас мұғалімдерге тәлімгер, үлгі-өнеге. Ол өзінің сүйікті ісі – сурет салуға да уақыт табады.

Жәмила СӘКЕНОВА,

Казанка орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp