«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРЛЕРІ ЖАСТАРҒА ҮЛГІ

 

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласында тұратын соғыс және тыл ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.

Алдымен соғыс ардагері Елена Макарованың үйіне барған өңір басшысы қарияға өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолында жасаған ерен ерлігі үшін алғысын білдіріп, теледидар сыйлады.

Соғыс басталғанда 18 жастағы Елена Степановна сын сағатта қатарластарынан қалмай, майдан шебіне сұранған. Алдымен бойжеткен Саратов облысының Вольск қаласындағы әуетехникалық мектепте арнайы алты айлық даярлықтан өтеді.

Ол соғыс жылдарында кең пайдаланылған, жауға қырғидай тиген атақты “ИЛ-2” шабуылдаушы ұшақтарының моторын жөндеудің нағыз шебері болады.

Соғыс жылдары фашистердің әуе полкіндегі ұшақтарды бомбалау кезінде жарақат алған жерлесіміз елге қайтқан соң 38 жыл бойы облыстық адвокаттар алқасында қызмет еткен. Бүгінде асыл жар, аяулы ана, ардақты әже бауырынан тараған жалғыз ұлынан немере, шөбере көріп отыр. Екінші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” орденімен, “Германияны жеңгені үшін”, басқа да медальдармен марапатталған қария атаулы күн қарсаңында көңіл бөліп, құттықтауға келген құрметті қонаққа өз ризашылығын білдірді.

Бұл күні өңір басшысы тыл еңбеккері, көпбалалы ана Орынтай Мұқышеваның үйіне де атбасын бұрып, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Тоқсанға аяқ басқан қария Ерік Хамзаұлымен болған әдемі әңгіме барысында өзінің өмірі, әулеті, ұрпағы жайлы сөз қозғады.

Облыс орталығында кенже ұлының қолында тұратын тыл еңбеккері халықтың басына қара бұлт үйірілген соғыс жылдары ауылдастарымен бірге ауыр жұмысқа жегілген істеген нағыз еңбек адамы. Ол 18 жасында болашақ жұбайы Сәліммен танысып, шаңырақ көтерген. Он үш сәбиді дүниеге әкелген ана балаларын асырау үшін фермада сауыншы, мектепте еден жуушы болып та еңбек еткен.

Бүгінде 36 немере-жиеннің, 17 шөберенің тәтті қылықтарына той-май жүрген Орынтай әженің ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол өміріне риза. Өңір басшысы ақ жаулықты анаға теледидар табыстады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp