«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫСЫ – РУХАНИ БАЙЛЫҚ

Адам баласы көп жасап, көп жағдайды басынан өткергенімен, көргеннен көрмегені, білгеннен білмегені көп екені ой теңізіне бойлатады екен. Қамшының сабындай қысқа өмірімізді күйбеңмен өткізіп жүріп, айналамызда болып жатқан жағдайларға мойын бұра алмайтын кездеріміз де болады.

Аңыз-әңгімелерде әулие бабамыз Лұқпан Хакім мың жасапты деген сөз бар. Сол Лұқпан бабамыздан теңдестері:

– Сіз 1000 жыл жасадым дейсіз, сол жасыңызда не білдіңіз, не көрдіңіз? – депті.

Бұл сауалға ол:

– Мен төр үйдің есігінен өтіп, ауыз-үйдің есігінен шыққандай болдым. Көргеннен – көрмегенім, білгеннен білмегенім көп қой, – деп жауап беріпті.

Мына ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда соның ұңғыл-шұңғылын жете меңгерген білімдарлар жетерлік. Сол ғалымдардың өзі де мына жалған дүниенің сан түрлі құпияларын аша алмай, фәни дүниемен қош айтысады. Бір ғұламадан: “Сіз ұлы ғалымсыз, білмейтініңіз кемде-кем шығар?” – деген сауалға: “Менің өмірден білетінім – 0, тек бір Алла қана, дүниені Жаратушы ғана 100 пайыз біледі”, – деп ағынан жарылған екен.

Небір көсемдер де дүниеден өткен. Пайғамбар да, шешен де – Жаратушыдан басқалардың барлығы уақытша тіршілік иелері. Адам қанша білем десе де, білмейтіндері сансыз. Өмірге келген соң пендешілігімізді жасаймыз. Кең дүниеге сыймаймыз, ұрсысамыз, төбелесеміз, соғысамыз. Ғұмырымыздың аздығын, санаулы екендігін ойламаймыз. Өмірдің қысқа екенін, мәңгілік жербесікке баратынымызды ойлау – адамгершіліктің сара жолы. Көп білемін деп мақтануға жол жоқ. Егер байлығың тасып бара жатса, жетім-жесірлерге көмектес, байлық жолын қуған жандарға сара жолды көрсет, үйрет. Ел алдындағы адамгершілігің сонда өседі, абыройлы боласың. Алла түсірген Құран Кәрімнің мәңгілік қағидаларын орында, ұлылардың кейінгі ұрпақтарға қалдырған өсиеттерін өміріміздің жалғасы – жастарға уағызда.

Еліміздің дәстүрін жоғары сатыға көтеретіндер – білімді азаматтар. Көкірегінде түйсігі барлар ғана еліміздің болашағын ойлайды.

Ұлы Абай атамыз сонау ХІХ ғасырдың соңында:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды,ертегіні термек үшін

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, – деп, үлкен ойшылдығын көрсетті. Бізге, әсіресе, өскелең ұрпаққа керегі – осы үлгі ғой.

Жасым 85-ке аяқ басса да, күні бүгінге дейін кітапты рухани азығым деп есептеймін. Барған жерімде жаңа кітаптар іздейтінім де, кітап дүкендерін аралайтыным да сондықтан.

Өткен жылдың соңында, нақтырақ айтқанда, желтоқсан айында өзім студенттік өмірімді өткізген Алматы қаласында болып, танымастай өзгерген оңтүстік астананы аралап қайттым. Осы сапарымда Жан есімді немеремді қасыма ертіп алып, кітап дүкеніне де бас сұқтым. Алған он шақты жаңа дүниенің ішінде Айып Нүсіпоқасұлының 570 беттік “Тал бесіктен жер бесікке дейін” деген шығармасы да бар. Соны бас алмай оқып шықтым. Жазушының ізденімпаздығына, терең ойлылығына, қазақ халқының туғаннан өмірден өткенге дейінгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын зерттеуіне, соны дайын күйінде ұсынуына риза болдым. Осынау баға жетпес құндылықты еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін білуі, оқуы керектігін сезіндім. Бұл жинақ мұғалімдер мен тәрбиешілердің, студенттер мен оқушылардың күнбе-күн пайдаланатын қойын кітабына айналса, нұр үстіне нұр болар еді. Онда қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы ғана емес, ойын-сауықтары, халықтық тәрбиесі жайлы жан-жақты мағлұмат берілген.

Ата-бабамыз: “Балаңды бес жасқа дейін жаныңдай жақсы көр, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, бас алдырмай үйрет, он бес жастан асқан соң Бидей ақылдас!” – деп тегіннен-тегін айтпаған ғой. Осының өзі тәрбиенің әліппесі отбасынан басталатындығын көрсетіп тұрғандай. Болашаққа жол да туған шаңырақтан бастау алады.

Елбасымыз “Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында: “Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар”, – дей келіп, елімізде атқарылып жатқан шаралардың барлығы жастар үшін, солардың болашағы үшін жасалып жатқандығын атап айтты. Білім оқып, тоқудан келетіндігі белгілі. Ендеше соның құдіретті күшін балаларымыздың құлағына құя беруден жалықпағанымыз жөн.

Рахмет ЖҰСЫП,

ардагер ұстаз.

Қызылжар ауданы,

Соколовка ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp