
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов сенбі күні облыс орталығындағы “Алтын арман”, “Қызылжар” коммуналдық, “Дария” базарларында ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер ұйымдастырған дәстүрлі жәрмеңкелерді, сонымен бірге, “Семейный” гипермаркетін аралап, өнімдердің түрлері мен бағалардың қолжетімділігіне назар аударды, тұтынушылармен әңгімелесті.
Ерік Хамзаұлы алдымен “Алтын арман” базарында болды. Онда Ақжар, Тайынша және Шал ақын аудандары өз өнімдерімен сауда жасады. Ауылдық округтер 720 килограмм сиыр етін, 9 бас қой етін, 5 бас шошқа етін, сүт өнімдері мен бал әкеліпті. Облыстың су қоймаларынан ауланған балықтың өзі 400 килограмнан асады.
– Сергеевкадағы сүт зауыты 1,5 тонна сүт өнімдерін әкелді. Майдың бағасы – 1100 теңге. Ол нарықтағы бағадан шамамен 400 теңгеге төмен. Ауылдық округтің тұрғындары қалалықтарға 800 килограмм сарымайды 800-850 теңгеден ұсынып отыр. Одан басқа 1 бас сиыр, 8 бас қой, 3 бас шошқа еті бар. Сиырдың сан еті – 950 теңге, қой еті – 940 теңге, орташа баға – 874 теңге көлемінде, – деді Ерік Сұлтановқа базардағы өз үлестері жайында айтқан Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Науқан Таласбаев.
Ерік Хамзаұлы Тайынша ауданындағы Чкалов ауылдық округі сауда жасап жатқан жаймаларға аялдап, тауарлардың сан алуандылығына назар аударды. Ауылдық округтің әкімі Иосиф Ясиневичтің айтуынша, чкаловтықтар тұтынушыларға 30 литр қымыз (1,5 литрлік құты – 500 теңге), 30 килограмм вакуумды орамада сүрленген жылқы қазысын, 50 килограмм тартылған ет, сонша бал және май, ірімшік, қаймақ сияқты сүт өнімдерін қолжетімді бағамен сатып жатыр.
Бұл күні “Қызылжар” коммуналдық базарында Есіл, Қызылжар және Уәлиханов аудандарының тауар өндірушілері өз өнімдерімен сауда жасады. Ет пен сүт, бақша өнімдері жеткілікті болды. Жұмыртқаның 10 данасы 110, қырыққабаттың бір килограмы 60 теңгеден сатылды.
Базар ғимаратының екінші және үшінші қабаттары осы күнге дейін пайдаланылмай келеді. Олардың ішіне күрделі жөндеу жүргізіп, жылыту желілерін орнату қажет. Облыс әкімі бос тұрған қабаттарды да аралап шықты.
“Дария” базарында әдеттегідей М.Жұмабаев ауданының ауылдық округтері сауда жасады.
– Біз 2 бас сиыр, 4 бас қой, 2 бас шошқа етін, 500 килограмм сүт өнімдерін әкелдік. Баға нарықтағыдан арзан болғандықтан, сауда қызу жүріп жатыр. Тұрақты тұтынушыларымыздың кезегі азаяр емес, – дейді аудан әкімінің орынбасары Аман Қабдөшев.
Өңір басшысы “Дария” базарының директоры Роза Шакировамен әңгімелесіп, екінші деңгейдегі банк филиалдарының директорларына тұрғын үйлердің аулаларына жазда шағынфутбол алаңына айналатын бір-бір хоккей корттарын жасау ұсынылғанын, бұл шараны банкирлер қолдап отырғанын, осындай өскелең ұрпақтың саламатты өмірі үшін жасалатын игілікті істерден базарлар мен ірі сауда орталықтары да шет қалмауы керектігін айтты.
Мир көшесіндегі “Семейный” гипермаркеті тауарларының бағасына қарай сан-түрлілігімен және таңдаудың молдығымен аз уақыттың ішінде қалалықтардың сүйікті сауда орнына айналып үлгерді. Ерік Хамзаұлы аталмыш сауда орнында күнбе-күн тұтынатын тауарлардың бағаларына назар аударды. Онда 1 литр күнбағыс майы 242, қант 183, қияр 174 теңгеден сатылуда. Макаронның, шұжықтың да түрлері көп. Қысқаша айтқанда, атшаптырым жерді алып жатқан заманауи гипермаркетте қалтаңа қарай көсілуге мүмкіндік мол. Сондықтан болар, мұнда ашылғаннан, жабылғанға дейін тұтынушылар легі азайып көрген емес.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасына 33 аталым бойынша қаланың 34 сауда нысанында күн сайын мониторинг жүргіземіз. Ол үшін 4 жедел топ құрылған. Сонымен бірге, осындай тауарларды бөлшек саудаға шығаратын 15 көтерме сауда фирмаларының басшыларымен меморандум, жеті базардың басшысымен сауда орындарының жалгерлік ақысын 20 пайызға азайту туралы келісім жасалды. Соның нәтижесінде базарларда жекелеген азық-түлік тауарларының көтерме бағасы біршама төмендеді. Мысалы, биыл жиналған бір килограмм қырыққабаттың бағасы 100 теңгеден 60 теңгеге түсті. Биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша, қаланың 4 базарында 81 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, онда 151 млн. теңгенің азық-түлігі сатылды, – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Зәуре Нұрмұқанова.
* * *
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласында орналасқан бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты.
Петропавл протез-ортопедиялық орталығы 1942 жылы шаңырақ көтерген. Жетпіс жылдан астам тарихы бар кәсіпорын осы уақыт ішінде Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы, Астана қаласындағы мүгедектерге қажетті протез-ортопедиялық аяқ киімдерді, басқа да тиісті бұйымдарды шығарумен қатар бейімдеу шараларын жүргізеді. Орталықта емдеу шараларын жүргізу үшін 75 орындық станционарлық бөлімше жұмыс істейді.
Петропавл протез-ортопедиялық орталығының мамандары былтыр жеті мыңнан астам адамның өмірге қайта бейімделуіне көмектесіп, түрлі протездер жасаған. Олардың бес мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс бойынша мүгедек жандарға тегін берілген.
Облыс әкімі соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған протез әзірлеу және ортопедиялық аяқ киім тігу цехтарын аралап, орталықтың жұмысына баға берді.
“Қазақ саңыраулар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына тоғыз жүзге жуық қамқөңіл адам мүше. Қоғамның кәсіпорнында 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар өткен жылы 110 миллион теңгенің өнімін өндіріпті.
Облыс әкіміне тігін цехтары мен дайын киім үлгілері көрсетілді. Кейбір өндірістік учаскелер жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған екен. Өңір басшысы жаңа қондырғылар сатып алу, дайын өнімдерді саудалау мәселесін шешуге қол ұшын беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар, ол қалалық әкімдіктің тапсырысымен тігілген құрылыс отрядтарына арналған форманың сапасын байқап көрді.
Петропавл қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы Валентина Заборовская облыс әкіміне өздерінің жұмысын таныстырды.
– Біздің қоғамымызға алты жүзге жуық мүгедек мүше. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдайтын арнайы алты көлігіміз бар. Бірінші, екінші топтағы мүгедектер, соғыс ардагерлері күніне 40-50 рет такси қызметіне жүгінеді. Алдағы уақытта тағы бір көлік қажет, – деді төрайым.
Облыс әкімі Петропавл қалалық мүгедектер қоғамының жұмысына ризашылығын білдірді. Өкілетті орындарға қоғам кеңсесінің алдындағы алаңға бір апта ішінде асфальт төсеуге тапсырма берді.
* * *
Осы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов сапаржай мен темір жол вокзалының жұмысымен де танысты.
– Біздің сапаржайдың аумағы 5000 шаршы метрді алып жатыр. Сондықтан аталмыш ғимарат, аналар мен жүргізушілер тынығатын орын болмаса да, мемлекеттік стандарттың талаптарына жауап береді. Жетпіс бағытқа қатынайтын автобустар облыстың 515 елді мекенін, нақтырақ айтқанда, барлық ауылдың 74,5 пайызын қамтып отыр. Сегіз халықаралық бағыт жұмыс істейді. Күн сайын шамамен 1500 жолаушыға 92 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Бұл күндері ғимараттың бір бөлігіне күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Нысанның сыртқы жағында жолаушыларды көлікке отырғызуға арналған 7 платформа талапқа сай жабдықталған, – деді “Петропавл автовокзалы” ЖШС-нің директоры Александра Сосоева.
Ерік Хамзаұлы сапаржай маңындағы асфальтты жаңғырту, ғимараттың қасбетін әрлендіре түсу қажеттігін айтты.
Темір жол вокзалының ғимараты 1966 жылы салынған. Аталмыш нысанның басшысы міндетін атқарушы Елена Бабкинаның айтуына қарағанда, содан бері оның қасбетін қайта жабдықтау, пойызға шығатын перрондарды қалпына келтіруден басқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оңтүстік-Орал темір жолы жалға алып отырған вокзал арқылы тәулігіне 22-24 жолаушылар, 150-дей жүк пойызы өтеді. Вокзалда 4 касса, қажет болған жағдайда 3 қосымша касса жұмыс істейді, штаттағы 135 қызметкер тәулігіне 1700-2500 жолаушыға қызмет көрсетеді.
Ерік Сұлтанов Петропавл темір жол бөлімшесінің басшыларымен бірге вокзалды және оның пойыздар тоқтайтын алаңын аралап көрді.
Нұрсайын ШӘРІП,
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.