«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙҚЫН МАҚСАТ АДАСТЫРМАЙДЫ

“Адам өмірде екі нәрседе қателеспеуі ләзім. Бірі өмірлік серігімен табысуы болса, екіншісі – мамандық таңдауда” деген ұғымның дұрыс айтылғанына жоғары оқу орнын тамамдап, жұмысқа орналасқанымда көзім жетті.

Тимирязев ауданына қарасты Дружба ауылындағы мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенімде ата-анам мамандық пен оқу орнын таңдауды өз еркіме тапсырды. Сол күннен бастап санамды педагог болсам деген ой мазалады. Кейін ақ халатты абзал жан атануды да арманға айналдырып, оған жету үшін биология пәнін тереңдетіп, ізденіспен оқып, біраз тер төккен кездерім де болды. Тестің төрт нұсқасына терең үңіліп, талдап, медицина тақырыбындағы ғалымдардың еңбектерімен етене таныса бастасам да, алайда ішкі ниетім химияға бұрып тұрды. “Алланың тағдыр деген несібесі, адамның ниетімен жазылады” деген содан болар, мектепті бітіріп, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті “Жаратылыстану-география” факультетінің химия мамандығына оқуға түстім. Ықылас пен талабымның арқасында аталмыш мамандықты жақсы бағамен бітіріп, Петропавл қаласындағы “Молпродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне инженер болып жұмысқа орналастым. Екі жыл бойы қатардағы қарапайым жұмысшы бола жүріп, химия саласындағы, өндірістегі түрлі өзгерістерге қанық болдым, жаңа технологиялармен таныстым.  

Екі жыл жемісті еңбек етіп, ұжыммен етене араласып, өзім жұмыс істеп жүрген саланың жай-жапсарына қанығып, үстіміздегі жылдан бастап зертхана меңгерушісі болып жұмысымды жалғастырып келемін. Бұл теңізге құйған тамшыдай жетістігімді ерінбей еңбектену және алға ұмтылуымның, білмегенімді ынта қойып үйренуімнің жемісі деп түсінемін.

Қай кезде, қай салада болсын білім мен ізденістің бәсі бөлек. Себебі, ұмтылысы жоғары жас мамандарға, жұмысшыларға қашанда сұраныс жоғары. Осындай өскелең талап деңгейінен табылып, өзімдей жастарды еңбекке тартып отырған “Молпродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңірімізге ғана емес, елімізге танымал кәсіпорындардың бірі. Тәулігіне екі жүз елу тоннадай сүт өнімдерін шығаратын серіктестік қызметкерлері Германияда жасалған жаңа технологияның көмегімен уақыт ағымына сай табысты жұмыс істеуде.

Диана ҚАБДУЛЛИНА,

“Молпродукт” жауапкершілігі шектеулі

серіктестігінің зертхана меңгерушісі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp