«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІМІЗ ҮЛГІ БОЛАЙЫҚ

Бүгінде, Құдайға шүкір, еңселі егемендігіміз бар. Жеріміз шұрайлы, мұнайлы, дініміз кәміл, халқымыз аман, жұртымыз тыныш. Әлемнің дамыған елу елінің қатарына еніп, отыздыққа бет алдық. Қысқы Азия біріншілігін де дүркіретіп өткізіп, Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып, өз дәрежемізді тағы да әлемге мойындаттық. Елбасымыз айтқандай, “Абылай аңсаған арманға қол жеткіздік”. Десек те, бабаның қанымен, ананың сүтімен өн бойымызға дарыған қазақ тілін кейбір ағайындарымыздың менсінбейтіні, ана тілінде сөйлемейтіні қынжылтады.

Дәуірінде қылышты сертінен айырып, ханды бұйрығынан қайтарған, алмастан да өткір қазақ тілінің жағдайы бүгінде көңіл көншітпейді. Кейбіреулер өзге ұлт өкілдері қазақ тілін менсінбейді деп жатады. Өзгені былай қойғанда, қазағымыздың өзі туған тілін өзекке тепсе, өзгеге не деп кінә артамыз? Бар кінә – өзге тілде шүлдірлеп, ана тілін менсінбеген түрі ғана қазақ ағайындарымызда. Олардың түртіп қалса, түгі қисаймайтын намыссыздығында. Тіпті, “Маған қазақ тілінің керегі шамалы”,– дейтіндері де бар. Жаның ауырады… Қамығасың…

Өзім тұрып жатқан Мамлют ауданының саусақпен санарлық екі-үш ауылы ғана қазақша атауға ие. Ал қалғандары Краснознаменное, Беловка, Калугино, Дубровное… болып кете береді. Ол аз болғандай, Бексейітіміз бен Бостандығымыз “Бек-Сеит”, “Бастандык” болып айтылады. Тағы да жүрегің жылайды…  

“Президент қазақша сөйлеп тұр, Парламент орысша ойлап тұр” деп өкініп жырлаған Алмас Темірбай ақынның жыр жолдары еріксіз ойға оралады. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық болып, қазақ тілі пәні мұғалімдерінің сағаттарын да қысқартып тастады. Ұстаздардың алатын нәпақаларын қызғанды ма, жоғары жақтың мұнысын түсінбедік.

Жерін басып, суын ішіп, адалынан асын алған елдің тілін қастерлемеу сүйекке салған таңба емес пе? “Көш жүре түзеледі” дейді. Ең бастысы, елім деп ел тізгінін ұстаған ел ағалары аман болсын. Сонда ғана тіл тамырына балта шабылмайды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

Краснознаменка орта мектебінің

қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp