
Білім саласының маманы болғандықтан, өмірімізде оның ризығын кәдеге асыратын амалдар, қолымызды көздеген мақсатымызға жеткізетін игіліктер де, соған қарама-қайшы жолды бөгейтін жағдайлар да көкейімде жүреді. Осы орайда кейбір түйінді ойларды алға тартуға оқталдым.
Мысалы, бұрындары біздің салада оқытудың теориялық жағына көбірек басымдық берілетін де, алған сол білімді іс-тәжірибеде қолдану жағы ақсап жататын. Кеңестік білім беру жүйесінің бұл олқылығы кейінгі жылдары, әсіресе, Қазақстан Республикасының егемендігімен байланысты Елбасымыздың тікелей нұсқауымен оң өзгерістер орын алған тұста анық байқалды. Біз мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан айқын байқадық. “Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек” деген тапсырмасынан байқаймыз. Осыған қоса Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы Жолдауындағы “Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек” деген нұсқауы біздерді жастардың техникалық білім алуын жоғары деңгейге көтеруге міндеттейді.
Елбасымыз техникалық білім беру саласында оқуды өндіріспен тығыз байланыстыру арқылы білім беруді ұсынды. Жас, даму үстіндегі мемлекетімізге білікті жұмысшы кадрлары қажет. Кадрларды даярлау жүйесі тиімді қалыптасуы үшін оқытудың жұмыс берушілермен тұрақты өзара байланысы орнығуы керек және білім беру үдерісі тәжірибеде қол жеткізілген іскерлік машықты орнықтыруға тиіс. Сондықтан елімізде мамандарды даярлаудың ең тиімді жолы ретінде дуальдік білімді енгізуге тектен-тек көңіл бөлініп отырған жоқ. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіби білімге басым маңыз беріліп отыр. Мұндай білімді дамытуға мемлекет те, бизнес те, азаматтардың өздері де мүдделі. Бизнесті алар болсақ, ол біздер дайындап жүрген кәсіби-техникалық мамандардың еңбектің өнімділігін арттыратын, жұмыстардың сапасын жақсартатын, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізетін кадрлар болуына үміт артады.
Осы ыңғайда Солтүстік Қазақстан облыстық машина жасау колледжі токарьлық іс және металл өңдеу, машиналар мен өнеркәсіп қондырғыларын пайдалану, өнеркәсіптегі электромеханика қондырғылары, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандықтары бойынша кадрлар даярлаумен айналысады.
Аталған мамандықтар бірқатар салаларда қолданылады. Біздің түлектеріміз машина жасау, ауыл шаруашылығы салаларында, сондай-ақ, автокәсіпорындарында еңбек етеді.
Әлеуметтік әріптестік кадрлар даярлаудың сапасын арттырудың негізгі қозғаушы тетігі болып табылады.
Қаламыз бен облысымыздың жиырмадан астам ірі және шағын кәсіпорындары дуальдік оқытуды енгізу үдерісіне белсенді түрде қатысып келеді. Бұл орайда “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы машина жасау колледжінің базалық кәсіпорны болып табылады. Колледж бен зауыттың әлеуметтік әріптестігі 2008 жылдан бері жалғасып келеді. 2013 жылдан бастап оқытудың дуальдік жүйесінің ұшқыр жобасы қолға алынды. Оқу орны мен кәсіпорын эксперименттік алаңға айналды. Бүгіндері колледждің студенттері толығымен дуальдік оқытумен қамтылған.
Студенттеріміздің таңдаған мамандығы бойынша бастапқы кәсіби машықтарын, біліктілігін қалыптастыру үшін кәсіпорын жабдықталған жеке жұмыс орындарын (станоктар мен құрал-жабдықтарды) және олардың практикадан өту кезеңінің өне бойында толық жүктеме бойынша жұмыс береді.
Колледж студенттері бірінші курстан бастап-ақ практика кезінде кәсіпорынмен танысады. Мұның өзі кәсіпорынның технологиялық үдерісіне бойлауға, зауыттың тарихын, дәстүрлерін білуге мүмкіндік береді. Олар осы арқылы таңдаған мамандықтары туралы түсінік алады. Кәсіпорын жазғы каникул күндерінде студенттерге жұмыс беріп, қосымша табыс табуына жағдай жасайды. Жұмыс беруші оқыту мерзімінің өне бойында студенттердің біліктілігін, машығын қадағалап, практика кезінде бақылаған студенттердің кәсібилігін болжай алады.
2-ші және 3-ші курс студенттері практикадан өткен кезде екіжақты бекітілген еңбек шарттарының негізінде кәсіпорын оларға жалақы төлейді. Бұл студенттердің кәсіпорынның технологиялық үдерісіне араласуға ынтасын арттырады.
Студенттеріміз кәсіби практикадан өткен уақытта оларға басшылық жасап, үйрететін тәлімгерлер тағайындалады. Атап айтқанда, осындай он сегіз тәлімгер бар. Бұл кәсіпорынның болашақ мамандарды даярлауға қаншалықты үлкен маңыз беріп отырғанын дәлелдесе керек.
Колледждің материалдық негізін нығайтуға жанды көмек көрсету үшін зауыт лабораториялық және практикалық сабақтарды өткізуге тораптар мен металл өңдейтін агрегаттар беріп келеді. Сонымен бірге зауыт колледждің сұранысына орай оны оқыту үдерісіне қажетті материалдармен жабдықтайды.
Әлеуметтік әріптестік туралы шартқа сәйкес колледждің инженер-педагогикалық қызметкерлері кәсіпорында білімдерін ұштайды. Осылайша 2015 жылы колледждің төрт өндірістік оқыту шебері “Самұрық-Қазына” қорының компанияларында оқытудың дуальдік жүйесін енгізу тәжірибесін жинақтады. Осының нәтижесінде оларға сәйкес сертификаттар берілді. Ал кәсіпорынның тәлімгерлері педагогикалық семинарларда білім алды. Мұндай әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Анатолий ФУРМАНЮК,
Солтүстік Қазақстан облыстық машина жасау колледжінің директоры.