Соңғы кездері әкемді қатты сағынып жүрмін. Жатсам да, тұрсам да бар ойлайтыным сол. Түнгі тәтті түстерімнің басты кейіпкері де әкешім. Кейде немерелерім “жетпіс бестегі шалға да әке керек екен ғой” деп қалжыңдағандай болады. Олар менің бала күннен бергі бар арманым, Құдайдан мың мәрте жалбарынып сұраған жалғыз тілегім, өмірімнің мәні – асқар тау әкемді бір көру екенін қайдан білсін.
Қалиәскер АЙТМАҒАНБЕТ,
зейнеткер, Бескөл ауылының тұрғыны.
Әкем бірер күнде майданға аттанатынын айтып, жолшыбай біреулерден хат беріп жіберіпті. Мүмкіндік болса Көкшетауға жөргектегі екі айлық мені алып келіп, маңдайынан бір иіскетіп кетуін өтінген екен. 1941 жылдың қарашасы. Өңменіңнен өтердей қара суыққа қан майданның қайғысы қосылып, ызғары тәнді де, жанды да қарыған заман. Қара қағаздар бірінен соң бірі келе бастаған тұс, шағын ауылдың әр тұсынан ерін жоқтаған жардың, іштен шыққан ұлын іздеген ананың, “әкешім” деп еңіреген сәбидің зарлы үндері естіле бастапты. Сондықтан әкем Айтмағанбеттің тілегін екі етуге анамның дәті шыдамай, хат келген күні өгіз арбаға құндақтағы мені салып, тізгінді он бірден енді ғана асқан ағам Қазыға ұстатып, бұрынғы Ленин ауданына қарасты Қарабұлақ ауылынан Көкшетауға қарай жолға шығады.
Өгіз арба екі күн дегенде қалаға жетіп, хатта көрсетілген мекенжайға тоқтаған. Ескі тамыры болса керек, үй иесі жүгіріп барып әкемді шақырып келеді. Әскери форма киіп, қару асынған әкем бір жаққа асыққандай кейіпте кіре мені қолына алып, құшағына қатты қысып, маңдайымнан құшырлана сүйген екен. Сол тәтті сәт екі айлық менің есімде қалмаса да, әлі күнге дейін кейде ұйықтап жатқанда әкемнің жел мен суықтан жарылып кеткен, бірақ жып-жылы еріні менің маңдайыма тигендей сезінемін. “Сен – қарашаңырақ иесісің, ұрпағымның жалғасысың. Мен алыс сапарға аттанып бара жатырмын, оралмауым мүмкін. Сондықтан саған аманатым: әулетімнің шамын сөндірме”, – деген өсиетін анам марқұм менің құлағыма үнемі құйып отыратын.
Анашым Маржанның айтуынша, әкем бізбен бірге отырып, бір шыны шайды қолына ала бергені сол екен есікті жұлып алардай ентелеп ашқан әскерлердің бірі: “Жолдас Жақатов, пойыз жүруге дайын тұр. Тездетпесеңіз кешігіп қаламыз”, – деп қайта бұрылып жүгіре жөнеледі. Әкем де құшағындағы мені көтерген қалпы темір жол бекетіне қарай жеделдете жүріп кетеді. Барса, шынымен де, пойыз орнынан қозғалғалы тұр екен. Бауыр еті баласын қимастықпен анамның қолына ұстатқан ол соңғы вагондардың бірінің ашық тұрған есігіне секіріп мініп, көп адамның арасынан көрінбей кетіпті.
Әкеге деген сағыныш ойымды сан салаға жетелейді. Егер майданға бармағанында мүмкін тірі қалар ма еді? “Бірақ бәрі бір Алланың жазуы ғой” деп өзімді-өзім жұбатамын. Ол 1941 жылы 43 жаста еді. Қаратал мен Қарабұлақ ауылдарында басқарма болып қызмет етіп жүрген. Әкемнің қандай басшы болғанын мен білмеймін, әрине, бірақ “Айтмағанбет Жақатов жақсы адам, әділ басшы еді. Сенің пошымың әкеңе келіңкірейді”, – деген ауыл ақсақалдарының сөзін кейін талай естідім. Өз басым әкемнің келбетін тек үйдегі жалғыз кеуде суретіне қарап қана көз алдыма елестеткенім болмаса, екі айлық сәби көрген адамын қалай есінде сақтасын? Сондықтан анамнан да, әкеммен дәмдес болғандардан да ол туралы үнемі сұрайтынмын.
Соғысқа дейін де әскер қатарында болып, атыс тәсілдерін көрген әкем алғашқылардың легінде – 1941 жылдың күзінде Қызылжардағы комиссариатқа шақырылады. Жасы ұлғайыңқырап қалғанын ескерген ондағылар қалдыруды ұйғарады. Бірақ үйге жібермейді, Қызылжардағы түрме бастығының орынбасары етіп тағайындаған екен. Көп уақыт өтпей түрменің бастығы майданға аттанып, сотталғандарды қарау міндеті әкемнің мойнына жүктеледі.
“Бәрі де Майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!” деген ұран түрмеге де жетеді. Кеңес әскерінің басындағы К. Рокоссовский бастаған генералдар қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқандардан жасақ құрып, соғысқа жіберуді ұйғарады. Егер сотталушы қан майданда ерлік көрсетсе немесе соғыстан аман-есен оралған жағдайда бұған дейін жасаған қылмыстары түгел кешірілетіні айтылады. Қанша жерден қылмыскер болса да ел басына күн туғанда бойында намысы бар қай жігіт қарап жатсын? Әкем Қызылжар түрмесіндегілерден арнайы топ жасақтап, майдан даласына аттандыратын сәтті күтеді.
Бір күні түрме бастығының алдына татар жігіті келіп, соғысқа сұранады. Және майданға аттанар алдында ауылға жіберуін өтінеді. Жақында ғана әйелі дүние салып, төрт баласы жетім қалған екен. Сол балаларын басқа елді мекенде тұратын туыстарына апарып бермек ойы барын жеткізеді. Әкем қанша жерден бастық болса да бала дегенде жүрегі елжіреп кетіп, ешкімге білдірместен оны екі күнге түрмеден шығарып жібереді. Анау жігіт те уәдесінде тұрып, белгіленген уақытта оралған. Бірақ сол сәтте түрмеге сотталғандардан құрылған жасақты әкету үшін офицерлер келіп жатса керек. Біреуі сырттан кіріп келе жатқан татар жігітін ұстап алып, тергей бастайды. Анау болса қорыққанынан: “Мен түрмеден қашқан жоқпын. Жақатов мырза балаларыма барып келу үшін босатты”, – деп бар шындықты жайып салады. Қылмыскерді бостандыққа жіберу – қылмыс. Осылайша бар ынтасымен сотталғандарды үгіттеп, ортақ Отанымызға басып кірген фашистке қарсы соғысуға шақырып жүрген әкемнің өзі кінәлі болып шыға келеді. “Бұл кінәңді жуу үшін өзің жинаған жасақты басқарып сен де майданға аттанасың”, – деп шорт кеседі жоғарыдағылар.
Бұл жасақ екі ай Көкшетау қаласында арнайы жаттығу жасап, кейін майданға аттанған. Украина жерін жаудан азат етуге қатысқан екен. Әкемнен соңғы рет хат 1943 жылы келген. “Қатты жараланып госпитальда жатырмын. Өмірім кісінің қолында. Аяғымнан тұрып кетсем оралармын, егер келе алмасам, бақұл болыңдар” деп қоштасыпты. Анам байғұс төрт баланы асыраймын деп шыр-пыр болып жүріп, сол хатты жоғалтып алыпты. Қай жердегі госпитальда жатқанын да ұмытып қалыпты. Әйтеуір қаланың атауы “Су” деп басталатыны ғана есінде. Содан әкем хабарсыз кетті.
Соғыс аяқталып, аман қалған азаматтар елге орала бастады. Біз де әскери киім киген біреу көрінсе болды, әкеміз келе жатқандай далаға жүгіріп шығатынбыз. Өкінішке қарай, одан ешбір хабар болмады. Осылай қайғырып жүргенде үлкен ағам Қазының ойда жоқта опат болуы отбасымызды одан бетер күйзелтіп кетті. 1947 жыл болатын. Соғыс аяқталып, тұрмыс аздап түзеле бастаған кез. Бар жоғы 19-дағы ағам көктемде сең жүріп жатқанына қарамастан, Есіл өзенінің арғы бетінен бері қарай егіс жұмыстарына қажет екі бөшкеге құйылған жанармайды өткізу туралы тапсырма алады. Біріншісін жеткізіп, енді екіншісін әкеле жатқанда сең соғып, қайығы аударылады да суға кетеді.
Екінші ағам Қайролла аурушаң еді. Ол да араға он жыл салып, яғни 1957 жылы о дүниеге аттанды. Менен сәл үлкендігі бар апам Гүлдәрия тұрмысқа шығып кетті де қарашаңырақта анамның қолында мен ғана қалдым. Содан бүгінгі күнге дейін әкемнің аманатын орындап, отын өшірмей өмір сүріп келе жатқан жайым бар. Шешеміз сиыр да сауды, егін де екті, істемеген жұмысы жоқ. Өте қайратты жан еді. Әкем көре алмай кеткен қызықты көріп, немерелерінің ортасында 1998 жылы қайтыс болды. Гүлдәрия да өткен жылы өмірден озды. Өз отбасым, балашағамның жанында жүрсем де кейде көңілім құлазып, ну орманды өрт шалып, жалғыз қалған теректей күй кешемін. 16 жасқа дейін фамилиям Жақатов болатын. Паспорт алар кезде өзгертіп, әкемнің атына көштім. Артында қалған жалғыз тұяқ болған соң атын өшірмеуді қаладым.
Соңғы жылдары ауру да дендеп барады. 2016 жылдың жазы. Қызылжар қаласындағы ауруханалардың бірінде ем-дом қабылдаудамын. Күн ұзаққа төсекке таңылып жатқан соң еске талай дүние түседі екен ғой. Әкесі бар адамдар қандай бақытты! Өмірдің соқпақтарында сүрініп кетсең, кең иығын тосып құлатпайтын, боранында құшағына алып қалқан болатын әкеңнің болғанына не жетсін?! Бала күнімде әкем аман-есен оралар деп күттім, бірақ үміт әлдеқашан үзілгендей. Енді көзімнің тірісінде моласын тауып, топырағын бір сипасам деген тілегім бар. Бірақ соңғы хатының жоғалуымен бірге ол ой да сағымға айналғандай.
Күн қызарып батып барады. Бір күнгі қуаныш пен қайғыны өзімен бірге ала кеткендей. Ертең шығыстан ештеңе болмағандай шапағын шашып жаңа күн туады. Өмір де осылай үзіліссіз жалғасып жатыр. Терең ойға шомылып отырғанда жастықтың астындағы телефон шыр ете түсті. Бейуақытта хабарласқан кім болды екен? Бейтаныс нөмір.
– Алло, алло! Бұл мен ғой. Қарлығаш, Нұрмаштың немересі. Сүйіншіңізді дайындаңыз, Айтмағанбет атаны таптым, – дейді. Менде үн жоқ. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді, онсыз да мазасыз неме ауызға келіп тығылды. Тынысым тарылғандай. Бала кезде талай жылап, әбден солып қалған жанардан бір тамшы жас ытқып шықты.
Бұл хабарласып жатқан әкемнің туған інісі Нұрмаштың немересі ғой, қазір Ленинградта қызмет істеп жүр. “Ата ол Украинаның Сумская облысының Конотоп деген қаласында бауырластар зиратында жерленген екен”, – деді сөзін жалғап. Иә, Жаратқан ием, сен менің бала кезімнен бергі күн сайын мың мәрте қайталаған тілегімді қабыл алған екенсің. Мың да бір шүкір!
Әке, мен сені көп іздедім. Жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпедің. Енді, міне, сенің қай жерде жатқаныңды білдім. Адамның арман-тілегі таусылған ба? Біреуі орындалса, екіншісі алыстан қылаң береді. Ендігі арманым – сенің басыңа барып, Құран оқып қайту. Әзірге денсаулық мүмкіндік берер емес. Бірақ үмітіңді үзбе, күт. Мен де сені өмір бойы іздедім, сарғая күттім ғой. Келемін.
Жазып алған
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.