Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы сауда алаңдарын аралады.
Алдымен “Дария” базарына барып, базар иесінің жуырда өз қаржысына жасаған жөндеу жұмыстарымен танысты. 10 миллион теңгеге жасалған қайта жаңарту жұмыстары жайлы “Рынок “Дария” ЖШС директорының орынбасары Юрий Кузнецов баяндады. Базардың шатырын, төбесін жөндеп, электр желілері мен жарықтандыруды жаңартқан. Сондай-ақ, Абай көшесі жағындағы кіреберісті жөндепті. Қазіргі таңда Интернационал көшесі жағынан келетін кіреберіске жөндеу жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар, ескірген сауда шатырларының орнына жаңа павильондар орнатып, базар ғимараты мен сырты 22 бейнебақылау камерасымен жабдықталған.
Осыдан кейін Ерік Хамзаұлы “Алатау” базарына барды. Бұл жерде жөндеу жұмысына 2016 жылы кіріспек. “Интава” ЖШС-нің директоры Василий Филипповтың айтуынша, жол картасы әзірленіпті.
Ал ендігі жылы “Олжа” көтерме-бөлшек сауда базарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сауда алаңының директоры Сәуле Айсенованың айтуынша, өңірімізде жұмыс істеуге ниет танытқан ресейлік жалға алушылар бар екен. Базардың аумағы 2 мыңнан астам шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны140 миллион теңгеден астам. Аталмыш жоба “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай өңірімізде ұйымдастырылмаған базарларды жаңғырту жөнінде ауқымды жұмыс қолға алынған.