
Қазіргі кезде орталық гимназияның ғылыми-зерттеу бағытындағы тәрбие үдерісі және әдістемелік бірлестіктерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Мәселен, “Абай шығармаларындағы тарихи-танымдық мағлұматтар” тақырыбын тарих пәнінің мұғалімі Альбина Некібаева 9-сынып оқушыларымен бірге зерттеді. Олар ақынның “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” атты қарасөзін ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында жазылған ғалымдардың деректерімен салыстыра, байланыстыра отырып, ғылыми жоба жазды.
Әдебиет пәні мұғалімінің жетекшілігімен “Абай поэзиясы мен қарасөздеріндегі сандар әлемі” тақырыбы зерттелді. Ол облыс мектептерінде “Абайтану” курсын жүргізіп жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің назарына ұсынылды. Тіл мен әдебиет пәндерінен сабақ беретін жас мұғалімдерге ұлы ақынның мұрасын оқыту кезінде оған байланысты әдебиетші-ғалымдар зерттеп, зерделеген еңбектердің қай тұсына баса көңіл аудару керектігі айтылды.
Гимназияның әдістемелік бірлестіктері “Абай іліміндегі табиғат пен жан иелерінің өзара байланысы”, “Абайдың имандылық ілімі”, “Абайдың отыз сегізінші қарасөзі және поэзиясындағы орны”, “Абайдың педагогикалық қарасөздері” тақырыптары бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен бірге, оқыту қазақ және орыс тілінде жүргізілетін мектептердің оқу жоспарына факультатив ретінде енгізілген “Абайтану” курсын жүргізу де орталықтың басты жұмыстарының бірі болып табылады.
“Абайтану” курсының бағдарламасы негізінде жоғары сыныптарға арналған күнтізбелік-тақырыптық жоспар құрылды. Ол “Абайтану” факультативін жүргізіп жатқан облыс мұғалімдеріне таратылды. Орталықтың іс-тәжірибесі негізінде “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар” тақырыбында оқу-әдістемелік құрал шықты.
Мектеп оқушысының шығармашылық әлеуетін жетілдіруде “Дарын”, “Зерде” ғылыми жобалары мұғалімді ізденіске жетелейді. Біз көбінесе зерттейтін тақырып таба алмай жүрген мұғалімдерге әдістемелік көмек ұсынамыз. Мәселен, “Абай Құнанбаевтың “Ескендір” поэмасы мен Т.Ізтілеуовтің “Ескендір” хикаясының тақырыптық-идеялық жақындығы”, “И.С.Тургеневтің “Шығыс аңызы” атты әңгімесі мен Абайдың “Масғұт” поэмасы арасындағы мазмұндық, идеялық үндестік”, “Абай поэзиясындағы оқшау сөздердің қолданылу ерекшеліктері” сияқты тақырыптар жас мұғалімдерді ізденіске, шығармашылыққа ынталандырады.
Гүлбаршын ЕСМҰҚАНОВА,
С.Шаймерденов атындағы
қалалық классикалық гимназиясындағы
“Абайтану” орталығының жетекшісі.