«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛМЕН ГҮЛДЕНЕР АУЫЛ

Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында «Ауыл әйелдері – ел мақтанышы» деген атаумен әйелдер форумы өтті. Мұндай шара Қазақстан­да алғаш рет ұйымдастырылды. Есіл ауданының әкімдігі мен «Ауыл» партиясы облыстық филиа­лы ұйымдастырған форумға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, облыстық фтизиопуль­монологиялық орталық, үкіметтік емес ұйымдар қолдау танытқан.

Форумға Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мү­шесі, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбаса­ры Әйгерім Сәрсенбаева, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев қатысты.

Мереке Тілеужанұлы белсенді нәзік жандардың басын қосқан игі бастамаға сәттілік тіледі. Ал одан кейін сөз алған Әйгерім Сәр­сенбаева жиналған қауымды партияның тыныс-тіршілігімен та­ныстырды. Қазіргі таңда «Ауыл» партиясы саяси аренадағы орны нық, салмақты институттың біріне айналды. Сайлауларда айтар­лықтай жеңіске жетпесе де, ел үмітін ақтау жолында бар күшін сарп етіп келеді. Облыстық, аудандық мәслихат сайлауларында 237 үміт­кер жеңіске жетіп, жергілікті органдарда партияның өкілеттік ық­палы күшейді.

Партияның «Ауыл төрге шықсын» деген ұраны бекер таңдалма­ған. Көзделген мақсат – ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін Парламент төрінен орын алу. Қазір партия­ның сегіз мүшесі – Мәжіліс депутаты. Осыдан жеті-сегіз жыл бұ­рын партия мүшелерінің орта жасы шамамен алпыс жас болса, өт­кен жылғы партия съезінде жастардың қатары артқаны аңғарылды. Олардың бар күш-жігері ауылды дамытуға жұмылдырылған. Се­бебі ауылдың бүгінгі тіршілігі көңіл жабырқатады. Бұрынғы кең­шарлар тарап, олардың орнында қалған жеке шаруашылықтар ауылды көтеруге қауқарсыз. Ауылдықтар маңдай терімен тапқан еңбегінің тәтті нанын жей алмай отыр.

«Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пі­шенбаев әйелдің табандылығымен ел еңсесін тіктеп, мейірімімен гүлденеді деген ойын айтты. Себебі ауыл әйелдерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегі орасан.

Форумға қатысушылар аудан кәсіпкерлерінің және шығарма­шыл қыз-келіншектердің көрмесін тамашалады. Көрмеге жиналған қауым Гүлстан Жарасбаеваның сабынына, Ұлбике Нарымбайдың ұлттық киімдеріне, Нұрсәуле Жайлаубайдың құрақ көрпесіне, Эль­вира Жахинаның қағаздан жасалған экоөнімдеріне қызығушылық танытты. Гүлстан Кәменқызы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­латасынан отандық өнімді дамыту бойынша бес миллион теңге грант ұтып алған екен.

Форум барысында ұйымдастырылған тренингтер кәсіпкер қыз-келіншектердің көңілінен шықты. Арнайы шақырылған мамандар «Қазіргі әлемдегі жасанды интеллект: ауылдық өңірлер үшін жаһан­дық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер», «Шешендік өнер және ком­муникация құпиялары», «Жеке бренд және заманауи әйел-көшбас­шы бейнесі» тақырыптарын қаузады.

Перизат ӘМІР,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp