Жуырда облыс орталығында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы құқық қорғау, кәсіподақ, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің рөлі туралы” тақырыбында шара өтті.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырған шара барысында мемлекеттік және мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілері көрсететін қызметтің сапасы әңгіме арқауына айналды.
Биыл аталған департамент ветеринария, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өзге де мемлекеттік органдардың қызметіне тексеріс жүргізіп, 683 бұзушылықты анықтаған. Олардың 188-і мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу болса, 246 факті бойынша құжат топтамасы толық болмаса да, мемлекеттік қызметтің көрсетілгені расталған. Сондай-ақ, қызмет көрсетуден себепсіз бас тарту, стандарттан тыс құжаттарды талап ету және тағы да басқа да бұзушылықтар анықталды. Осындай салғырттықтың салдарынан мемлекеттік органдардың 23 маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов әкімшілік кедергілерді жоюда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесе атқарған жұмыстарына тоқталды. Осы жұмыстың арқасында жер қатынастары саласында “Бір терезе” қағидасы бойынша азаматтар мен ұйымдарға көрсетілетін қызметтер рәсіміне талдау жүзеге асырылыпты. Келіп түскен арыз бойынша Петропавл қалалық жер қатынастары бөліміне жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, “Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекiту” мемлекеттік қызметі бойынша жауап беруден дәлелсіз бас тарту фактісі расталған. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігіне қолданыстағы заңнамаға толықтырулар енгізу жөнінде тиісті ұсыныстар жолданды.
Айта кету керек, Қазақстан өткен жылы “Transparency International” халықаралық ұйымының “Жемқорлықты қабылдау индексінде” 126-орыннан 123-сатыға көтерілді. Ал сыбайлас жемқорлық қылмысы ең төмен елдер Дания, Швеция, Жаңа Зеландия және Сингапур болып табылады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.