«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР БАСШЫСЫ МИТРОПОЛИТПЕН ЖҮЗДЕСТІ

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен жүздесті.

Ерік Сұлтанов Дінбасы Александрға қош келдіңіз дей отырып, Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның ең көпконфессиялы және көпұлтты өңірлерінің бірі болып табылатынын атап айтты.

“Православие шіркеуі біздің өңірімізде татулық пен келісімнің нығаюына, мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы игі үнқатысудың дамуына зор үлес қосып келеді. Осыдан он жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен бір күнде облыстық “Қызылжар” орталық мешіті және Вознесение кафедралдық соборы шаңырақ көтерді”, – деді Ерік Хамзаұлы.

Өңір басшысы Дінбасы Александрды қызметінің 40 жылдығымен құттықтап, естелік ретінде Солтүстік Қазақстан облысы туралы кітапты сыйға тартты.

Өз кезегінде Астана және Қазақстан митрополиті Александр Солтүстік Қазақстан облысына бірінші рет келіп отырмағанын жеткізді.

“Қазақстан үшін 2015 жыл – көптеген ұмытылмас оқиғалар кезеңі. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ырыс қонған қазақ жерінде этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің салтанат құруына үлкен көңіл бөліп келеді. Соның ішінде Сіздің өңір де бар”, – деп атап айтты ол.

Дінбасы Александр шіркеу мен мемлекет қарым-қатынастарын орнатып, нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстанның православие шіркеуі синодының тапсыруымен облыс әкіміне Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие шіркеуі митрополиті округінің жоғары марапаты – “Алғыс” (“Благодарность”) орденін табыс етті.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp