«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМДЕРІ ӨТІМДІ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұлықтауға арналған жұлдызды 25 күн акциясы аясында Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері өнімдерінің көрмесі өтті. Көрмеге қойылған өнімдерді сатуға да мүмкіндік жасалды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мен өңірімізге арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко көрмедегі өнімдердің сапасымен танысты.

Көрмеде өңірдің дамуына үлесін қосып жүрген Петропавл қаласының және Қызылжар ауданының азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын шағын және орта бизнестің 25 өкілі тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынды. Тәтті тағамдар өндірумен айналысатын “Петропавл кондитер”, ет өнімдерінің 100-ден аса түрін шығаратын “Казмясопродукт” серіктестіктері, теріден сапалы аяқ-киім тігетін “Tigran”, ұн үгетін “Нұростит LTD”, үй жануарларының құрғақ тағамдарын дайындайтын “Yummi”, тағы басқа кәсіпкерлер қадірменді қонақтарға өз өнімдерін кеңінен таныстырып, алдағы жоспарлары жайында да ой бөлісті.

Ерекше сұранысқа “Казмясопродукт” ЖШС өнімі ие болды. Еттен жасалған 60-қа жуық тауар түрлерін әкелген кәсіпорын бір айда 90 тонна өнім шығарады, серіктестік шикізатты сырттан сатып алмайды. Өзінің бордақылау алаңында айына 750 қара мал сояды.

– Біздің шұжықтар және жартылай дайындалған ет өнімдеріміз тұтынушылардың көңілінен шығып жүр. Сатып алушылар қатары артып келеді. Біз үнемі өнімнің түрлерін кеңейтіп, қаптамасын ыңғайлы етіп жасауға тырысамыз. Бүгінде еліміздің өзге қалаларымен байланыс орнатып жатырмыз. Астанада фирмалық дүкеніміз бар, – дейді серіктестіктің сауда бөлімінің басшысы Артур Потехин.

“Нұростит LTD” серіктестігі жоғары сапалы ұн ұсынды. Сатушы Любовь Старостенконың айтуынша, бағасы қолжетімді. Атап айтқанда, 10 килограмм – 820, 25 килограмм – 2050, ал 50 килограмм ұн 3700 теңгеден сатылды. Елді мекен тұрғындары дүкен бағасынан біршама төмен өнімге қызығушылық танытты.

Шараның маңыздылығын тілге тиек еткен Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Тілеубай Есжанов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай сөреге қойылған өнімдер базардағы бағадан 10-20 пайызға төмен сатылатындығын айтты. Кәсіпкерлер көрме өткен “Левин” жиһаз дүкеніндегі сауда орнында бір ай бойы тегін сауда-саттық жасау мүмкіндігіне ие болды. Әрі қарай жұмыс істеп, тұтынушысын табуға ниет білдірген кәсіпкерлер нысан иесімен өзара келісімшартқа отыратын болады.

Қонақтар дүкеннің екінші қабатына көтеріліп, “Левин” цехы жасаған үй жиһаздарын тамашалады. Ел Тәуелсіздігімен құрдас кәсіпорын 70 түрлі тұрмыстық жиһаз жасаумен айналысып, 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Біздің кәсіпорында қажетті өндірістік алаң және жиһаз жасауға арналған тиісті құрал-жабдықтар бар. Қазіргі уақытта кәсіпорын ас ішетін, қонақ күтетін бөлмелерге қажетті жиһаздардың барлық түрлерін, орындықтың оннан астам түрлі нұсқасын жасайды. Шығарылған өнімдер мемлекеттік стандарттың барлық талаптарына сай, сәйкестік сертификаттарымыз да бар, – дейді кәсіпорын басшысы Елена Левина.

Өнім Петропавлға ғана емес, Астана, Ақтау, Көкшетау, Степногорск, Қарағанды, Шымкент, Атбасар, Павлодар, Жезқазған сияқты қалаларда да саудаланады. Жиһаздардың сапалылығы мен қайталанбайтын дизайны тауарға деген сұранысты арттыра түсуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp