Қазақ күресі – төл спортымыз. Соңғы жылдары ұлттық жекпе-жек түрі қайта жанданып, қарқынды даму үстінде. Былтырғы жылдың наурыз айында Петропавл қаласында құрылған “Қызылжар арландары” спорт клубы соның бір айғағы десек те болады. Клуб өкілдері өздерінің жеке ғимараты болмағандықтан, бұған дейін облыс орталығындағы бірнеше спорт залда жаттығып келген болатын. Енді, міне, көптен күткен мәселе шешімін тауып, жеке жаттығу базасына қол жеткізді.
“Солнечный” санаторийінің басшылығымен жасалған келісімшартқа сәйкес нысанның бесінші қабаты клуб спортшыларына берілген екен. Мұнда 23 орындық жатын бөлме де бар. Олардың әрқайсысы қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілген. Бұл жерде Петропавл қаласына оқу-жаттығу жиындарына келетін балуандар тұратын болады. Спортшыларға ыңғайлы болуы үшін кіріп-шығатын бөлек есік те қарастырылған.
– Елімізде қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Төл күресімізден әлемнің әр түкпірінде жарыстар ұйымдастырылып жүр. Әрине, әлі де көптеген іргелі істерді атқаруға тура келеді. Солардың бірі – спорт үйірмелерін көптеп ашып, жас ұрпақтың төл күресімізге деген сүйіспеншілігін артыру жолында ауқымды жұмыстар істеу керек, – дейді “Қызылжар арландары” клубының директоры Ербол Мырзабосынов.
Спорт жанкүйерлері Мұхит Тұрсынов, Рустам Жұмаев, Жеңіс Төленбеков, Алтынбек Аусағитов, Айдос Сейпілұлы, Мейіржан Берекетов, Қуаныш Ысқақов, Батырхан Қайырбек, Мейірбек Рахимов және Мерей Абдрасулов есімді балуандардың республикалық және халықаралық сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүргенін жақсы біледі. Соңғы кезде олардың қатарын дзюдошы Назгүл Маратова толықтырған болатын. Бұл спортшылар өз салмағының үздіктері, нағыз сайыпқырандар. Олар жалпы аумағы 205 шаршы метрді құрайтын жаттығу базасының берілгеніне қуанышты. Әр жаттығу 2,5-3 сағатқа созылады. Сондай-ақ, бұл жерде жергілікті дзюдошылар да шынығады. Залда спортшылар мен жаттықтырушылар үшін барлық жағдай жасалған. Іші жарық әрі жылы, бозкілемнің де сапасы көңілден шығады. Екінші қабатта жаттықтырушылар бөлмесі мен киімжай қарастырылған.⠀
Балуандарға білгенін үйрететін бапкерлердің де біліктілігі жоғары болғаны маңызды. Бүгіндері клуб өкілдерін Төлеген Жетпісбаев, Дамир Бекбосынов және Нұрлан Ерғазинов сияқты тәжірибелі бапкерлер жаттықтыруда. Дамир Бекбосынов клубқа іріктеліп алынған спортшылардың дайындығы туралы және аудандардағы балуандармен тәжірибе алмасу жұмыстарының қолға алынғанын айтып берді.
– Қазіргі кезде елімізде қазақ күресіне деген көзқарас ерекше. Соңғы жылдары ұлттық күресімізге арналған үйірмелердің саны артып келеді. Елімізде бұқаралық спортты дамытуға ден қойып жатқан тұста біз де бұл бағытта тындырымды істер атқарудамыз. Атап айтқанда, бұған дейін Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында шеберлік сабағын өткізген болатынбыз. Онда жергілікті балуандарға әдіс-тәсілдерді үйретуден бөлек, қазақ күресін ғылыми жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айттық. Алдағы уақытта арнайы жоспар бойынша басқа да аудандарда осындай шараларды өткізетін боламыз, – дейді бапкер.
Клуб басшылығы шалғай ауылдардағы бапкерлермен де байланыс орнатуды көздеп отыр. Біріншіден, олар клуб мүшелігіне алынып, лайықты жалақы тағайындалады. Ал екіншіден, қазақ күресін ғылыми жетілдіру бағытында жасалған әдістемелермен бөлісу көзделген.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.