Қазақ жері, Қазақстан елі үшін 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздіктің таңы атты. Бұл оқиғаның маңызды қадам екендігін әрбір қазақстандық жүрегімен түсінді. Осы күннен мәдени дәстүрлер мен ұлттық сананың жандануы басталды. Қазақстан өзін әлемдік аренада конституциялық қағидаларға, азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне негізделген, құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде жариялады.
– Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік”, – деп Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан нақты жаңа ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында айтқан сөздері Отанымыздың, барлық қазақстандықтардың табыстары мен жетістіктерінің дәлелі болып табылады.
Көшбасшының дана және сындарлы саясатының арқасында еліміз әлемнің танымал, бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. Қазақстанның бірінші қадамы ядролық полигонды жауып, ядролық қарулардан бас тартуы оның бейбіт өмірді, елдегі тыныштықты қалайтындығын дәлелдеді. Көпұлтты мемлекет негізінің белгісі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру да еліміздің басты ерекшеліктерінің бірі болды. Мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі қиындықтарға қарамастан, зауыттар қайта жұмыс істей бастады, отандық ғылым мен мәдениет жанданды. Қазақстанның халықаралық бастамалары елімізге әлемдік аренадағы танымалдылықты әкелсе, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдері жетекшілерінің арасында лайықты беделге ие болды.
Мемлекеттің алға қойған міндеттерінің ішінде халықтың тіршілік ету қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де басты талаптардың бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары елімізде төтенше жағдайлар салдарының алдын алу және жою жөніндегі міндеттерді шешуге қабілетті жүйе құрылды. Жыл сайын біздің қызметкерлеріміз жүздеген адамның өмірін құтқарып, төтенше оқиғалардан зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Бұл үдеріске облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қосып отырған үлесі де елеулі. Департаменттің жыл бойы атқарған жұмысының нәтижесі бойынша былтырға қарағанда биыл төтенше оқиғалар саны – 42 пайызға, оқиға кезінде зардап шеккендер – 46 пайызға, қаза болғандар 12 пайызға төмендеді.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында департаменттің жүйелі жұмысы оң нәтижесін беруде. Өткен жылмен салыстырғанда биыл өрт оқиғасы – 14 пайызға, жарақаттанғандар 30 пайызға кеміді. Оған тұрғын үй секторларындағы тұрғындармен және бақылаудағы нысандарда профилактикалық жұмыстар көп жүргізілуінің үлкен септігі бар. Департаменттің апаттық-құтқару қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру жұмысы үнемі назарда ұсталады. Сондай-ақ, саланың материалдық-техникалық базасы да жылдан-жылға жақсаруда. Бұл қызмет есепті кезең ішінде өртті сөндіру мен апаттан құтқаруға 2166 рет шақырту алып, онда 413 адам құтқарылды. Төтенше жағдай орын алған аумақтардан қауіпсіз жерге 2764 адам көшіріліп, 356 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Апаттық құтқарулар мен төтенше жағдайлардың халықаралық деңгейде шешілетін кездері де болады. Біздің өңір құтқарушылары шекаралас жатқан ресейлік әріптестерімен ынтымақтастық орнатқан. Мәселен, биылғы жылы трансшекаралық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша Ресей Федерациясының Түмен облысымен бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастырды.
Азаматтық қорғаныс саласын дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Биыл ұйымдарда, кәсіпорындарда 550 оқулар мен жаттығулар өткізілді. Құтқарушылардың кәсіби дайындығы аса маңызды. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде адамдардың абыржуына жол бермеу құтқарушылардың біліктілігімен жүзеге асады. Департаменттің 464 қызметкері оқуға шақырылды. Балаларды төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттерге үйрету үшін облыс мектептерінің оқушылары қатысқан 13 интерактивті сабақ өтті.
Департамент бөлімшелерінде Тәуелсіздік таңы атқан жылы өмірге келген 36 қызметкеріміз бар. Бүгінгі жас мамандардың жауапкершілігіне, рухани өсуге деген талпынысына қарап, елдің болашағына деген сенім ұлғаяды. Осы орайда, ойымды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Тәуелсіздік алуда бірнеше ұрпақтың еңбегі бар. Сондықтан бұл мерекені тойлау әр қазақстандық үшін ерекше мағынаға ие болмақ. Қазіргі ұрпаққа Тәуелсіздікті сақтау және нығайтуда айрықша тарихи жауапкершілік жүктеліп тұр”, – деген сөзімен тұжырымдағым келеді.
Ерік САРЫБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі.