«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУЕТІ ЗОР ЗАУЫТ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласында индустриялық-инновациялық жоба аясында іске қосылған “BARTEC – Қазақстан” ЖШС-і зауытының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

– Елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асырылуына ерекше назар аударылуда. Облысымыз инвестициялық өсім бойынша 1-ші орында. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Облыс орталығында инновациялық жоба аясында электрмен жылыту кабельдерін жасайтын кәсіпорынның іске қосылуы барлық сұранысты қанағаттандыратынына сенімдімін. Өндіріс алаңы үшін біздің табиғатымыз қолайлы. Бұл кәсіпорынның біз үшін маңызы зор. Осының арқасында біраз адам жұмыспен қамтылмақ, – дей келе Ерік Хамзаұлы зауыт жұмысына сәттілік тілеп, инвесторларға өз ризашылығын жеткізді. Ал “ВARTEC” компаниясының атынан сөз алған Дмитрий Султанов облыс орталығында ғана емес, Қазақстан бойынша жалғыз электрмен жылыту кабелін шығаруды қолға алған зауыт табысты жұмыс істейтініне сенім білдірді. Оның айтуынша, біздің облысымыз – географиялық орналасу жағынан қолайлы өңір. Сондықтан таңдау Қызылжарға түскен. Зауыт қазақстандықтардың сұранысын ғана қанағаттандырып қоймайды, биылғы жылдан бастап көршілес Ресей елінің де нарығына жол тартпақ.

Жылыту кабельдерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, мұнай, газ, химия, фармацевтика салаларында кеңінен қолдануға болады. Әсіресе, қауіпті материалдармен жұмыс істеуде жылыту кабельдерінің көмегі зор. Қыста сумен жабдықтау құбырларының қатып қалмауы үшін электрмен жылыту кабельдерін өткізу арқылы оқыс жағдайдың алдын алуға болады. Жылыту кабельдерін шығаруда көшбасшы болып саналатын компания еуропалық талаптар (АТЕХ) мен халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтіндігі туралы Германиядан келген «ВARTEC» топтық компаниясының атқарушы директоры Хайк Лаубхаймер журналистерге берген сұхбатында айтты.  

– Әлем бойынша біз көшбасшы компанияның біріне жатамыз. Біздің өнімдердің сапасы жоғары. Сол себепті алаңдауға еш негіз жоқ. Бүгінде әлемнің 60 елімен әріптестік байланыс орнаттық. Қазақстан мен Ресей біздің басты серіктестеріміз болып табылады. Өйткені, бұл жақта химия, мұнай өнеркәсібі жақсы дамыған. Қазақстанда сапалы әрі жоғары технологиялық өнім шығаруға зор мүмкіндік бар, – деді ол.

Зауыт құрылысына 600 миллион теңге қаржы жұмсалған. Мамандар айына 250 мың метр кабель шығаруды жоспарлауда. Тағы бір айта кетерлігі, өндіріс кешені Германия, Швейцария, Франция елдерінен жеткізілген жаңа технологиялармен жабдықталған. Бұл индустриялық-инновациялық бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылған 16-шы жоба болып саналады. Ал жаңа жылдан бері іске асырылған бірінші жоба екенін баса айтып өткен жөн. Қауіпсіз технологиялар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорын экологиялық таза өнім шығармақ. Бұл өнімнің пайдалану мерзімі – 10 жыл. Тұрмыста қолданылатын кабель қолжетімді бағамен сатылатын болады.

Қазіргі таңда зауыттың Петропавл қаласындағы филиалында 15 адам жұмыспен қамтылған. Солардың бірі – Жарқын Жақыпов. Ол мұнда оператор болып жұмыс істейді. Айлық еңбекақы 100 мың теңгенің үстінде екенін айтқан маман кәсіпорынның ілгері қадам басуы үшін аянып қалмайтындығын жеткізді. Ал алдағы уақытта өндіріс ауқымы кеңейіп, қосымша 30 адамға жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорын ауқымы кеңейген бойда жұмыс үш ауысымда жүргізілмек. Қазіргі таңда кабельдің бірнеше түрі шығарылады. Оған қоса басқа да өнімдерді шығару көзделуде.

Бүгінде аталмыш компанияның әлем бойынша 9 зауыты бар. Дамудың даңғыл жолына түскен баршаға белгілі бұл компанияның өнімдері әлемдік тұтынушылардың сенімін ақтауда. Зауыт өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталатынына серіктестік директоры Павел Шкарин кеңінен тоқталып, жұмысшылардың 3 ай бойы Германияда арнайы оқу-жаттығудан өткенін мәлімдеді. Кәсіпорынның әлеуетіне кеңінен тоқталған ол “BARTEC” компаниясы 2011 жылы “Әлемдік нарық көшбасшыларының энциклопедиясына” кіргенін мақтанышпен жеткізді. Былтыр олар инновациялық кәсіпорын “Топ-Новатор” жүлдесімен марапатталған. Қазақстан аумағында да “BARTEC” өнімдері жоғары сұранысқа ие.

Зауыт жұмысымен танысқан облыс әкімі өндіріс алаңының табысты жұмыс істейтініне сенім білдірді. Ал жиын соңында жергілікті БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында неміс инженерлік бюросынан жоғары технологиялық “ВARTEC” халықаралық компаниясы дәрежесіне дейін көтерілген зауыт әлемдегі қауіпсіз құрылғы шығаратын алдыңғы қатардағы кәсіпорындардың бірі екені айтылды. “BARTEC GmbH” компаниясының негізі 1975 жылы Бад-Мергентхайм қаласында қаланған. Журналистер топтық компанияның тарихымен де кеңірек танысты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp