«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛУАНДАР ЖАТТЫҒУ БАЗАСЫНА ИЕ БОЛДЫ

Қазақ күресі – төл спортымыз. Соңғы жылдары ұлттық жекпе-жек түрі қайта жанданып, қарқынды даму үстінде. Былтырғы жылдың наурыз айында Петропавл қаласында құрылған “Қызылжар арландары” спорт клубы соның бір айғағы десек те болады. Клуб өкілдері өздерінің жеке ғимараты болмағандықтан, бұған дейін облыс орталығындағы бірнеше спорт залда жаттығып келген болатын. Енді, міне, көптен күткен мәселе шешімін тауып, жеке жаттығу базасына қол жеткізді.

“Солнечный” санаторийінің бас­шы­лығымен жасалған келісім­шарт­қа сәйкес нысанның бесінші қабаты клуб спортшыларына бе­ріл­ген екен. Мұнда 23 орындық жа­тын бөлме де бар. Олардың әрқай­сысы қажетті жиһаздармен қамта­масыз етілген. Бұл жерде Петро­павл қаласына оқу-жаттығу жиын­да­рына келетін балуандар тұра­тын болады. Спортшыларға ың­ғайлы болуы үшін кіріп-шығатын бөлек есік те қарастырылған.
– Елімізде қазақ күресі қарқын­ды дамып келеді. Төл күресімізден әлемнің әр түкпірінде жа­рыстар ұйымдастырылып жүр. Әри­не, әлі де көптеген іргелі істер­ді атқаруға тура келеді. Солардың бірі – спорт үйірмелерін көптеп ашып, жас ұрпақтың төл күресіміз­ге деген сүйіспеншілігін артыру жо­лында ауқымды жұмыстар істеу керек, – дейді “Қызылжар арлан­дары” клубының директоры Ербол Мырзабосынов.
Спорт жанкүйерлері Мұхит Тұр­сынов, Рустам Жұмаев, Жеңіс Төленбеков, Алтынбек Аусағитов, Айдос Сейпілұлы, Мейіржан Бере­кетов, Қуаныш Ысқақов, Батырхан Қайырбек, Мейірбек Рахимов және Мерей Абдрасулов есімді ба­луандардың республикалық және халықаралық сайыстарда өңір на­мысын абыроймен қорғап жүргенін жақсы біле­ді. Соңғы кезде олардың қатарын дзюдошы Назгүл Маратова то­лық­тырған болатын. Бұл спортшылар өз салмағының үздіктері, нағыз са­йыпқырандар. Олар жалпы аума­ғы 205 шаршы метрді құрайтын жат­тығу базасының берілгеніне қуа­нышты. Әр жаттығу 2,5-3 са­ғатқа созылады. Сондай-ақ, бұл жер­де жергілікті дзюдошылар да шынығады. Залда спортшылар мен жаттықтырушы­лар үшін барлық жағдай жасалған. Іші жарық әрі жылы, бозкілемнің де сапасы көңілден шығады. Екін­ші қабатта жаттықтырушылар бөл­месі мен киімжай қарастырыл­ған.⠀
Балуандарға білгенін үйрететін бапкерлердің де біліктілігі жоғары болғаны маңызды. Бүгіндері клуб өкілдерін Төлеген Жетпісбаев, Да­мир Бекбосынов және Нұрлан Ер­ғазинов сияқты тәжірибелі бапкер­лер жаттықтыруда. Дамир Бекбо­сы­нов клубқа іріктеліп алынған спортшылардың дайындығы туралы және аудандардағы балуандар­мен тәжірибе алмасу жұмыстары­ның қолға алынғанын айтып берді.
– Қазіргі кезде елімізде қазақ күресіне деген көзқарас ерекше. Соңғы жылдары ұлттық күресіміз­ге арналған үйірмелердің саны ар­тып келеді. Елімізде бұқаралық спортты дамытуға ден қойып жат­қан тұста біз де бұл бағытта тын­дырымды істер атқарудамыз. Атап айтқанда, бұған дейін Мағжан Жұ­мабаев ауданының орталығын­да шеберлік сабағын өткізген бола­тын­быз. Онда жергілікті балуан­дар­ға әдіс-тәсілдерді үйретуден бөлек, қазақ күресін ғылыми жетіл­діру бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы айттық. Алдағы уақытта арнайы жоспар бойынша басқа да аудандарда осындай шараларды өткізетін боламыз, – дейді бапкер.
Клуб басшылығы шалғай ауыл­дардағы бапкерлермен де байла­ныс орнатуды көздеп отыр. Бірін­ші­ден, олар клуб мүшелігіне алынып, лайықты жалақы тағайын­да­ла­ды. Ал екіншіден, қа­зақ күресін ғылыми жетілдіру ба­ғытында жасалған әдістемелер­мен бөлісу көзделген.

 

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp