«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНДЕГІ ОҢ СЕРПІН

Солтүстік Қазақстан облысы, негізінен, аграрлық бағытты ұстанады. Жыл өткен сайын өңірдің агроөнеркәсіп кешені (АӨК) дамудың оң серпінін көрсетіп келеді. Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында аграрлық сектордың үлесі 24 пайызды құрайды. Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша 2015 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 200,9 млрд. теңгені құрады, ал табиғи индекстің көлемі (ТИК) 106,5 пайыз болды.

Мемлекет тарапынан аграрлық секторға зор қолдау көрсетілуде. Ауыл шаруашылығы өндірісін демеуқаржыландыру үшін 2015 жылы бюджеттен 17,2 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 700 млн. теңгеге көп. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына құйылатын инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға сомасы 36 млрд. теңгенің инвестициясы салынды.

Өсімдік шаруашылығы жергілікті АӨК-ні дамытудың басым бағыты болып есептеледі. Біздің облыс – нан пісіру мен технологиялық сапасы жоғары жаздық бидай өсіретін өңірлердің бірі. Өсімдік шаруашылығы өңірді картоп, көкөніс өнімдерімен, сол сияқты мал шаруашылығын жем-азықпен толық көлемде қамтамасыз етеді.  

Облыста бәсекеге қабілетті және экспортқа негізделген дақылдар өсіруді қайта бағдарлау бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. Соған орай үстіміздегі жылы облыста егістік алқаптары 4366,4 мың гектарға дейін ұлғайтылды, бұл 2014 жылғыдан 19,6 мың гектарға көп. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар аумағы 3210 мың гектарды құрады, майлы дақылдар – 469,7 мың гектар. Егістік алқапты әртараптандыру мақсатында жемазық дақылдарының алқабы 47,5 пайызға ұлғайтылып, 653,6 мың гектар болды.

Жедел мәліметтер бойынша үстіміздегі жылы 5,5 млн. тонна астық жиналды, гектар берекелігі – 17,4 центнер. Орақ науқанында 405 мың тонна майлы дақылдар бастырылды.

Астық жинау көлемінің өсіміне заманауи технологияларды енгізу және саланы техникалық жағынан жарақтандыру игі әсерін тигізді. Аталмыш көлем жаңа орақ науқанына дейін облыстың ішкі қажеттілігін өтеуге, экспорттық әлеует пен Қазақстанның басқа өңірлеріне астық жөнелтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл топырақтың құнарлылығын арттыру үшін 675 мың гектар алқапқа 46 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңірілді.

Жыл сайын республика бойынша жиналатын жоғары сапалы астықтың 30 пайызы біздің облыста өндіріледі.

Солтүстікқазақстандық астықты қабылдаумен және сақтаумен жалпы сыйымдылығы 3,4 млн. тоннаны құрайтын 54 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары айналысады. Бұдан басқа облыстағы агроқұрылымдардың 3,1 млн. тонна астық сақтай алатын қоймалары бар. Астық сақтау сыйымдылығының жалпы көлемі – облыс бойынша 6,5 млн. тонна. Өңірде жаңа орақтың астығын сақтау 100 пайызға қамтамасыз етілген.

Облыстың агроқұрылымдарында машина-трактор паркін жаңғыртуға арналған жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері 11,2 млрд. теңгеге 862 заманауи техника, оның ішінде агролизинг бойынша – сомасы 4,9 млрд. теңгеге 208 техника сатып алынды.

Үстіміздегі жылы облыстың машина-трактор паркін отандық техникамен жаңғыртуды қамтамасыз ету мақсатында және индустрияландыру картасы аясында финдік “Sampo” компаниясымен бірге астық және жемазық техникаларын шығаратын “ҚазТехМаш” зауыты пайдалануға берілді. Осы өндіріс орнында құрастырылған 22 комбайн 2015 жылдың орағына қатысты.

Мал шаруашылығы ауыл экономикасының негізгі салаларының бірі болып саналады және жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі соны дамытуға байланысты.

Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда мал мен құс санының 3-тен 9 пайызға дейін өскені байқалады. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру де артып келеді. Жыл басынан бері тірі салмақта 65,9 мың тонна ет өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда – 100,2 пайыз, 421,2 мың тонна сүт сауылды немесе 106,6 пайыз, 483,7 млн. жұмыртқа алынды немесе 116 пайыз.

Мал шаруашылығы өнімдерінің өнеркәсіп өндірісі жүйесін құру қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаға жағдай жасайды. “2011-2015 жылдарға арналған қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасы іске асырыла бастағаннан бері жалпы саны 11 мың бастан асатын 41 асылтұқымды репродуктор шаруашылық, 11,8 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы құрылды, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар құру үшін 18 мың бастан асатын ірі қара сатып алынды.

Облыс шаруашылықтары “Сыбаға” бағдарламасы бойынша – 2537 бас қара малға, “Құлан” бағдарламасы бойынша – 1584 жылқыға, “Алтын асық” бағдарламасы бойынша 5007 қойға қол жеткізді. “Ырыс” бағдарламасының арқасында бес тауарлы-сүт фермасы құрылды.

Сүтті мал шаруашылығында қыруар жұмыс атқарылды. Қызылжар ауданында “Зенченко және К” КС мен Тайынша ауданында “Тайынша-Астық” ЖШС-нің заманауи тауарлы сүт кешені жұмыс істейді. Оларда немістің “Вестфалия” фирмасының бір мезетте 50 сиыр сауатын “Карусель” қондырғысы орнатылған.

Канададан әкелінген голштин тұқымды сиырлардың әрқайсысы жылына 8 мың литрге дейін сүт береді. “Нұрсен-Агро” мен “Петерфельд-Агро” ЖШС-лері мен “Леонов” ШҚ-ның заманауи сүт кешендерінде әр сиырдан 4,5 мың литрден артық сүт сауылуда.

Қазіргі кезде облыста 50-ден астам сүт өндіретін шаруашылық бар, олардың 12-сі – заманауи сүт кешендері.

Аққайың ауданындағы “Дайындық” ШҚ-да 300 басқа арналған заманауи сүт кешені іске қосылды. Қызылжар ауданындағы “Якорь” ЖШС-інде сиырларды байлап ұстайтын сүт фермасы қайта жаңартылды, осындай жұмыс Қызылжар ауданындағы “Редин” ШҚ-да, Тайынша ауданындағы “Новый труд” ЖШС-інде, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Нежинка-Ерке” ЖШС-інде, Есіл ауданындағы “Столыпинское” ЖШС-інде жүргізілуде.

Тайынша ауданындағы “Вишневское” және “Тайынша-Астық” ЖШС-лерінде 3,0 мың бас малға арналған мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде, оларға сатып алынатын торпақтар экспортқа бағдарланатын болады.

Облыс экономикасын дамытуда ұқсату кәсіпорындары да қомақты орын алады. Бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығында шығарылатын өнеркәсіп өндірісі көлемінің 45 пайызы өңделеді, ал облыстың ұқсату кәсіпорындарында 65 пайызы.

2015 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында азық-түлік тағамдарын өндіру көлемі ақшалай есептегенде 54,6 млрд. теңгені құрады.

Жыл басынан бері сомасы 650 млн. теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды және жаңғыртылды. Соның арқасында 103 жұмыс орны ашылды.

Солтүстік Қазақстан облысы маңызды экспорттық әлеуетке ие. Жыл сайын сомасы 460 млн. АҚШ долларын құрайтын астық, ұн және майлы дақылдар тұқымы экспортқа шығарылады.

(Ауыл шаруашылығы басқармасының материалы бойынша әзірленді).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp