Қазақ күресі – ешқандай да күрес түріне ұқсамайтын төл спортымыз. Зерттеулер қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғанын дәлелдеуде. Ұлттық күрес Балуан Шолақ белдескен, Қажымұқанның табаны тиген Қызылжарда да өркендеп келеді. Боз кілемде атой салған балуандарымыздың артында білікті бапкерлер тұрғанымен, олар көбіне жеңімпаздың көлеңкесінде қалып жатады. Қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Асылхан Болатовтың жанында бір күн жүріп, бапкердің еңбегі қаншалықты қиын екенін бағамдағандай болдық.
Шәкірттерімен бірге өсіп келеді
Асылхан Болатов екінші сыныптан күреспен айналыса бастаған. Ауылда жүргенде қазақ күресі, грек-рим және еркін күрес деп ешқайсысын бөле-жармай, бәрімен бірдей шұғылданған екен.
– Жамбыл ауданы, Благовещенка ауылындағы №2 орта мектепте Сәлімбай Сәдуовтің тәлім-тәрбиесін алып, «бала балуан» атандым. Спорттағы негізгі мақсатым – қазақ күресінің биік тұғырына қону еді. Бірақ қалаға келгенде қазақ күресі енді-енді қарқын алып келе жатты. Спорт мектеп-интернатында қазақ күресі бөлімі болмай, грек-рим күресімен айналыстым. Он бірінші сыныпты бітіріп, колледжді тамамдаған соң қазақ күресі бойынша бапкерлік жолым басталды. Ғалым Сағдатұлы бағыт-бағдар беріп, 2013 жылы қазақ мектеп-гимназиясына жұмысқа орналастым. Аталмыш білім ордасында шәкірттеріммен бірге бапкер ретінде өзім де өсіп келемін, – дейді Асылхан Шәкірұлы.
Алғашқы бес жыл бапкер үшін оңай болмапты. Өйткені қаланың балалары үшін ауылдың қарадомалақтарына қарағанда қызық көп. Спорттың басқа түрлеріне ауысып кетпеуі үшін жаттығуларды қызықты, арасында ойын түрінде ұйымдастыруға тура келген. Түрлі жарыстарға қатыстырып, балалардың қазақ күресіне деген махаббатын ояту керек. Қазір Абай атындағы қалалық қазақ мектеп-гимназиясында 70 шақты бала қазақ күресімен айналысады. Таңертең және кешке екі топ жаттығады. Республикалық турнирлерге қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген балуандар да баршылық. Мұндай жетістіктер бапкерді қанаттандырады.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін атақты спортшылардың бәріне мықты жаттықтырушы болу бақыты бұйырмайды. Білікті бапкер болу жігер мен табандылықты талап етеді. Асылхан Шәкірұлының айтуынша, кез келген салада жетістікке жету немесе жетпеу адамның өзіне байланысты. Жүрегі қалаған мамандығы бойынша жұмыс істеген адамға ауыртпалықтың өзі жеңіл көрінеді. «Бапкер – тек спорт саласында ғана емес, сонымен қатар өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында да бағыт-бағдар беретін адам. Бапкерге өз саласы бойынша жан-жақты білімді болу аздық етеді. Әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, ашық сөйлесе алуы тиіс. Ата- ана мен бапкердің қарым-қатынасы неғұрлым жақсы болса, жеңіс те соғұрлым жақындай түседі», – дейді Асылхан Болатов.
Күрестің басты шарты – дұрыс құлау
Боз кілемде спортшылар жаттығу жасап, күрестің әдіс- тәсілдерін меңгеріп жүр. Білікті бапкердің қол астында жаттығудың қалай болатынын сезіну үшін мен де дене қыздыра бастадым. Бапкердің айтқанын екі етпей, күрестің негізгі шарты – дұрыс құлауды үйрендім. Қарсылас жамбасқа салып лақтырған кезде жерді қолмен тіремей құлау – жарақат алып қалмау үшін қажет. Бапкердің айтуынша, құлауды ар санайтындар тұрудың не екенін ұқпайды. Өркөкіректікті спорт та кешірмейді. Кейбір балуандардың жеңіліп қалса да, жеңген қарсыласының қолын алмай, бозкілемнен ашуланып кетіп бара жатқанын көріп жүрміз. Қанша жерден бойдағы намысы жібермегенмен, қарсыласты сыйлау керек. Бұл жерде бапкер маңызды рөл атқарады. Өйткені ол шәкіртінің әлсіз тұстарын түзеп, оның ішкі мүмкіндіктерін ашады. «Спортшылардың көбі физикалық дайындығын жақсартса да, психологиялық тұрақтылығына аса мән бермейді. Спорт терең ойлауды және эмоцияға аса беріліп кетпей, салқынқандылық танытуды талап етеді», – дейді бапкер.
Бапкердің еңбегі бозкілемде белдесіп жатқан шәкіртінің іс-әрекетінен бірден байқалады. Белдесу кейде басталмай жатып аяқталады, кейде созылып кететіні белгілі. Психикалық дайындығы әлсіз болса, қара күш те өз маңыздылығын жоғалтады. Себебі бірден алып ұруды ойлаған спортшыға қарсыласы төзімділікпен, байыппен, бапкер айтқан тактикамен үдемелі шабуыл жасау арқылы қарсы тұрып, қажетті ұпайын жинап, жеңіп кетуі мүмкін. Сондықтан бұла күш және шапшаңдықпен қатар темірдей төзім керек.
– Спорт залына кіргендердің бәрі бірдей чемпион болып шықпайды. Бірақ чемпионның шығуына өз септігін тигізуі мүмкін. Спортта өзі жетпеген жетістіктерге шәкірттері жетсе, бапкерге одан асқан мәртебе болмайды. Қалай тырыссаң да, тағдырдың жазғаны болатынын естен шығармайық, – дейді Асылхан Шәкірұлы.
Бапкердің жанды жері
Белдесуге шыққан балуан өзінің бар білгенін көрсетуі тиіс. Мәселе жеңу немесе жеңілуде емес, қарсыластың айласына түсіп қалмай, оның осал тұсын аңғарып, күш-қуатын мөлшерлей білсе ғана алар асуы да бір табан жақындай түседі. Шәкіртінің жеңіске жететініне бапкердің сенімі нық болғаны жөн. Себебі бапкердің көңіліндегі толқуды байқаған шәкірт әлденеге алаңдап, боз кілемде жоғары деңгейде өнер көрсете алмайды. Балуан тәлімгерінің қабағынан-ақ бәрін аңғарып тұрады.
Бапкер мен шәкірттің арасында сырт көз сезіне алмайтын бір байланыс бар. 2024 жылдың күзінде Астанада өткен жарыста жеңіліп қалған шәкіртіне бапкердің қолдау білдіргені әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың назарына іліккен болатын. «Көңілді түсірме, жасыма, бәрі жақсы болады! Жылама, жақсы күрестің! Жарайсың! Жинақтал! Бәрі жақсы, бұл – соңғы жарысың емес, әлі басқаларына демеу болуың керек. Жеңіске жету үшін көп еңбектену керек», – деген бапкердің айтқаны шәкіртін жігерлендірген еді.
– Кілем үстінде күресіп жатқан шәкірттеріме ешқашан айқайламаймын, жай ғана қолмен ескертетін белгілерім бар, соны жасап жайбарақат отырамын. Күрескенін видеоға түсіріп, өзіне көрсетіп, қателігін түзетіп отыруын қадағалаймын. Бабы мен бағы қатар жүретін сәттің жиі бола бермейтінін шәкірт түгіл бапкерлердің өздері жадынан шығарып алады. Аламанға аттанған әр саңлақтың тілеуін тілеу, жігерін жасытпай, қайратын қамшылау – бапкердің басты парызы, – дейді Асылхан Болатов.
Спорт мамандарының шаруасы жол сапарлары және байрақты бәсекелермен тығыз байланысты. Бір жарыс аяқталса, екіншісі басталады. Немесе біраз уақыт үзіліс болып, турнирлер ұйымдастырылмай, жарыстар өткізілмей қалуы да мүмкін. Ал спортшының бір орында тұрып қалуына құқы жоқ. Үнемі өз-өзін дамытып, үзіліссіз ізденуге тиіс. Кейбір балуандар бос уақытында көңіл көтеріп, апталап қызық қуамын деп спорттағы жұмысын қалай ақсатып алғанын да аңғармай қалады. Қайтадан бабына келу үшін де көп уақыт кетеді. Спортта біз біле бермейтін жағдайлар өте көп. Бес минуттық белдесудің ар жағында бес жылдық, мүмкін одан да көп уақыт дайындық тұрғанын ескеру керек.
Бапкер үшін бәрінен қиыны – өз баласын жаттықтыру. Көңілдегі қобалжу еселене түспесе, кемімейді. «Бапкерлік қызметтің барлық баспалдағынан өтіп келемін десем, артық айтқаным емес. Алайда өз туған балаңды жаттықтырудан асқан қиын іс жоқ екен. Спортта аялау да, аямау да қажет. Осы себепті баламды басқа бапкерге сеніп тапсырдым. Күресіп жүргенін сырттан бақыласам да, көруге сабырым жетпейді», – деп Асылхан Шәкірұлы ішкі сырымен бөлісті.
Саңлақтар салған сара жол
«Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын», – деген екен шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби. Спорт мамандары да өз саласының білікті, білімді тұлғаларының өмір өткелдеріне көз жүгіртіп, жеңілісінен сабақ, жеңісінен үлгі-өнеге алады.
Ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты күрес те ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. «Қазақ күресінің қалыптасуы, соңғы бір ғасырды алып қарайтын болсақ, бес кезеңнен тұрады. Жиырмасыншы-отызыншы, қырқыншы-елуінші, алпысыншы-жетпісінші, сексенінші-тоқсаныншы жылдар және ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығы деп бөлінеді. Әр кезеңнің өз ерекшелігі мен кемшілігі бар», – дейді облыстың аға жаттықтырушысы.
Төл спортымыз үшін қысы-жазы үй көрмей, балаларды жаттықтырып, жан аямай тер төккен жаттықтырушылардың ерен еңбегі балуандардың жеңісімен бағаланатынын естен шығармайық. «Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» дегендей бір бапкердің арқасында жүздеген балуан елдің атағын шығарып жүр. Жамбыл Тасеменов, Бауыржан Құлжанов, Ғалым Өркешев салып кеткен бапкерлік сара жолдан тағылым алатынын ісімен де, сөзімен де көрсетіп жүрген Асылхан Шәкірұлының жұлдызды шағы әлі алда. Даму тарихы сонау сақ дәуірінен басталатын ұлттық күресіміздің заманға сай өркендеуі боз кілемде шынығып жүрген жастардың қолында.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.