Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңес биылғы жылы атқарылған іс-шаралардың қорытындысын шығарып, бірқатар солтүстікқазақстандықтарды марапаттады.
Шара барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлікті жандандыру мен дамыту бағыттары бойынша палатының жыл бойғы атқарған қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ, шара аясында Елбасы Жолдауының шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған негізгі қағидалары талқыланып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелері ортаға салынды.
– Бүгінде шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Ал шаһарымыздың кәсіпкерлер палатасы, бизнес өкілдері үшін индустриалды аймақ құруды ұсынбақ. Айта кетсек, кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі құрылған уақыттан бері 59 мәселе қаралып, оның 45-і оң шешімін тапқан. Ал үстіміздегі жылы кезіккен қиындықтардың кесірінен ісі тұралап қалған он екі бизнес өкіліне қолдау көрсетілді. Әкімшілік кедергілерге қатысты 2015 жылы – 65, ал 2016 жылы 23 өтініш-тілек тіркеліп, сәйкесінше 43-і және 16-сы шешілді. Ал шешілмегені республикалық мәселелер тізіліміне енгізілді, – деді Тұрар Сейілбекұлы.
Кәсіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлер құқығын қорғау, жобаларды қолдау, кәсіпкерлерге қаржылық емес көмек көрсету және адами капиталды дамыту сынды бірнеше басым бағыттар бойынша ауқымды нәтижелерге қол жеткізген. Соңғы үш жылдың ішінде кәсіпкерлер палатасына жергілікті кәсіпкерлерден 10355 өтініш түскен. Оның тең жартысы бизнес қауымдастық өкілдерінің құқығын қорғауға қатысты болған. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, 500 млн. теңге шығынға батқан кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Келіп түскен арыз-шағымдар негізінен салық органдарына, мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдарға және сатып алу саласындағы квазимемлекеттік секторларға бағытталған. Бизнес өкілдері жөнсіз тексерістерге көп шағымданған. Оның ішінде салықтық, жалған кәсіпкерлік, лицензиялық алым, кассалық машиналарды бақылау бойынша тексерістер жиі орын алады. Мұның барлығы кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасаған азаматтар үшін басты кедергіге айналып отыр. “Тұтастай алғанда, 2014-2016 жылдары 2689 кәсіпкер мамандарымыздың көмегіне жүгініп, оларға 4837 қызмет көрсетілді. Ауылды жерлердегі менеджерлеріміз 5128 клиентімізге 11724 консультациялық көмек қолын созды. Аталған мерзім ішінде 198 субъекті құрылып, жұмыс орындары ашылды. Біздің басты және бұлжымас талабымыз – ашықтық әрі қолжетімділік. Сондықтан біз әрдайым кәсіпкерлермен кері байланыс орнатып, сөзден іске көшу қағидасын ұстанамыз”, – деді сөз соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Отырыс соңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай кәсіпкерлер құқығын қорғау саласында белсенділік танытқан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев, сонымен қатар, бір топ қызылжарлық “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.