Облыс орталығындағы “Қала-Нан” жеке кәсіпкерлігінің өнімдері тұтынушылар тарапынан ерекше сұранысқа ие. Нарықтық бәсекелестікте өз орнын тапқан кәсіпорынның бүгінгі беталысы да жаман емес.
“Қала-Нан” жеке кәсіпкерлігі 2009 жылы құрылған болатын. Алғашқы қадам да оңай болған жоқ. Біраз қиындық көріп, ұмтылыс жасады. Біз білмейтін күрмеуі қиын мәселелер өз алдына жетіп артылады. Бірақ Искандер Мурадов ұлдары Ильяс, Джанполатпен бірге отбасылық бизнесті өркендету үшін біраз еңбек етті. Мурадовтар барлық қиындықтарды еңбектің арқасында еңсере білді. Цехты қажетті құралдармен жабдықтап, бүгінде нан және тоқаш өнімдерінің 40-қа жуық түрін дайындаумен айналысуда. Сұраныс та жоғары. Петропавл қаласы және Аққайың, Мамлют, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл аудандарындағы мекемелер мен дүкендерге нан өнімдері жеткізіледі.
Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа жылдан бастап нан бағасы еркін айналымға жіберілетінін хабарлаған болатын. Нан бағасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер де айтылуда. Осы орайда кәсіпорын директорының орынбасары Ильяс Мурадовты сөзге тартқанымызда ол еліміздегі экономикалық себептерге байланысты нан бағасын нарық өзі реттеп отырғанын жеткізді.
– Жаңа жылға дейін нан 45 теңгеден сатылды. Қалалық әкімдіктің қолдауымен бұған дейін арзан бағамен ұн сатып алуға мүмкіндігіміз болды. Биылғы жылдан бастап нан бағасы еркін айналымға жіберілді. Бұл мәселеде түсіністік танытуымыз қажет. Өйткені, қазір біз ұнның бір килограмын 70 теңгеден сатып алудамыз. Бұрын оның бағасы 50 теңге тұратын. Қазіргі таңда сұйық май, тұз бен ашытқы да едәуір қымбаттады. Коммуналдық төлемдер үшін де жаңа тарифтер бекітілді. Ал мұның барлығы нан бағасының қымбаттауына әсер етеді. Сондықтан бір бөлке нанның бағасы 60 теңгені құрап отыр, – дейді ол.
Елдің экономикалық жағдайының еңсесін тіктеуі шағын және орта бизнес саласына тікелей қатысты. Өйткені, шағын кәсіпорындар экономикалық ахуалдың түзелуіне айтарлықтай жағдай жасайды. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ерекше басымдық беруде. Сондықтан қазір кәсіпкерлер үшін нағыз оңтайлы сәт. Бұл ретте аталмыш серіктестік те бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Биыл кондитерлік цехты іске қосуды жоспарлап отырған “Қала-Нан” басшылығы жұмысшылардың жалақысын өсіретіндерін жеткізді. Мемлекет тарапынан бизнесті дамытып, нық тұруға жағдай жасалғандықтан, қара басының қамын күйттеумен ғана емес, елге де қарайласуды ұмытпаған кәсіпорынның болашағы зор. Бүгінде өздеріне тиесілі жеке цех ғимараты бар. Нан пісіру цехында 20 адам жұмыспен қамтылған. Болашақта кәсіпорын ауқымын кеңейтіп, тағы бірнеше жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Тәулігіне мұнда 10 мың бөлке нан пісіріледі. Ал ай сайын 100 тонна шикізат қоры қажет.
Еліміздегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан, бүгінде кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек те айтарлықтай. Мәселен, аталмыш серіктестік 2014 жылы “Даму” қорының қаржылай қолдауымен 26 миллион теңге несие алып, жағдайларын түзеген. Қазір цехта Италия, Түркия, Ресей елдерінің және отандық заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Яғни, жұмыс жартылай автоматтандырылған. Бүгінде серіктестік ұжымы ауқымды шараларды қолға алып, болашақта кондитерлік өнімдердің түр-түрін шығаруды жоспарлауда. Сондықтан барлығы да бұл іске жұдырықтай жұмылып, жарқын болашаққа жақсы жобалармен ұмтылуда.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.