«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Александр КУРЛЕНЯ

1958 жылы Петропавл қаласында туған.  

Филолог, отыз жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Соңғы жылдары Петропавлдағы Мұрат Айтқожин атындағы №1 мектепке басшылық етуде.

Бірнеше жыр жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленген. Өлеңдері облыстық, республикалық әдеби басылымдарда жарияланып жүр. Қазақ ақындарының өлеңдерін орысшаға аударған.

МАҒЖАНҒА

Айналдым сендей қыраннан,
Сарыарқаның саңлағы.
Түлеп ұшқан Тұраннан,
Сен – қазақтың ардағы.

Көк түріктің ұланы,
Тамырың да тереңде.
Жырдың асқақ қыраны
Жаратылған өлеңге.
Ұлтың – сенің жан-нұрың,
Өмірің ғой өлеңің.
Қазағыңның тағдырын
Жырлап өткен сен едің.

Қасиетіңді біз осы
Ардақтасақ, теріс пе?
Заманының тізесі
Батып кеткен періште!
Сен құрметке бөлендің,
Соны жүрем ойлаумен.
Мәңгі өшпеді өлеңің,
Өз көзіңді жойғанмен.

Нұрға бөлеп еліңді,
Тәнті болды талай жан.
Жендеттерің жеңілді –
Сен өлмедің, о, МағжанІ

* * *

Ақиқатты ақтаруға хақым бар,
Жүректегі шындығыма сай қылып.
Ажал құшып, қаза болса ақындар
Жылайды екен қара жер де қайғырып.

Бұл Тәңірдің қалауы ма білмедім,
Тапаншаны ақындарға кезенген.
Қара бұлттар жайлап алып жыр көгін,
Зұлымдықтың зардаптарын сезем мен.

Кемеңгерге құзғындар ғой кектенген,
Сұрқиялық бейнесімен тасалай.
Ал ақындар бар өмірін өткерген
Жүрегіне еш қиянат жасамай.

Нақұрысқа бас исін бе шын ақын,
Тапаншаны тұрса да ажал кезеніп?!
Жырыменен тапқан жанның қуатын
Ақындардың ұлылығын сезелік.

Сен, Мартынов, қайдан сая болып ең,
Саған-дағы, Дантес мырза, жол болсын?!
Лермонтовты, Пушкинді жыр көгінен
Сұм ажалмен тұншықтырған сендерсің!

Жыр құндағы – Парнас жасқа көмілді,
“Қара өзеннің” әсерлі емес аты онша.
Қос кемелдің қаны судай төгілді,
Кезелгенде кеудесіне тапанша.

О, сұмдық-ай! Мүлт кетпестен нақ атқан,
Нақұрыстар бұл тірлікте оңбасын.
Қос ақынды қорғай алмай Жаратқан,
Жер құштырған тырнақтай-ақ қорғасын.

Мезгіл өтті, ол әмірге қарай ма,
Елемейді ол зұлымдардың шатағын.
Ұлылардың жұрнағындай қалайда
Жас ақындар шашты жырдың шапағын!

НАУРЫЗ

Наурыз келді – бұл көңілге бір медет,
Жер бетіне нақ осындай нұр керек.
Ақ қайыңдар бойжеткендер тәрізді
Жанарларын жылы самал тұр бөлеп.

Қасат қардың қалмағандай қауқары,
Ызғырықтың ызасы да тарқады.
Самалықтың лебі есіп, желпіген
Шырайлы екен сал-Наурыздың әр таңы.

Қайта оралып, “Көктем” атты қайран ән,
Құс біткен де осы үнмен сайраған.
Бар дүние жаңа туған сәбидей
Жұпарымен еліктірген айналам.
Ақпан, қаңтар міне алмайды кәріне,
Әл бергісі келмегенмен әлі де.
Құстар салып қуанышты әніне,
Ақын да тұр ғашық болып бәріне.

 ЦЕЗАРЬДІҢ АЖАЛЫ

Тәнті болған тәрізді қанша халық,
Қаумалаған Цезарьді қоршап алып.
Ішінен айбарланып Брут шықты
Қанжарын қолға ұстап соншама нық.

Көрмеп еді көпшілік дәсіп бұлай,
Патшасына уытын шашып Құдай.
Ондаған селебелер жалаңдады
Тар жерде қапы қылған пасықтық-ай!

Римнің басын қосып бай-манабы,
Цезарьді құрмет тұтқан қайда-дағы?
Шәкірті – ізін басқан Брут еді,
Қанжарын қалай болды сайлағаны?

Құлады қанжар кіріп кеудесіне,
Қан толып үстіндегі жейдесіне.
“Шырағым, Брут, сен де солай ма едің?”
Дегенде өткен шақтар келді есіне.

Осылай орны толмай күстананың,
Танытты данышпанға дұшпан әлін.
Кешегі қас жауының бірі болған
Тас мүсінді Помпейдің құшты аяғын.

Өлместен зымияндық тұрады нық,
Мұндайға заман өткен куә қылып.
Қосылып бітіспейтін жауларына
Қор қылды қанға бояп мына Брут… 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp