
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Көлік және коммуникациялар министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Амантай Қоқатаев жаңартылған ғимараттың көк таспасын қиды.
Бүгінде нормативтік мүмкіндігі бойынша сағатына 200 жолаушы өткізе алатын нысан халықаралық деңгейдегі әуе қатынастарына лайықты құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Қолданыстағы ұшу-қону жолағының жамылғысы 10 сантиметрлік асфальт-бетонмен қапталса, жолақ 2800 метрге дейін ұзартылып, 45 метрге кеңейтілді. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жарық дабылын беру қондырғысы орнатылып, жаңа апаттық құтқару стансасы салынды. Жаңғырту жұмыстарынан кейін әуежай жаңа заманға сай әуе кемелерінің барлық түрін қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Мұның өзі жолаушыларға жақсы жағдай тудырары сөзсіз.
Солтүстікқазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаған Ерік Сұлтанов әуежайды одан әрі жетілдіру перспективалары туралы баяндады.
– Бүгінде республикалық бюджеттен бөлінген 6 млрд. теңге қаражатқа халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолақтарын жөндеу жұмыстары, жолаушылар терминалын қайта құру аяқталды. Үстіміздегі жылғы 8 қарашадан бастап Петропавл қаласынан Астанаға ұшақтар қайта қатынай бастаған еді. Енді тұрғындарымыз Алматыға да жету мүмкіндігіне ие болып отыр. Ұшақтар рейстерінің бағалары да қолжетімді, – деген Ерік Хамзаұлы соңғы уақыттағы жетістіктерімізбен бөлісе отырып, мерейлі мерекемен тағы бір мәрте құттықтады.
Бір атап өтерлігі, біздің облыс арқылы алыс та жақын шетелдерге көптеген әуе жолдары өтеді. Халықаралық мәртебесі бар, географиялық жағынан қолайлы жерге орналасқанымен, әуежай бұған дейін өзінің бар мүмкіндігін пайдалана алмай келген еді. Сөйтіп, әуе кеңістігі бағытындағы жұмысын кеңейте алмады. Соның әсерінен өңірдің тұрғындары мен қонақтары шетелдерге Көкшетау, Астана және Алматы әуежайлары арқылы ұшып жүрді. Осыған орай облыс әкімі әуежай басшылығына жолаушылар базалары мен рейстерді ұлғайту жөніндегі іс-шараларды жүйелі жүргізуді тапсырды. Айталық, алдағы уақытта Петропавл әуежайы республиканың ішін айтпағанда, “Air Astanа”, “Bek Air” және “Scat” әуе компаниялары сияқты таяу және алыс шетелдердің қалаларына жолаушылар тасымалдау рейстерін қалыптастырып, тұрақтандыруы қажет.
Шара барысында “Scat” компаниясының №738 Петропавл-Алматы рейсіне тіркелу басталды. Бұл бағытта рейс аптасына екі рет жүзеге асырылады. Облыс орталығынан көкке көтерілген ұшақ 1 сағат 50 минутта Алматы қаласының әуежайына қонады. Рейстің екі бағдарына да бір баға – 18500 теңге. Алғашқы рейске 44 жолаушы билет алды.
Алғашқы болып билет алғандардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Толқын Сапарғалиұлы. Бұған дейін пойызбен екі тәулік жүріп келген ол әуе рейсінің ашылуының арқасында туған қаласына жылдам жететіндігін тілге тиек етті.