«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МІНДЕТ — ІНДЕТТІҢ АЛДЫН АЛУ

Жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметі үстіміздегі жылы облыстың эпизоотиялық қолайлылығын және жануардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін сақтауға бағытталған ветеринариялық іс-шараларын жүргізді.

Жүргізілген жұмыстар аясында облыстағы қолда бар ауыл шаруашылығы жануарларына жоспарлы түрде сібір күйдіргісі, құтыру, эмкар сияқты ауруларға қарсы диагностикалық зерттеулер мен алдын алу мақсатында иммундау жұмыстары жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде облыс аумағында аса қауіпті аурулар таралған жоқ. Ал еліміздің басқа өңірлерінде сібір күйдіргісі мен басқа да аурулардың пайда болу жағдайы кездесті.

Эпизоотиялық жағдайды тұрақты түрде сақтауда ветеринариялық бақылауды уақтылы, сапалы әрі жүйелі жүргізудің маңызы зор. Мұны жергілікті атқарушы органдар бөлімшелерінің мал дәрігерлері мемлекеттік ветеринариялық бақылау инспекциясымен және ішкі істер органдарымен өзара тығыз байланыс жасай отырып, қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың міндеті – тексерілетін субъект өндірген және өткізген өнімнің, адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін технологиялық процестердің қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Заңнама нормаларына сәйкес ветеринариялық бақылау ішкі сауда нысандарында, жануарларды өсіру, олардан алынатын өнім мен шикізатты өндірумен, қайта өңдеу және өткізумен айналысатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың қызметінде, сондай-ақ, бақыланатын жүкті тасымалдау кезінде жүзеге асырылады.

Ветеринария саласындағы аса қауіпті, соның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың пайда болуына және таралуына әкеп соқтыруы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылаудың басты міндеті болып табылады. Жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері ағартушылық жұмыс аясында облыстық және аудандық газеттерде ветеринария мәселелері бойынша мақалалар жариялады, облыстық ветеринария басқармасының тапсырысы бойынша Қазақстан-Петропавл телеарнасы сібір күйдіргісінің алдын алу шаралары жөнінде бейнеролик дайындап, көрсетуде, өзекті мәселе жайында ақпарат жазылған буклеттер дайындалып, таратылды. Ветеринариялық мамандар тұрғындарға қолданыстағы заңнама нормаларын, ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін және бұзушылық жасағаны үшін жауаптылық жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Дегенмен, ветеринария саласында әлі де құқық бұзушылық фактілер кездесіп тұрады. Мысалы, үстіміздегі жылы жеке және заңды тұлғалардың ветеринария саласындағы заңнаманы сақтауын бақылау барысында 487 бұзушылық анықталды. Жалпы алғанда 339 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,8 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Жіберілген бұзушылықтардың көбі мал ауруларының диагностикасы, алдын алу және жою жөніндегі ветеринариялық іс-шараларға байланысты. Нақты айтсақ, осындай 189 бұзушылық анықталды. Ішкі істер органдарымен бірлесіп жүргізген рейдтер нәтижесінде ветеринариялық бақылауға жататын жүкті тасымалдау кезінде 109 құқық бұзушылық тіркелсе, оған жол берген ветеринариялық станциялардың 30 маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері жоспардан тыс 16 тексеру жүргізіп, 7 бұзушылық фактісін анықтады. Облыстың ветеринария басқармасының мамандары азаматтардың сапасыз өнім сатып алуға және көрсетіліп жатқан ветеринариялық қызметке қатысты 8 өтінішін қабылдап, тексерді.

Ішкі сауда нысандары да ветеринарлардың жіті бақылауына алынған. Есепті кезеңде ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларында 8422 сиыр, 13667 шошқа, 2957 қой және 296 жылқы еті тексерілді. 188,7 тонна сүт және сүт өнімдері, 3,2 млн. дана жұмыртқа, 5,1 тонна бал, 116 тонна балыққа сараптама жасалды. Сатуға жарамсыз деп танылған 904,4 килограмм әртүрлі өнім арнайы орындарда жойылды.

Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында сібір күйдіргісі бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты мал иелеріне мал өсіру, оның шикізаты мен өнімдерін өндіру және сату кезінде ветеринариялық заңнама талаптарын мінсіз орындау қажеттігі ескертілді. “Ветеринария туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес жануарлар, олардан алынатын өнім мен шикізат техникалық регламенттердің талаптарына сай келетін жағдайларда олардың эпизоотиялық қолайлылығы мен ветеринариялық қауіпсіздігін растайтын ветеринариялық құжаттармен бірге тасымалдануы тиіс.

Мал шаруашылығы өнімін тұтынушылар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес сапалы тауар сатып алуға және өнім туралы ақпарат алуға құқылы. Осыған байланысты тұтынушы сатушыдан сатып алынатын тауардың ветеринариялық қауіпсіздігін растайтын анықтама қағазды талап етуі қажет. Тұтынушы сапасыз мал шаруашылығы өнімін сатып алған жағдайда аудандық әкімдіктің ветеринария бөліміне, аумақтық ветеринариялық бақылау инспекциясына немесе Солтүстік Қазақстан облысының ветеринария басқармасына жеке өзі немесе 8(7152) 50-49-73, 50-16-81 телефондары бойынша хабарласуға, өтінішті басқарманың www.uprvet.sko.gov.kz ресми сайтында орналастыруға болады. Келіп түскен барлық өтініш қаралып, белгіленген мерзімде заңнамаға сәйкес шешім қабылданады.

Сергей КАЛЯКИН,

облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp