«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ АЗАМАТ

Бар саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнап, лауазымды жауапты қызметтер атқарған, өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие бере білген, бүгін де саптан қалмай, өзі ұзақ жыл еңбек еткен ұжымда ардагерлер кеңесін басқарып отырған полиция полковнигі Сұраған Көпеев атамыздың кіндік қаны тамған жері – бұрынғы Петропавл ауданындағы (қазіргі Қызылжар ауданы) Бірінші Май ауылы (қазіргі Архангелька ауылының маңы). Қазір орны ғана қалған ауыл облыс орталығынан он бес шақырымдай жерде орналасқандықтан, күнкөріске қолайлы болатын. Ауылды жан-жақтан қоршай өскен қайыңдар желмен тербеліп, балығы шоршыған Жартыкөл алыстан жарқырап, құстардың шулаған базарымен ауылға бір ерекше сән, көрік беріп тұратын. Міне, осы табиғаты сұлу мекенде Сұраған атамыз балғын балалық шағын өткізді. Жас кезінен Ұлы Отан соғысының қиыншылығын көріп, ерте есейді. Ауылдың төртжылдық мектебін жақсы бітіріп, осы аудандағы Ақпаста оқуын орыс тілінде жалғастырды. 1952 жылы Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түскен ол 1955 жылы әскер қатарына шақырылады. Сонда екі жылдық полк мектебін тамамдап, танк басқаратын әскери мамандық алып шығады. Танк басқару үшін көп білім әрі техниканы жетік білу керек еді. Міне, осы міндетті жас жауынгер жан-тәнімен жақсы атқара білді. Полигондағы әскери оқу-жаттығуларда Сұраған Мырзахметұлы басқарған жауынгерлер алға қойған мақсатты абыроймен орындап, атқан оқтарды нысанаға дәл тигізіп, полкта ең үздік танк экипажы атанады, көптеген мақтау қағаздарымен марапатталады. Сөйтіп, үш жыл бойы №77701 әскери бөлімде танк экипажын басқарады.

Әскерден аман-есен оралған Сұраған Көпеев ауыл шаруашылығы техникумында оқуын әрі қарай жалғастырады. Мамандық алып шыққаннан кейін Преснов ауданындағы “Миролюбов” кеңшарына прораб қызметіне жолдамамен жіберіледі. Еңбекте жақсы қырынан көрінген жас маман ұжымның қолдауымен ішкі істер органына қызметке ауысады. Сұраған Мырзахметұлы 1961 жылғы 30 тамыздан бастап, 1987 жылғы 18 мамырға дейін осы салада жауапты қызметтер атқарды. Қызмет барысында жұмыстан қол үзбей, Петропавл педагогика институтын сырттай бітіріп, жоғары білім алды. 1961 жылдан 1964 жылға дейін инженер мамандығы бойынша қылмыскерлерді түзеу еңбек колониясында қызмет атқарды, кейін колония бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары болды. Өндірістік құрылыс саласында және азаматтық қоғамдық жұмыстарда жоспарларды орындау мақсатында Петропавл қаласының құрылысына құрылысшы мамандар даярлады. Осы түзеу мекемесінің сотталғандары арнайы дайындықтан өтіп, әртүрлі жұмысшы мамандықтарын игеріп, қаладағы көптеген жұмыс орындарына тартылды. “ПАМЖЗ”, “ЗИМ” зауыттары мен “Нан-тоқаш” комбинатындағы, Мамлюткадағы машина жасау зауытындағы құрылыстарды салуға белсене қатысып, өндіріс орындарының дамуына өз үлестерін қосты. Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығымен Сұраған Көпеев жазасын өтейтін жасөспірімдерге арнайы колония салуға көп күш жұмсады және осы мекеме бастығының орынбасары қызметін аса бір жауапкершілікпен атқарды. Өз жұмысына тиянақтылығы, еңбексүйгіштігі арқасында Сұраған Мырзахметұлы 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен тыл басшысының қызметіне ауысты.

Осы жылдар ішінде оның тікелей басшылығымен көптеген құрылыс орындары салынды. Облыстық ішкі істер департаментінің, Целинный, Мамлют, Сергеев аудандарында ішкі істер басқармасының жаңа ғимараттары бой көтерді. Петропавл қаласында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арнайы жаңа көпқабатты 3 үй, бұдан басқа көптеген арнайы қоймалар, ғимараттар, автокөліктерге арналған гараждар пайдалануға берілді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Петропавл қаласындағы кәсіптік өрт сөндіру мекемесін басқарды. Өз қызметіне аса бір жауапкершілікпен қарайтын Сұраған Мырзахметұлы ұжымына сыйлы басшы бола білді. Кәсіптік өрт сөндіру мекемесінде 11 жыл абыройлы еңбек етті. Оның жалпы еңбек өтілі 50 жыл болса, соның 44 жылын ішкі істер органдарындағы қызметке арнады. Өзінің әріптес қызметкерлерімен жақсы тіл табыса білетіндігі, адамгершілік қарым-қатынасы, жұрттың қамын ойлап, әр жағдайға түсіністікпен қарайтындығы, замандастарымен қоян-қолтық жұмыс істейтіндігі азаматтың абыройын асқақтата түсуде. Сондықтан да өзі еңбек еткен ішкі істер департаментінен күні бүгінге дейін қол үзбей, тығыз қарым-қатынас жасап келеді. 1987 жылдан бастап ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі болды. 2005 жылы республикалық ардагерлер кеңесінің ұсынуымен ішкі істер департаментінің және Ішкі әскер ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы күнге дейін осы ұйымды басқарып келеді. Ол ішкі істер департаменті бастығының кеңесшісі де.

Өзінің қызмет бабында Сұраған аға полиция қызметкерлерінің тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөледі. Ардагерлердің қамын ойлап, медициналық көмектің сапалы болуына әрі қиын жағдайдағы отбасыларға уақытында материалдық көмек беруге жағдай жасайды. Ардагерлерге денсаулықтарын жақсарту үшін емдеуге госпитальға, курортқа жолдама берілуіне жәрдемдеседі.

Сұраған Көпеев төрағалық қызметін атқарған он жыл ішінде облыстық ішкі істер органдары ардагерлерінің саны 610 адамға өсті. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының 19 бастауыш ұйымында 1580 ардагер бар. Ардагерлер кеңесінің шешімімен мұражай кеңесшісі Л.Осинскаяның есімі ІІД-нің “Даңқ кітабына” жазылды, 38 ардагерге “ІІД-нің даңқты ардагері” атағы берілді, жұмыс барысында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне Даңқ мемориалы ашылды, ІІД-нің бұрынғы басшылары, генерал-майор И.С.Гребень мен генерал-майор М.И.Барановқа – ескерткіш тақталар, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Ф.В.Чижиковқа туған ауылы – Березовкада (Қызылжар ауданы) ескерткіш орнатылды. Ал ардагердің өзіне жуырда облыс орталығы мәслихатының шешімімен Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Сұраған Мырзахметұлының ұлдары Болат пен Дәуіт әке-шешесінің жолын жалғастырып, жақсы қызмет атқарды. Ардагердің немерелері де ата жолын қуып, абыройлы еңбек етуде.

Архангельское ауылының тұрғындары жерлесі Сұраған Көпеевті әрдайым мақтан тұтады, өскелең ұрпаққа абзал азаматтың жүріп өткен жолын үлгі етеді. Ардагер де туған жеріне, атақонысына жиі келіп, жергілікті тұрғындармен кездесуден, жастармен әңгіме-дүкен құрудан жалықпайды.

Қайыржан ЖАРАСБАЕВ,

Архангельское орта мектебінің мұғалімі.

 Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp