«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 АУЫЛ МЕКТЕБІ АРТТА ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

1911 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы елге ілім-білімнің қажеттігі туралы: «Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші», – деп жазыпты. Алаш арысының бұл сөзінің растығын тарих өзі дәлелдеп берді. Қай елдің болмасын әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы мен өсіп-өркендеуі халқының білім деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан өзгелермен терезе теңестіреміз десек, мұны ең алдымен білім беру саласына көңіл бөлуден бастау керек. Интернетке иек артып, инемен құдық қазбаған ұрпақтың ұлтты игілікке жетелемейтіні анық.

Оқушы саны аз

Алайда білім саласының да өз ішін­де шешімін таппаған түйткілді мәселе­лер, қоғам сынына ұшыраған жайттар аз емес. Соның бірі – ауыл мектебі мә­селесі. Жастары жаппай қалаға кетіп, инфрақұрылымы ескіріп, шаруасы шатқаяқтаған елді мекендердің қиын жағдайы білім ошақтарына да әсер ететіні түсінікті. Ондағы бала санының аздығы, маман жетіспеушілігі өз алды­на бөлек мәселе. Ауылдардың ахуалы оңалмай жаңағы айтқан түйткілдердің де шешілмейтіні анық. Алайда бұл ма­қаламыз ол тақырыптарға емес, ауыл мектептеріндегі білім берудің мазмұ­нына, оның қаламен айырмашылығы­на арналмақ.

Мемлекет басшысы білім саласы қызметкерлерінің алдына ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақ­тықты азайту міндетін қойғанына бір­неше жылдың жүзі болды. Ауылдағы білім ордаларының жұмысын жандан­дырып, материалдық жағдайын жақ­сарту үшін бірнеше бағдарлама мен жобалар қабылданды. Алайда бұдан шағын мектептердегі оқыту мазмұны өзгеріп, сапасы қарыштап кетті деп айта алмаймыз. Кей зерттеулерге сен­сек шалғайда орналасқан білім беру мекемелеріндегі оқушылар қаладағы қатарластарына қарағанда бір жарым жылға кейін қалған екен. Халықара­лық PISA зерттеулері мен екі жақтың оқушыларында оқу сауаттылығы мен функционалдық сауаттылық бойынша айтарлықтай айырма бар екенін көр­сетті.

– Ауыл мектебінде оқушы саны аз. Соған сай аз оқушыға білім беру де әл­деқайда жеңіл әрі тиімді болуы тиіс еді. Алайда қазіргі жағдай керісінше. Қоғамда ауыл мектебіне қатысты бас­қаша көзқарас бар екені байқалады. Ауылда еңбек еткен мұғалімдердің қа­ладан жұмыс тауып, ондағы үрдіске үйреніп кетуі қиын. Бәріміз бір ми­нистрлікке бағынғанымызбен екі түрлі білім жүйесі бар сияқты. Жас мұғалім­дер ең алдымен қаладан жұмыс тапқы­сы келеді. Таба алмаған соң амалсыз басқа елді мекендердегі білім ошақта­рына барады. Онда да ауылдық үстеме болғаны үшін ғана. Мұғалімдердің түрлі семинарларында жаңа иннова­циялар, тың әдіс-тәсілдер туралы ай­тылып жатқанымен, оны іс жүзінде қолданатындар сирек, – дейді Аққа­йың ауданындағы Ивановка орта мек­тебінің мұғалімі Ерасыл Бақытжанов.

Біріктірудің орнына бөліп әлек

Қоғам ауыл мектептерін қайтсек қаламен теңестіреміз деп жүргенде кей бастамашылар, елді мекендердегі оқу­шыларды бөліп алып арнайы байқау­лар ұйымдастыруды қолға алыпты. Нәтижесінде елімізде 2023 жылдан бері ауыл мектептері оқушыларына арналған олимпиада өткізіліп келеді. Мұны ауыл мектептерінің әлеуеті қа­ламен салыстырғанда бәсекеге қабі­летсіз екенін ашық мойындау деп түсіндік. Өкінішке қарай, мұндай жо­балар ауыл балаларының білім сапа­сын арттырудың орнына екі арадағы алшақтықты одан сайын ұзарта түседі. Бөлек олимпиццадаға қатысып, бөлек байқауларда бақ сынап жүрген ауыл балалары ашық бәсекеге түспегендік­тен бұл мәселенің алдағы уақытта шешілмесі анық.

– Біздің оқушы кезімізде аудандар­дағы мектептер олимпиадалар мен білім жарыстарында жүлде бермейтін. Қала мектептерімен қатар мәреге келіп, елді мекендердің мерейі үстем болатын. Ол кезде өңіріміздің әр ауда­нында мықты деген мектептер жұмыс істеді. Ондағы оқушылардың өресі басқадан төмен болмайтын. Алайда уақыт өте келе бұрынғы дәстүрді жо­ғалтып алдық. Көші-қон жеделдеп, тәжірибелі мұғалімдер азайды. Бүгінде ауыл мұғалімі үшін облыстық байқау­ға оқушы дайындап, жүлдеге ілігу алынбайтын қамал болып қалды, – дейді ауыл мектебінің түлегі Дәулет Құрмаш.

«Ауылда оқып жатқан жоқсың ғой»

Жыл сайын өткізілетін жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ара­сындағы олимпиада нәтижелері де жоға­рыда айтылған пікірлерді растай түседі. Мысалы, 9-11 сыныптар оқушылары арасындағы олимпиаданың облыстық кезеңінде математика пәнінен 4 жүлделі орынның төртеуін де қала мектептерінің оқушылары иеленген. Информатикадан 10 орын тағайындалса соның біреуіне ғана ауданнан келген оқушының қолы жеткен. Биологиядан жүлдегер болған 14 қатысушының 11-і облыс орталығында оқиды. Ал ағылшын мен химия пәндері­нен 18-ден 4 орын ғана бұйырған. Тізе берсе мұндай мысалдар көп. Бүйте берсе дәстүрлі білім байқаулары қала мектеп­теріне бөлек, ауылдағыларға бөлек ұйымдастырылатын сыңайы бар.

Аудандардағы білім беру мекеме­лерінің жұмыс мазмұны маңдымай отырғанына қоғам санасында қалып­тасқан түсініктер де себеп пе дейміз. Жұртшылық әлі де «ауылдағының аузы сасық» деген кертартпа көзқарас­тан арыла алмай, ондағы мектептерді екінші деңгейдегі білім ошағындай кө­реді. Тіпті қала мектебінің мұғалімдері үлгерімі я тәртібі нашар оқушыға «ауылда оқып жатқан жоқсың ғой, бұл қала мектебі» деп кейігенін құлақ естіп, көз көрді. Сондықтан бұл тек бейінді министрлік пен басқармалар­дың ғана емес, тұтас ел болып жұмыла­тын жұмыс.

БҰҰ зерттеулеріне сенсек, Қазақстандағы ауыл халқының 65 пайызы сапалы орта білімге қол жеткізе алмай отыр. Бұл халық арасында білім беру теңсіздігін тудырады. Сапалы білім ала алмаған оқушы жоғары оқу орнына тү­суде де қиындыққа тап болады. Түптеп келгенде мұның бәрі балалардың бола­шағына тікелей әсерін тигізеді. Мек­тептің мұндай күйі ауылдан қалаға ағылған көшті одан сайын жеделдете түседі.

Тірек мектебіндегі тіршілік

Осыған қарамастан қолға алынған игі істер де аз емес. Ауылдық жерлер­дегі тірек мектептерді дамыту жобасы аясында бірқатар білім ордаларына жөндеу жүргізіліп, жаңа жабдықтар алынған. Мысалы №2 Кішкенекөл орта мектебінде 32 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары, STEM-зертхана, АРТ-студия, телесту­дия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы жабдықталған. Бұған қоса ті­рек мектептердің мұғалімдері өзге әріптестерімен тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдіреді.

– Ауыл мен қала мектептері ара­сында теңсіздік бары жасырын емес. Біз соның салдарын мейілінше азайт­қымыз келеді. Бұл теңсіздіктің туын­дауына бірінші себеп – мұғалімдердің біліктілігінің төмендігі болса, екіншісі оқу ғимараттарында тиісті жағдайдың болмауы. Кәсіби мамандар мен зама­науи жабдықтар оқушылардың білім сапасын арттыруға септеседі, – дейді аталған жобаға жетекшілік еткен Ас­лан Айтахмет.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp