“Ұстаз” деген бес әріптен тұратын мамандыққа бала күнінен құмартқан Сайран Мұстафина мұғалімдіктің барлық сатысынан өтіп, бүгінгі күні Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепке басшылық жасауда.
Жамбыл ауданындағы Ольговка ауылында туып-өскен Сайран Мұстафина қалаға 1997 жылдары балаларын қазақша оқытсам деген оймен көшіп келеді. Мұстафиндер отбасы алғашқы кезде талай қиындықты бастарынан өткереді. Бір-екі жылдай мектепке кіре алмай, күнкөрістің қамымен басқа жұмыстармен айналысып, базар жағалаған. Ауылдан көшіп келгенде тұратын үйлері де болмай, қиналған кездері отбасының шежіресі іспетті ұмытылмақ емес.
2000 жылы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте орын босап, қаладағы ұстаздық жолын орыс тілі пәнінен 10 сағат сабақ беруден бастайды. Ол кезде қазақша сөздік қоры “әкел”, “апар” деген сияқты қарапайым сөздерден аспайтын орыс тілі мұғалімін мектеп директоры Әдия Ахметова жұмысқа алады. Әдия Ысқаққызы: “Бір жыл уақыт беремін. Сол уақытта өзіңді жақсы жағыңнан көрсете алсаң әрі қарай осында мұғалім болып қаласың, істей алмасаң маған өкпелемейсің”, – дейді. Бір жылдан кейін әлеуметтік педагог, сосын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болуды ұсынады. Және орыс тілін жетік білгенмен, қазақша дұрыс сөйлей алмайтын ұстазға Әдия Ысқаққызы “қазақ тілін үйрен” деген талап қояды.
Бұған дейін екі мектепте жұмыс істеп, мұғалімдіктен тәрбие ісінің орынбасарлығына дейін жеткенде, ешкім ондай талап қойып көрмепті. Басшысының “қазақ тілін үйрен” деген талабынан кейін оның ана тіліне көзқарасы түбегейлі өзгеріп, қайткенде де өз тілін үйренуге бел буады. “Қазақ тілін үйренуді облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінен бастадым. Кішігірім мақалаларды оқыдым, білмейтін сөздерді қойын дәптеріме жазып алып, аудармасын жаттадым. Газеттегі шағын мәтіндерді аудардым, солай қазақ тілін үйрендім”, – дейді Сайран Бикенқызы өткенге ой жүгіртіп.
Жеті жыл тәрбие ісінің меңгерушісі бола жүріп өзі де балалармен бірге жетіліп, көп нәрсеге үйренеді. Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын. “Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі” дегендей, бала тәрбиесінде ұсақ-түйек жоқ. Балалардың амандасуынан бастап, киім киісі, сыртқы бейнесі, қоғамдық орындарда өз-өздерін ұстауы – барлығы тәрбиеге байланысты. Аяғын жаңа басқан сәбидей, тәй-тәй басып тәрбие жұмысын ұжыммен бірге бастаған Сайран Бикенқызы “Қоғамға қызмет ету” деген өздерінің бағдарламасын бастайды. Оның жобасын да өзі жасап, ұжым сол бойынша жұмыс істейді. “Онда балалардың мектеп ішіндегі тәрбиесімен қатар, сыртпен, қоғаммен байланысын да қарастырдық. Балаларды көп мекемелерге апарып, мектептен басқа өмірмен таныстырдық. Түзеу колонияларына, әскери институтқа, тағы басқа да мекемелерге апарып, өмірдің жақсы жағымен бірге жаман тұстарының да болатынын көрсеттік. Соның нәтижесінде балаларымыздың көбі Әскери институтқа оқуға түсіп, бүгінде Отанымыздың тыныштығын қорғауда. Олар – біздің мақтанышымыз”, – дейді Сайран Бикенқызы.
Өздерінің дайындаған төл бағдарламаларын 2006 жылы республикалық “Үздік тәрбиеші-ұйымдастырушы” конкурсына ұсынған Сайран Мұстафина Ы.Алтынсарин академиясының арнайы жүлдесімен марапатталады.
– 2010 жылдың 3 наурызында Қожаберген бабамыздың атындағы №6 орта мектепке директор болып тағайындалдым. Жалпы білім беретін мектеп болсақ та, ұжымның ауыз толтырып айтатын жетістіктері бар. Қалалық білім бөлімі 35 мектептің арасында өткізген аралық рейтингте біздің ұжым 98 ұпай жинап көш басына шықты. “Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас” демей ме дана халқымыз. Бұл – ұжымның еңбегі, жетістігі. Ұжымымыз тұрақты, бізден ұстаздар лауазымдары жоғарылап кетпесе, жай кеткен емес. Жібек Теңізова, Айсұлу Қасейінова, Жібек Арықова, Қамиша Нұрмұханова, Қалқаман Қарабатыров сынды ұлағатты ұстаздарымызды үлгі тұтамыз, олар бізге ақыл-кеңестерін айтып отырады. Соларға қарап біз, бізге қарап жастар өседі, – дейді Сайран Бикенқызы.
Университеттен теориялық білім алып келген жастарға ұжымның тәжірибелі мұғалімдері бекітіледі де, оларды өздері үйретіп, тәрбиелейді. Сабақтарына қатысып, қате жерлерін түсіндіреді. Олар жастармен үш жыл жұмыс істейді. Талмай еңбектенудің нәтижесінде таяуда мектептің 5 оқушысы Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар сайысына кетсе, тағы екеуі республикалық олимпиадаға барады. 1-7- сыныптар арасында өткен республикалық ғылыми жобалар сайысында бір оқушы 1-орынды иеленді. Бұл жеңістер – ұстаздың маңдай терімен келген жетістік. Мектеп басшысы әр ұстазбен жеке сөйлесіп, қандай көмек керектігін сұрап, жоспарларымен танысып отырады. Басшының оқу-тәрбие істері жөніндегі орынбасарлары Жанаш Жүсіпова, Айымхан Тәшетоваға қандай жұмысты болсын сеніп тапсыруға болады. Ұжымдағы жайлы ахуал біркүндік жұмыстың нәтижесі емес, бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр.
“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, әке-шеше тәрбиесін алған тоғыз баланың бойында бір жақсы қасиет болса, ол ата-анадан дарыған. “Әкем шопан болды, қарапайым отбасында өсіп, тәрбиелендім. Әкеміз бізді “біреудің ала жібін аттама” деп адалдыққа үйретсе, анам: “Жетім көрсеңдер жебеп жүріңдер. Жетпей жатса бере салыңдар, Құдай сендерге екі есе ғып қайтарады”, – дейтін. Анам Ольговкадағы орыстарға “Баба Катя”, қазақтарға “Апатай” болды. Келіндер келіп, анамызбен кез келген жағдайды ақылдасатын. Олар қазір “Апатайымыздың берген ақылының арқасында үлкен отбасы болып отырмыз”, – деп, еске алады. Үйде мал, құсты көп ұстадық. “Ақты сатуға болмайды” деп, анам тұрмысы төмен отбасыларына сүт, қаймағын тегін тарататын”, – дейді бүгінде өзі төрт балаға ана болып отырған Сайран Бикенқызы.
Отыз жылдан астам бірге өмір сүріп, бар қиындықтан бірге өтіп келе жатқан Мұстафиндер отбасы “Бір баланы бақытты етсек” деген ниетпен төрт баланың бірін жетімдер үйінен асырап алыпты. Самал есімді қыздары отбасының бір мүшесі болып кеткен. Ол да №6 орта мектепте оқып жүр. Үлкен ұлы Асылжан “Қазнефтегазмаш” зауытында жұмыс істесе, екінші ұлы Руслан – ұстаз. Қызы Дәрия М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің туризм факультетінде грантпен оқиды.
“Анам жантақтан ине, жаңқадан түйме жасайтын шебер де болды. Ол 8 наурызда, Айт мейрамдарында бізге көйлек тігіп беретін. Оны қай уақытта тіккенін де білмейміз. Таңертең тұрғанда, әдемі қылып тігілген көйлек дайын тұратын еді. Қазір ойлап отырсам, мен үшін ең қымбат сыйлық сол болған екен”, – дейді анасын қамыға еске алған Сайран Бикенқызы.
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, өзіне қажеттіні тігіп, тоқып алатын, құрақ құрайтын ісмерлік Сайран Бикенқызында да бар. “Мен – бақытты жанмын. Сүйіп істейтін жұмысым, өзімді құрметтейтін әріптестерім, саулығымды тілеп алдымнан шығатын жұбайым, балаларым мен келіндерім, немерелерім бар, соған шүкіршілік етемін. Ұстанымым – өзімнің де өзгенің балаларын адал болуға, адам болуға тәрбиелеу”, – деді ұстаз сөз соңында.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.