«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ТИІМДІ ТҰСТАРЫ КӨП

 

Мемлекет басшысы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында атап көрсеткендей, тәуелсіз сот төрелігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды бұлжытпай орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиіс. Елбасы сот залдарын аудио және бейнежазу аппаратураларымен жарақтандыруды және жазбаларды тоқтатуға немесе редакциялауға да тыйым салған болатын. Мұндай шешім судьяларды және сот мәжілісіне қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен қабылданған шешімнің әділдігін қамтамасыз етеді. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы жуырда өткен судьялардың жетінші съезінде тағы да тоқталып өтті.

Бүгінгі күні еліміздің барлық соттарында сот отырыстары хаттамаларының толық әрі сөзбе-сөз жазылуы заң тұрғысынан талап етіледі. Бұған дейін сотқа қатысушылар өз түсініктемелерінің, қарсы пікір білдірушілердің сөздері және төрешілердің ескертулерінің хаттамаға дұрыс енгізілмегенін айтып, шағымданатын. Хаттамадағы мәліметтер соттың сот істері бойынша шығаратын шешімі үшін пайдаланылады. Ал сотқа қатысушы тұлғалар өз дәлелдерін, шағымға қарсылықтарын, міндеттемелерді орындамау туралы өтініштерді және тағы басқа мәселелерге дәлел ретінде ұсынады. Нақтырақ айтар болсақ, сот отырыстарында аудио және бейнежазуды енгізу арқылы сот жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ, тұрғындардың жеке басы құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету көзделген.

Бұған дейін ақпараттық технологияларды пайдаланудың мүмкіндігі шектеулі болатын. Сот отырысына қатысушылар аудио-бейнежазбалардың көшірмелерін алған кезде оның сапасының нашарлығы, дыбыстардың толық әрі түсінікті естілмеуі сияқты кінәраттарға наразылық білдіретін.

Осыған байланысты 2013 жылы Жоғарғы сот маңындағы сот қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент еліміздің барлық соттарында орнатылған аудио-бейнетүсірілім жүйелерін толық тексерді. Нәтижесінде сот отырыстарын тіркеудің жаңа жүйесіне көшу туралы шешім шығарылды. Сонымен бірге сот отырыстарын толық автоматтандыру, хатшы үшін автоматтандырылған жұмыс орнын құру, жазба мәтіндерінің өзгеріссіз қалуына және сақталуына қол жеткізу секілді міндеттерді шешу қажет болды.

Сот отырыстарында бейнежазба қолданудың тиімді тұстары көп. Сотқа қатысушылардың өзін-өзі ұстауы жақсарады. Тараптардың өкілдері, мысалы, адвокаттар бейнетүсірілім пайдаланылғанда отырысқа дайындықпен келеді.

Сонымен қатар, заманауи ақпараттық технологиялар судьялардың жұмысына да көп жеңілдіктер береді. Атап айтар болсақ, отырыс күрделі әрі ұзаққа созылғанда, күмәнді, көмескі тұстарды қайта тексеру қажеттігі туындағанда аудио-бейнежазбаларды мұқият зерттеуге болады. Бейнехаттама тек сөздерді ғана емес, сөздің екпінін, қозғалысты, сот отырысына барлық қатысушылардың іс-әрекетін тіркейді. Сот залында болып жатқан жағдайды қаз-қалпында көрсетеді. Онда айтылған сөздерді бұрмалап түсіндіруге жол бермейді.

Бұдан бөлек, сот аяқталғаннан кейін қатысушылар бұрынғыдай хаттаманың рәсімделуін күтпей-ақ жазылымы бар дискінің көшірмесін ала алады. Электронды түрдегі сот отырысының, әсіресе, тараптардың қатысуынсыз өткенде істе тиімді тұстары көп.

Сонымен қатар, аудио-бейнежазба материалдар істі қарайтын судьяның электрондық-цифрлық қолымен расталады. Мұндай шаралар сот мәліметтерінің өзгеріссіз қалуын және құпия сақталуын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот органдарында 68 отырыс залы бар, олардың барлығы да аудио-бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған. Жыл басынан бері қаралған 23 850 істің 23 486-сы аудио-бейнежазбаға түсірілді. Аудио-бейнежазба жүйесін пайдалануға және оның жұмыс істеуіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін функционал жасалды. Ол сот отырысының уақтылы өткізілуінің, аудио-бейнежазба қолдану мен репликация мониторингін жүргізудің жаңа жүйесі бойынша есептілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аудио-бейнежазба жүйесін басқа жүйелермен біріктіру бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде онда деректерді сақтаудың орталықтандырылған жүйесі бар, электронды хаттамаларды, дыбыс және бейнежазбаларды алу және қаралатын істер тізімін жіберу бөлігінде ҚР СО ЕИАИС-пен және “Төрелік” ақпараттық жүйесімен біріктірілген.

Аудио-бейнежазбаларды енгізу жобасы аясында түзету және медицина мекемелерімен, еліміздің аудан, облыс орталықтарымен бейнеконференция арқылы қашықтық сот отырыстарын өткізу тәжірибеге енді. Бұл жазасын өтеушілерді кезең-кезеңге бөлмей-ақ, қылмыстық істерді уақтылы қарап, шешім шығаруға мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар, бюджеттің қаражатын үнемдеуге және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алуға көмектеседі. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының соттары қашықтық тәртіпте басқа өңірлермен және аудандармен 19 сот отырысын, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен 319 отырыс өткізді.

Бүгінгі күні сот отырысын бейнежазбаға түсіру, техникалық тіркеу жүйесін қолдану, сот жұмысын одан әрі жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында қолға алынған жұмыстар оң нәтиже беруде.

Оян МҮТӘЛӘПОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот әкімшісінің

басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp